Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі мемлекеттік қызметішілерді мерекемен құттықтады

Аудан әкімі мемлекеттік қызметішілерді мерекемен құттықтады

Құрметті мемлекеттік қызметшілер!

Сіздерді «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Еліміздің гүлденуі мен экономикамыздың дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің қосар үлесі ерекше.

Дамыған мемлекет тек қана тиімді және кәсіби мемлекеттік қызмет негізінде құрылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесі ұзақ қалыптасу жолынан өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негізделіп, әрбір мемлекеттік қызметші оны жүзеге асыру жолында қажырлы еңбек етіп келеді.

Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметте жаңа кадрлардың, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл қызметкерлердің елге қызмет етуде құлшынысы артып, жауапкершілігі нығая түседі.

Ауданда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшінің беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер жұмыста қарапайым, өмірде өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан ел үшін қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, зор абырой.

Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте толағай табыс тілеймін!

Құрметпен,
Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі
23 маусым 2021 ж. 485 0