Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Негізгі басымдық – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Негізгі басымдық – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Тереңөзек кенті мәдениет үйінде облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында, «Қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру» тақырыбында семинар өткізілді.

Аталған семинарға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас маманы Жанар Қозыбағарова, «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы  Ляззат Бақтыбаева және ауданға қарасты ауылдық округ әкімі аппараттарының сыбайлас жемқорлыққа жауапты мамандары, жастар мамандары, дербес бөлімдердің мамандары мен кент тұрғындары қатысты.

Семинар барысында департаменттің бас маманы Жанар Қозыбағарова сөз алып, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен оның орындалу барысы туралы түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдау, жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бойынша сөз қозғалды. 

Сонымен қатар, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі қызметінің негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары туралы осы ұйымның облыстық филиалының жетекшісі Ляззат Бақтыбаева айтып берді.

Ляззат Бақтыбаева семинарға қатысушы мемлекеттік органның әрбір қызметкері мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің барлық талаптарын орындауға ғана емес, сонымен бірге заңсыз әрекеттерді болдырмауға қажетті шараларды дербес қабылдауға міндетті екендігіне назарын аударды.

Шара барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мазмұндағы бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық парақшалар таратылды.
19 сәуір 2023 ж. 279 0