Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз ісінің білгір маманы

Өз ісінің білгір маманы

Бір ғасырдан аса уақыт бойы ел игілігі жолында қызмет етіп келе жатқан статистика саласы­ның жұмысы әркез қауырт. Қа­шанда нақты мәлімет пен шына­йы ақ­паратқа сүйенетін аталған мамандық иесі жан-жақтылық қасиетімен өзгеден ерекшеле­нуі тиіс. Тілшілік қызметте жүр­гендіктен, сан түрлі мамандық иелері жөнінде мақала жазуға оқырман қауымнан ұсыныс түсіп жатады. Бұл жолы статистика қызметін ұршықша иіретін Бақыт Үсенбева жайында қалам тербеуді алдымызға мақсат етіп қойған едік.

Үнемі жайдарлы мінезімен көпшілікпен ұғыса білетін Бақыт Үсенбаева – Қызылорда қаласының тумасы. Бала кезінен есеп-қисап саласының маманы болуды арман еткен аяулы жан осыдан 47 жыл бұрын дүние есігін ашқан. Сыр шаһарындағы №211 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте білім алған ол – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен «Экономист» маман­дығын меңгереп шығады. Ол – мектеп пен университет қабырғасында жүріп, ұстаздан алған білімін өмір жолында пайдалана біледі.

– Ең алғаш ата-ананың қалауымен «Экономист» мамандығын оқыған кезімізде статистика саласында қызмет ету ойда болмаған еді. Өмірлік жолдасым – Нұрлан Достияровпен танысып, отау құрғанымызда біршама қиыншылық орын алғаны мәлім. Отбасы болғандықтан, барлық қиындық өткінші. Негізінен, отағасы – Ақжарма ауылынан. Іңкәрдария ауылына жақын маңнан жер алып, мал шаруашылығымен айналыстық. Кейіннен, Ақжарма елді мекеніндегі әкімшілікте статистик маман ретінде жұмысқа орналастым. Бас маман Зүбәржат Арапова апайымыздың нұсқауымен, талай статистика мамандығын игеруге тырыстым, – дейді Бақыт Жиентайқызы.

Өзіне жүктелген жұмысты тиянақты орындай білген жас маманды араға 3 жыл салып, Сырдария аудандық статистика бөліміне жұмысқа шақырады. Осылайша, аудандағы нағыз есеп-қисап жүргізіп, статистика қорын жасақтайтын бөлімнің жұмысын жүргізе бастаған маман үнемі қырағылық танытады. Әр жылдары жетекші маман, бас маман қызметін атқарған Бақыт Жиентайқызы статистика саласында өзіндік қол­таң­басын қалдыруға тырысады.

– Статистика мамандығы асқан жауап­кер­шілікпен жасалатын жұмыс. Әрбір жұмысы есеп-қисап пен нақты көрсеткіштен құралған қызметті әріптесіміз Бақыт өз уақытында жетік игерген болатын. Қазіргі уақытта ұжымның беделін биіктетіп, сапалы еңбек ете білетін маманымыз барлық жағынан мақтаулы. Ауданға қарасты Тереңөзек кенті мен елді мекеннен есептілік көрсеткішін жинақтау барысында асқан ыждағаттылық керек. Бұрын барлық жұмыс қағазбен жасалатын болса, осы күні электронды форматта жүзеге асырылады. Осындай салада қажырлы еңбегімен танылған Бақыт Жиынтайқызының ұқыптылығы мен тиянақтылығына дән ризамыз. Өзінен кейінгі жастарға үлгі болып, кәсіби біліктілігін байқатып келеді, – деді аудандық статистика бөлімінің басшысы Сейілхан Төлегенов.

Құрылыс, ауыл шаруашылығы, егін, әлеуметтік сала секілді бірнеше бағыт бойынша ақпар жинайтын Бақыт Үсенбаева осы кезге дейін 2 ұлттық халық санағына қатысқан. Электронды жүйені меңгеріп, статистикалық мәліметті жедел базаға енгізетін бас маманның қызметінде қателікке жол берілмейді. Республика бойынша ауданның статистикалық көрсеткішін айқындайтын бөлімнің кәсіби маманы жоғарғы деңгейдегі марапатқа бірнеше мәрте қол жеткізген.

– Мен отбасында 3 ағайындымын. Ата-анам – қарапайым шаруа адамы. Күнделікті жұмыс пен үйдегі атмосфераны қалыпты деңгейде ұстап отырған жөн. Асылында, кәсібиліктің негізгі нышаны – көпшілікпен қарым-қатынас жасағанда білінеді. Өзіңнің мәдениеттілігіңді көрсетіп, алдына келген адамға жылы қабақ танытқан абзал. Әркез кез келген әріптеспен берік байланыс орнатып, жаңартылған мазмұндағы бағдарламаны игеріп келеміз, – дейді білікті бас маман.

Ардақты жан бізбен әңгімелесу барысында бос уақытын асханада өткізетіндігін жеткізді. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын отағасының бабын табу да тікелей міндетіне кіреді. Әрине, отанасы баласы мен немересіне ақылын айтып, өмірде өз жолын табуға барын салатыны анық. Өз кезегінде күрделі, миға салмақ түсіретін жұмыстан келгенде әрбір перзенті анасына қолдау көрсетеді. Осындай бақытты отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты жанның жұмы­сы алға баса берсін демекпіз.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 ақпан 2023 ж. 664 0