Баға мен бағам
Әлеуметтік желіні ақтарып, жер-жердің «жаңалығынан» хабар алып, түрлі ақпараттармен танысып отырғанмын. Біреу ішкені мен жегенін, біреу көргені мен барғанын жазып, суреттерін қоса жүктепті. Енді біреу «теңге мен доллардың айырмашылығы» деген айдар тағып, бір бума қазақ теңгесі мен үш-төрт Бенджамин Франклиннің суреті бар қағаз ақшаны қатар қойыпты.
Екеуі бірдей көлемдегі ақша, бірақ қағаз санындағы айырмашылық жер мен көктей. «Доллар қымбаттады» деген хабар жетсе болды, азық-түлік те, қызмет көрсету де, жанармай да бір күнде аспандап кетеді. «Сол баға доллар арзандаған кезде бұрынғы қалпына келгенін естімедік» дейді тұрғындар. Әлемдік негізгі валюталық резерв болып табылатын доллар бағамы тұрақты емес. Бірде шарықтап кетсе, бірде арзандап отырады.
Газет халықтың көзі мен құлағы, тілі болғандықтан базардағы баға байламынан сәт сайын хабар беріп, сараптап отырамыз. Осыдан бір жыл бұрын жарияланған «Баға, қайда барасың?» тақырыбындағы сараптамамызда келтірген ақпаратқа көз жүгіртіп көрелік. «Сәбіздің құны килограммына 490 теңге болса, картоптың бағасы – 250 теңгеге бір-ақ барған. Жуа – 105 теңге, өсімдік майы – 650 теңге, құс еті – 820 теңге, тазартылған күріштің 750 граммы – 280 теңге, бір бөлке наныңыз – 70 теңге. Сүт пен айран – 250 теңге, ет өнімдері – 1900-2200 теңгеге саяды. Қантыңыз – 305 теңге болса, сары майды 2700 теңгеден аласыз. Бағасы күнде құбылатын жұмыртқаның қазіргі құны – 21 теңгеден» деп жазыппыз жыл бұрын. Бұл қуаңшылық орын алып, сәбіз бен картоптың «қолжетпес байлыққа» айналған кезі еді. Көріп отырғаныңыздай, сәбіз бағасы бүгінгіден екі еседен аса қымбат. Осы аралықта баға байламы бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Соңғы дерек бойынша бүгінгі азық-түлік бағасы төмендегідей: сәбіз – 200 теңге, картоп – 210-220 теңге, жуа бағасы шарықтап 190 теңгеге бір-ақ барған. Өсімдік майының литрі үшін 770 теңге, құс еті үшін 1050 теңге төлейсіз. Күріштің килограммы – 240 теңге, нанның бөлкесі 85 теңге, дүкеннің ең арзан сүті мен айраны – 270-290 теңге, қантыңыз – 520 теңге. Тауық жұмыртқасының 10 түйірі – 260 теңгеге саяды. Бұл аудан бойынша орташа баға. Бала кезімізде ата-анамыз 100 теңге берсе, балмұздақ пен тәтті сусынға тойып, қасымыздағы құрдасымызды да жарылқап тастайтын едік. Қазіргі баға байламына қарап, өзіңіз топшылай беріңіз.
Иә, дүкенге барып «неге қымбат?» деп байбаламды сала алмайсыз. Себебі дүкенші сырттан келген бағаға сәйкес бағаны ұсынады. Бүгінде көп азық-түлік елде өндірілгенімен, бірсыпырасы сырт елдерден алынатыны бағаға тәуелді болуға апарып отыр. Жоғарыдағы есеп тек 1 литр немесе 1 келі үшін көрсетілген баға екенін ескерсек, айына отбасындағы адам санына қарай бұл бағаны қалауыңызша еселеңіз. Оны айлық табысқа шақсақ, қарапайым тұрмыстағы отбасылар үшін «былай тартсаң былай» жетпейтіні анық. Деректерге сүйенсек, аудан халқының орташа жалақы мөлшері 214 031 теңгені құрайды. Бұл тек орташа есеп екенін есте ұстасақ, оның ішінде жоғары алатындар да, төмен жалақы алатындар да бар. Бір жалақымен күн көріп, бір айлықпен түгел отбасын асырап отырған жанұяларға «сырттан қойылған» базар бағасының ауырлық етері сөзсіз.
«Жау жағадан алғанданың...» кері келіп, халық азық-түлік бағасын игере алмай жатқанда, такси құны да қымбаттап, айды аспаннан шығарғаны есімізде. «Такси бағасы тағы қымбаттады», «Қызылорда-Тереңөзек» бағытындағы қоғамдық көлік қайда?» деп жалпылай жар сала жүріп, такси бағасы бұрынғы бағаға қайтып келді. Бүгінде қала мен аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік те уақыт-уақытымен халыққа қызмет көрсетуді бастады. Бағасы қалтаға да, ойға да қонымды. Бір адамға – 300 теңге. Бірақ ауыл ішінде жүретін такси жүргізушілері де осы сомманы қағып алады. Не десек те, 47 шақырым мен аудан ішіндегі тасымалға жұмсалатын жанармай көлемі бірдей емес. Айтпақшы, бір күні кешке қалаға қарай жолға шығуы керек болған танысым бұлқан-талқан болып телефон соқты. Байқасам, күндіз 500 теңгеге апаратын такси жүргізушісі кешкі мезгіл екенін «сылтауратып» кісі басына 750 теңге сұрапты. Қажеттілігі болмаса таксиге жүгінбейтін халық ақымақ па, әлде түн бата қызмет қылғанын «міндет» қылатын такси жүргізушісі ақылды ма дейсің... Не де болса, такси құны тұрақталды дегенмен, әлі де қатаң бақылауды қажет ететін сыңайлы.
«Аудандағы жанармай құю бекетіндегі бағам бойынша АИ-92 маркадағы жанармай құны – 170 теңге, АИ-95 – 195 теңгені құрап тұр. Бұл көрсеткіш осыдан бір ай бұрын АИ-92 үшін 169 теңгені, АИ-95 үшін 190 теңгені құраған.» Бұл – былтырғы бағам. Ал 2022 жылғы мамыр айындағы есеп бойынша АИ-92/93 – 177 теңге, АИ-95/96 – 203 теңге, дизель отыны – 225 теңге. Бір жыл ішіндегі өзгерісті есептегішке салып, бағамдай беріңіз.
Айтпақшы, бір айдан кейін қаңтар айында Мемлекет басшысының үкімет алдына қойған тапсырмаларының мерзімі аяқталады. Бұл кезде Президент мұнай-газ саласындағы жұмысты реттеп, бағаның өсуін шектеу механизмін енгізуді ұсынған болатын. Халық арасында бағаның қайта көтерілуінен қауіп бар. Энергетика және экономика министрлігі әлі нақты шешімдердің жоқ екенін айтқанымен, бағаның өсуі мүмкін екенін ескертеді.
Тиісті орындардан жинақтаған ақпарат негізінде маңызды азық-түлік пен жанар-жағармай бағасына тоқталдық. Бұдан бөлек тұрмысқа қажетті заттарыңыз бар, құрылыс тауарыңыз бар, дәрі-дәрмегіңіз бар, бәрін санасаңыз, бүгуге саусақ жетпейді. Қарап отырсақ, жыл өткен сайын арзандаған тауар жоқ, қымбаттаған үстіне қымбаттап барады.
Ресми деректерге сүйенсек, бір жылдың ішінде елдегі азық-түлік бағасы 15 пайызға өскен. Тауарды таңбалау, сырттан әкелінген өнім, ауыл шаруашылығының жай-күйі мен табиғи апат, одан қалса пандемия... Осы сияқты себептер бағаның күн санап өсіп, жыл сайын құбылуына септігін тигізіп отыр. Бұл дегеніміз деградация деген сөз де емес. Уақыт ағымымен айлық жалақы, зейнетақы, шәкіртақы сияқты әлеуметтік төлемдер артып келе жатқанын айта кетейік. «Айлық артса, баға шарықтайды. Ақырында, қымбаттаған бағаға айлығың ілесе алмай қалады» деп еді бір апам ашынғаннан. Әлгі танысымның әлеуметтік желіге салған суреті, сірә, орынды ма дедім... Бірнеше жылдан кейін бір бума қазақ теңгесі бірнеше еселеніп, таразының екінші басындағы санаулы долларды әрең баспаса игі...
«Қымбат, қымбат» дегеннен әлемдік жағдай тұрақталмай баға тұрақталмасы анық. Десек те, Ұлттық экономика министрі жақында берген ақпаратында қазір теңге нығайып, жағдай тұрақталғанын айтады. Айтуларынша ұлттық валютаның құлдырауына халықтың жаппай шетел валютасын сатып алуы себеп болған. Содан теңгеге салмақ түссе, бүгінде жағдай тұрақты.
Айтпақшы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын кәсіпкерлер ретсіз өсіруге құқы жоқ екенін айта кетейік. Олай болған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңына сәйкес азық-түлік тауарларына белгіленген шекті бағаларды арттырғаны үшін айыппұл салынады. Ал сіз бағаны негізсіз өсіріп айыппұл арқалаған жергілікті кәсіпкерлер туралы естіп көрдіңіз бе?..
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Пікір 1