Ғасырлық белес
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, бүгіні мен ертеңін статистикасыз елестету мүмкін емес. Ел дамуының айнасы саналатын сала жұмысының құрылғанына биылғы жылдың 8 қарашасында 100 жыл толды. Ғасырлық белесті Сырдария аудандық статистика басқармасы зор жетістіктермен қарсы алды және алдағы міндеттері де айқын. Аудандық статистика басқармасының басшысы Сейілхан Төлегеновтің айтуынша, жүз жылдық тарихтың маңызы жоғары.
Жалпы, қандай да бір мәліметті нақтылау үшін статистика органдарының көмегіне сүйенеміз. Себебі, сала мамандары ауданның тарихына және әр жылдардағы дамуына қатысты кез келген тақырыпта нақты ақпарат береді. Ауданның қай жылы құрылғанынан бастап, шекарасының аумағы, халық саны, халық санағының қорытындылары жөніндегі мәліметтерді жинақтап, талдау және экономикалық бағытта болжам жасау – басқарманың басты міндеті.
– Қазіргі кездегі аудандық статистика басқармасының ғимараты 1976 жылы салыныпты. 1950 жылдары статистика органдарында қызмет атқарған зейнеткер Сақтаған Сәрсенов өзіне дейін Ізбасар Бақтыбаев пен Қазанғапов деген кісілердің ауданда статистика бөлімінің басшысы болып қызмет атқарғанын айтты. Ол кездері (1950 жылдары) статистика органдарындағы қызметкерлер мемлекеттік инспектор лауазымдарын иеленген, ал статоргандарды «Мемлекеттік есеп инспекциясы» деп атаған. Сала ардагері С.Сәрсенов 1960 жылдан 1983 жылдар аралығында ауданда статистика бөлімін басқарса, 1984-1985 жылдары сала жұмысына Ибрагим Оспанов жетекшілік еткен. 1986-1990 жылдары Мұзаппар Байхожаев, 1990-1999 жылдары Темірхан Сәдуақасов, 2000-2001 жылдары Әлімжан Әлібаев, 2001-2002 жылдары Гүлнар Шерімбетова, 2002-2004 жылдары Әлібек Таженов аудандағы сала жұмысын басқарған. 2004 жылдан бастап басқарма басшысы ретінде еңбек етіп келемін, – дейді қолда бар мәліметтер негізінде ақпарат берген Сейілхан Төлегенов.
Басқарма басшысы статистика органдарының 100 жылдық тарихында аудандық статистика бөлімінде еңбек еткен азаматтардың еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Қуантай Қожақов 1949 жылдан бастап 35 жыл статистика бөлімінде еңбек еткен. Ол көптеген награда, «Құрмет грамоталарына» ие болған. Сондай-ақ, 3 рет санақ өткізген ардагер-статистик Галина Давыдова 1963 жылдан бастап 1997 жылға дейін статистика бөлімінде жұмыс істеп, «Озат экономист» белгісімен, бірнеше «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сала озаттары қатарында Баян Сәдуақасованың есімі де құрметпен аталады. Ол 1970-1999 жылдары аралығында жемісті еңбек етіп, «Үздік ПЭВМ операторы» атағын алған. Ал, еңбек ардагері Кәмшат Жұмабаева 1985 жылы ұйымдастырылған облыстық операторлар конкурсында жүлделі ІІІ орынды жеңіп алған және 1986 жылы Социалистік жарыс жеңімпазы – «Үздік оператор» атағын иеленген. Майталман маман 1987 жылы аудандық Кеңеске депутат болып сайланған. Сонымен бірге, Баян Уайсова бірінші дәрежелі экономист ретінде сала жұмысының дамуына өз үлесін қосқан.
Негізі, 1950 жылдары аудандық статистика бөлімінде 4 қызметкер еңбек етсе, кейін статистика бөлімінің құрылымы өзгеріп, тек операторлардың саны 27 адамға жеткен. Бүгінгі күнде аудандық статистика басқармасында 4 мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Олар бас маман Бақыт Үсенбаева, жетекші маман Бауыржан Сарыбаев пен Майра Маханбеталиева және басқарма басшысы Сейілхан Төлегенов. Мұнан бөлек, интерьвюер Нұрсұлтан Жақсымбетов, шаруашылық қызметкері Гүлбақыт Мақашева бар. Басқарма мамандарының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы жұмысына жеміс тілейміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ