Қызылорда облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Асыл мұра-Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2026 жылдың наурыз–маусым айлары аралығында өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамда заң үстемдігі қағидаттарын насихаттауға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді.Жоба аясында 2026 жылдың наурыз–сәуір айларында Қызылорда облысының Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, аудандық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияларының бөлімдерінде тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру мақсатында «Заң және әділет: сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ашық құқықтық кеңес» тақырыбында 7 қоғамдық қабылдау өткізілді.
Сонымен қатар, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың бойында адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыру мақсатында «Жастар және адалдық қағидаты: заң, тәртіп, жауапкершілік» тақырыбында 7 кездесу ұйымдастырылды.
Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтардың қатысуымен «Адал қоғам: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және заң үстемдігі» тақырыбында 7 семинар өткізіліп, қатысушылар арасында заң талаптарын сақтау, адалдық қағидаттарын нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
2026 жылғы сәуір айында жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру мақсатында «Өзіңнен баста» тақырыбында облыстық дебат турнирі ұйымдастырылды. Турнир барысында қатысушылар қоғамдағы әділдік, заң үстемдігі және адалдық құндылықтары жөнінде өз пікірлерін ортаға салып, өзара пікірталас жүргізді.2026 жылғы мамыр айында Қызылорда қаласындағы Президент саябағында «Заң және әділет: сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ашық құқықтық кеңес» тақырыбында қоғамдық қабылдау өткізіліп, тұрғындарға құқықтық кеңестер берілді.
Сонымен бірге жоба аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 1000 дана А5 форматындағы ақпараттық брошюра және 500 дана А4 форматындағы өздігінен жабыстырылатын ақпараттық материал дайындалып, басып шығарылды. Ақпараттық өнімдер Президент саябағында қала тұрғындарына таратылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кең көлемді ақпараттық акция ұйымдастырылды.
2026 жылғы маусым айында Қызылорда қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімінде тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мақсатында 2 қоғамдық қабылдау өткізілді.
Бүгін, 29 маусым күні, Қызылорда қаласының орталық алаңында «Пайда ойлама, ар ойла!» атты кең ауқымды ақпараттық акция ұйымдастырылды. Акция барысында қала тұрғындарына және автотұрақтардағы көлік жүргізушілеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау, адалдық қағидаттарын ұстану және азаматтық жауапкершілікті арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық материалдар таратылды.
Жоба аясында өткізілген барлық іс-шаралар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін нығайтуға және адалдық қағидаттарын кеңінен дәріптеуге бағытталды.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы мен «Асыл мұра-Орда» қоғамдық қоры алдағы уақытта да қоғамда заң үстемдігін, әділдік пен ашықтық қағидаттарын орнықтыруға бағытталған ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.







