Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталман механизатор

Майталман механизатор

Асқарлық Марал Бекжанов – нағыз еңбек адамы. Талай жыл сов­хозда механизатор болған жанның ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтік жолы – көпке үлгі. Ауыр техниканы жүргізудің амалын тауып, бір сәтке жұмысты тоқтатпауға тырысатын майталман маманның қызметі әлі күнге сұранысқа ие. «Жұмысшы мамандықтар жылында» Марал Зарлықұлы секілді жандар құрмет төрінде болғаны дұрыс.

Болмысынан қарапайым, шаруаға мығым саналатын Марал Бекжанов техника тілін жетік меңгерген. Биыл 65 жасқа келетін ардақты азамат – отбасында 9 ағайынды. Қашанда егістік басында шаруаны ширататын механизатор совхоздың көлігін жөндеуге барынша атсалысты. 45 жыл бойы жадка тізгіндеген ел ағасы 21 жасында совхозға жұмысқа қабылданады. Содан бері егістіктегі қарбаласты еңсеріп келеді.

– Егін егуде әрбір маманның өзіндік алатын орны бар. Механизатор ретінде трактор айдап, шаруашылықта еңселі еңбек етуге тырыстық. Күн шықпастан, егістікте болатын біздер астық қамбаға құйылғанша дамыл көрмейміз. Кейде техника бұзылып, жұмыс тұралап қалады. Егін даласында әрбір уақыттың босқа кетпеуі – маңызды. Сондықтан техниканың ақауын дер кезінде анықтап, жауапкершілікті сезінеміз, – дейді майталман механизатор.

Істі біліп қана қоймай, соған сай әрекет ете алатын Марал Зарлықұлы осыдан 2 жыл бұрын зейнет демалысына шыққан. Осы күні «Мырзабек» шаруа қожалығында механизатор ретінде жастарға жол көрсетуде. Үнемі ақырын жүріп, анық басқан оның еңбегі қай кезде де еленіп келеді. Әрине, көп еңбек еткен адамға бақыт басын иіп, ырысы молая түсетіні анық.

Қырық бір жыл отасқан өмірлік жары Бибісара Құрмана­лиева­мен бірге 3 перзенттен өрбіген ұрпағына тағылымды тәрбие беруде. Сонымен қатар ел ағасы бос уақытта саят­шылыққа шығып, аң аулауды жанына серік етеді.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

01 сәуір 2025 ж. 134 0