Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есеп-қисапқа машықтану – білгірлік

Есеп-қисапқа машықтану – білгірлік

Аудан экономикасы мен әлеуметтік хал-ахуалын талдап, нақты ақпаратпен жұмыс жүргізетін саланың бірі – статистика. Жұмысы ауқымды қызметті бүгінде бөлімдегі жауапты үш маман атқарып келеді. Жалпы деректерді саралап, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жинақтайтын мамандар қай кезде де ауданның статистикалық ақпаратын нақты әрі шынайы жүргізеді.

Аудан тарихында өзіндік орны бар статистика бөлімінде жетекші маман болып қызмет атқаратын Майра Маханбеталиева өз қызметін абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметкер ретінде жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар статист күрделі саланы ұршықша игеріп отыр.

Мемлекеттік қызметкерге тән қасиетін алдыңғы орынға қоятын маман өзі жауапты сала – ауыл шаруашылығы өкілдерімен тығыз байланыс орнатқан. Ай сайын тапсырылатын есептіліктердің уақытылы бе­рілуін қамтамасыз етіп, шаруашылық иелерімен түсіндіру жұмысын да ұқыпты жүргізеді.

– Статистика есептілігі электронды нұс­қада жасалады. Қазір кез келген шаруа қожалығы электронды кілтпен жұмыс істеуі керек. Шаруа адамы болған соң егін алқабында жүретін адаммен байланысу қиынға соғады. Дегенмен есептіліктің мерзімінде берілуіне жұмыс жасаймыз. Ауылдық округтегі мамандармен байланысып, нақты мәліметке қол жеткізіп, жинақтаймыз, – дейді өз жұмысы жайлы жетекші маман Майра Жайшылыққызы.

Тұрғындармен тіл табыса білетін, жауапкершілігі мол маман Майра Маханбеталиева аудандағы №36 орта мектепті бітірген соң алғашқы мамандығын Қызыл­орда теміржол техникумынан алады. Содан соң Қызылорда аграрлы-техникалық колледжінің «Бухгалтерлік есеп, бақылау және шаруашылық қызметін талдау» мамандығы бойынша оқиды. Жас маман ретінде еңбек жолын аудандағы жылжымайтын мүлікті тіркеу мекемесінде бастап, кейін аудандық статистика бас­қар­масының баға бөліміне жұмысқа қабылданады. Жоғары білім алу жолында Қызылорда Қорқыт ата университетінің «Есеп және аудит» факультетінде оқиды. Өз ісінің білікті маманы жылдар бойы тәжірибе жинап, саланың жұмысын ілгерілетуге атсалысуда.

– Мемлекеттік саланың жұмысында ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан жетекші маманның жұмысын жо­ғары бағалаймын. Өзіне бекітілген ауыл шаруашылығы саласының статистикалық есебін жүргізуде қателікке жол бермей, мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуде. Статист Майра Жайшылыққызы жүктелген жұмысты тиянақты орындай біледі. Есеп-қисап жүргізіп, статистика қорын жасақтайтын маман басқармада өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруда, – дейді бөлім басшысы Сейілхан Төлегенов.

Статистика мамандығы асқан жауап­кер­шілікпен атқаратын қызмет. Әрбір жұмысы есеп-қисап пен нақты көрсет­кіштен құралған қызметті маман шағын ұжымның беделін биіктетіп, сапалы ең­бек етуге бағыттайды. Ауданға қарасты Тереңөзек кенті мен елді мекеннің ауыл шаруашылығы саласының есептілік көр­сет­кішін жинақтау барысында асқан ыжда­ғаттылық танытады. Қажырлы еңбе­гімен танылған мемелкеттік қызмет­кердің жұмысы кейінгі жастарға үлгі.

Баға, туризм, білім мен денсаулық, сау­да, өндіріс, еңбек, ауыл шаруашылығы секілді бірнеше бағыт бойынша есептілік жинайтын Майра Жайшылыққызы қыз­метінде қателікке жол бермейді. Аудан­ның статистикалық көрсеткішін айқындайтын бөлімнің кәсіби маманы түрлі деңгейдегі марапатқа бірнеше мәрте қол жеткізді. «Озат статист» атағы, Мемлекеттік статистикаға 90 жыл толуы­на Құрмет грамотасы, 100 жылдығына Алғыс, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының Алғыс хаты, облыстық салалық кәсіподақ коми­теті төрағасының Құрмет грамотасы, мемлекеттік қызметшілер күніне Алғыс хат, облыс әкімінің Алғыс хаты – осынау табанды еңбектің жемісі.
Майра Жайшылыққызы өз саласының білікті маманы болумен қатар екі қыз тәр­биелеп отырған бақытты ана.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 маусым 2026 ж. 40 0