Бензин мен дизель отынына салынатын акцизді есептеу тәртібі өзгереді
Қазақстанда нарықтағы жағдайды ескере отырып, мұнай өнімдеріне салынатын акцизді есептеу механизмін өзгерту ұсынылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.«Жоба акцизді есептеу механизмін жетілдіру және оны мұнай өнімдері нарығындағы баға конъюнктурасының өзгеруіне бейімдеу мақсатында әзірленді», делінген құжатта.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 5 желтоқсандағы №1049 Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Аталған қаулымен бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынына, газохолға, бензанолға, нефрасқа, жеңіл көмірсутектер қоспасына және экологиялық отынға салынатын акциз мөлшерлемелері бекітілген.
Егер қаулы қабылданса, өзгерістерді 2026 жылғы қыркүйекте енгізу жоспарланып отыр. Құжатты «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылау 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
Айта кетейік, Қазақстанда автомобиль бензинінің сапасына қатысты зертханалық тексеру жалғасып жатыр. Сауда және интеграция министрлігі тексеру барысында отынның зауыттан бастап жанармай құю станцияларындағы сатылым кезеңіне дейін сараланатынын мәлімдеді.









