Сандарды сөйлеткен саланың маңызы айрықша
8 қараша – Қазақстанның мемлекеттік статистика күніне биыл 104 жыл. Жалпы статистика тек Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де аса маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес қабылдауда маңызды рөлдің бірін атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың маңызы айрықша. Осыдан-ақ сала қызметкерлеріне артылған міндеттің ауқымды екенін көруге болады. Бүгінде Сырдария аудандық статистика басқармасының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, жұмысты жүйелі ұйымдастыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Еліміздегі атаулы күннің тарихы сонау 1920 жылдың 8 қарашасынан бастау алған. Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған «ҚазАКСР-дегі мемстатистика туралы ережені» қабылдағандықтан, осы күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи күн ретінде белгіленіп, кәсіби мерекелердің қатарына енген болатын. Жүз жылдан астам уақыт аралығында еліміздің статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі күні еліміздің бұл саласында заң жүйесі, нарықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылуда. Жалпы статист мамандар халық саны, оның ішінде еңбекке жарамдылары, дүниеге қанша сәби келіп, қанша адамның қайтыс болғаны, өнеркәсіп орындарының өндірген өнімдері, халықты күнделікті керекті тұтыну заттарымен қамтамасыз ету, азық-түлік мөлшерінің қанша және қандай жағдайда екендігі, олардың облыстарға, аудандарға қалай бөлінетіндігі секілді бірқатар маңызды жұмыстармен айналысады.
Нақты мәлімет пен шынайы ақпаратқа сүйенетін сала мамандарының жұмысы әркез қауырт. Соған қарамастан бүгінде ауданымызда аталған сала бойынша жүйелі жоспар аясында жұмыс жақсы қарқын алуда. Сондай-ақ сала мамандары аудан өмірінің толық бейнесін айқындап, ақпараттық қор қалыптастыратын статистика саласын абыроймен орындап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келеді. Республика бойынша ауданның статистикалық көрсеткішін айқындайтын бөлімнің еңбегі орасан зор.
– Аудандық статистика бөлімі мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, инвестиция, төлем балансы, сыртқы экономика жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттарды саралап, жинақтап, қажетті әрі маңызды мәліметтермен қамтамасыз етеді. Жалпы статистика мамандарының жұмысы нақтылық пен талдаудың дұрыстығын талап етеді. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес жұмыстар сапалы әрі уақытылы атқарылып келеді. Әр маман лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес бөліп берілген есептіліктерді жинақтайды. Сонымен қоса респонденттерге телефон арқылы да кеңес беріліп отырылады. Аудан бойынша 2 интервьюер үй шаруашылығы және жұмыссыздық деңгейі бойынша ай сайын сауалнама жүргізіп отырады. Сауалнама барысында жұмыстарға үнемі бақылау жасалып, 10% үйге бақылау мақсатымен аралау жұмыстары жүзеге асырылады. Бұдан бөлек бөлім мамандарына әдептілік нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы әрдайым ескертіліп отырады. Бұл саланың өзіндік қиыншылықтары да бар. Статистика саласында қызмет ету әсте оңай емес. Себебі ауданымыздағы сандық деректердің барлығы дерлік бізден өтеді. Қай саланы алып қарасақ та, барлығы да статистикамен тығыз байланысты. Сандық деректерді жинау, оларды талдау – біздің басты міндетіміз. Әр қызметкеріміз өзіне тиісті жұмысы мен бекітілген қызметін үлкен жауапкершілікпен сапалы әрі уақытылы орындайды. Мамандарымыз күнделікті ауданымыздағы әлеуметтік, экономикалық, шаруашылық салаларында болып жатқан барлық өзгерістерді анықтай отырып, талдау жұмыстарын жүргізеді, – дейді аудандық статистика басқармасының басшысы Сейілхан Төлегенов.
Өз кезегінде ел дамуының бағдарын бағамдап, болашаққа болжам жасайтын маман иелерін кәсіби мерекемен құттықтай отыра, жұмыстарына табыс тілейміз!
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ