Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел мүддесіне адал қызмет

Ел мүддесіне адал қызмет

Маусым айы кәсіби мерекелерге толы. 23 маусым күні қос бірдей кәсіби мереке – мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күні атап өтіледі. Мәртебелі міндетті арқалап, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан қызметкерлердің төл мерекесі аудан көлемінде лайықты түрде атап өтілді. Кеше аудандық мәдениет үйінде қос бірдей кәсіби мереке иелеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Ел тыныштығын ойлаған, ха­лық сенімін арқалаған мем­ле­кет­тік қызметшілер мен поли­ция қыз­меткерлері бұл күні абырой биі­гінен көрінді. Жауап­кершілік пен мәртебелі міндеттің, адал еңбектің күні көпшілікпен той­­ланды. Мере­келік іс-шара Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Гимні­­мен бастау алды.

Еліміздің егемен ел болып қалыптасу жолында мемлекеттік қызметтің рөлі орасан болса, тұғырлы тәуелсіз мемлекет төрін­дегі айбынды елдің қорғаны – полиция. Бұл ретте, биыл Қазақстан полициясына 33 жыл толып отырғанын айтып өту орынды. Мере­келік іс-шараның алғысөзі аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа беріліп, марапаттау салтанатымен жалғасын тапты.

– Мемлекет пен қоғамға қыз­мет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Еліміздің гүлденуі мен эко­номикамыздың дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің қосар үлесі ерекше. Дамыған мемлекет тек қана тиімді және кәсіби мем­лекеттік қызмет негі­зінде құрылады. Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасу жолынан өтіп, жаңа кезеңге қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мемлекеттік қызметшінің сапасы – бүкіл елі­міздің сапасы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызмет бұл – жоғары лауазымға ие болу емес. Мәселе – мансап емес. Мәселе – мемлекетімізге, халқымызға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші болу антқа адал болу деген сөз» деп атап өтті. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланыс­ты Президент қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керек­тігін атап көрсетті. Ауданда мем­лекеттік қызметшілер мем­лекеттік қызметтің сапасын арттыру, беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жасап, ха­лыққа қызмет көрсетуде. Біз үшін елге қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, үлкен абырой.

Сонымен бірге бүгін – ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына құр­мет көрсететін күн. Тәртіп сақ­шы­­ларының кәсіби қызметі – зор жауап­кершілігімен, қиындыққа тө­­теп беретін төзімділігімен ерекше құнды. Қазақстан полициясы еліміздің қоғамдық қауіпсіздігінің, тәртіпті қамтамасыз ету мен сақтаудың, қылмысқа қатаң талап қоюмен қатар қабілеттілігі мықты мемлекеттік жүйе болып табылады. Тәртіп сақшылары өздерінің қыз­меттерінде жанқиярлық ерлік көрсетуде. Олардың қатарында, жерлесіміз, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев қызмет бабында ерлікпен қаза тапты. Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл сөз бар. Қызмет бабында қайсарлық танытқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені өз антына адал болған перзенттерін ел әрқашан құрмет тұтады, – деді аудан басшысы.
Одан кейін кезек мерекелік марапаттау салтанатына беріліп, арнайы номи­нациялар мен марапаттар үздік қызметкерлерге табыс­талды. Салтанатты іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағ­дар­ламасымен жалғасын та­уып, көрер­менге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

24 маусым 2025 ж. 233 0