Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңқ пен абырой жауапкершілік жүктейді

Даңқ пен абырой жауапкершілік жүктейді

Аудандық мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекелеріне орай салтанатты іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудан прокурорының орынбасары Алмас Махмут, полиция бөлімінің басшысы Мақсат Беркімбаев, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, сала мамандары мен аудан тұрғындары қатысты.


Салтанатты іс-шара мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы сөз алып, халыққа қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен ел тыныштығын сақтап келе жатқан тәртіп сақшыларының еңбегіне тоқталды.


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мемлекеттік қызметшінің сапасы – бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Президент қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Ауданда мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, беделін көтеру бағытында көптеген жұмыс істеп, халыққа қызмет көр­сетуде. Сонымен бірге бүгін – ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына құрмет көрсететін күн. Тәртіп сақшылары өздерінің қызметтерінде жанқиярлық ерлік көрсетуде. Олардың қатарында жерлесіміз, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев қызмет бабында ерлікпен қаза тапты. Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл сөз бар. Қызмет бабында қайсарлық танытқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені, өз антына адал болған перзенттерін ел әрқашан құрмет тұтады. Аймақ басшысының қолдауымен сала жұмысын дамытуға нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы төрт жылда аймағымыздың полиция органдарының материалдық-техникалық ба­засын заманға сай жақсартуға облыстық бюджеттен 17 млрд 805 млн теңге, оның ішінде арнайы автокөліктермен қамтуға 4 млрд 282 млн теңге қаралып, заманауи құрылғылармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік табысталды. Ағымдағы жылдың сәуір айында 100 дана жаңа автокөлік берілді. Осындай қолдаудың нәтижесінде, тәртіп сақшылары тұрғындардың тыныш­тығы мен қауіпсіздігіне қызмет жасап, аянбай еңбек етіп келеді. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ел мүд­десі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді аудан әкімі.
Кәсіби мерекеде ауданның дамуы­на үлес қосып жүрген мемлекеттік қыз­метшілер мен қоғамдық тыныштықты сақ­тап жүрген тәртіп сақшылары облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Өз кезегінде аудан прокурорының орынбасары Алмас Махмут, полиция бөлімінің басшысы Мақсат Беркімбаев сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының еңбегін атап өтіп, зор ілтипат пен құрмет көрсетті. Арнайы мерекелік марапат ұсынып, сала мамандарының еңбегін айшықтай түсті.

Мерекелік іс-шара концерттік бағ­дарламаға ұласып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, орта­лық алаңда арнайы көрме ұйымдастырылып, жиналған жұртшылыққа таныстырылды.


«Тт» ақпарат
23 маусым 2026 ж. 37 0