Мемлекеттік қызметшілер және қазақстан полициясы күні аталып өтілді
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекелеріне орай салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шара басталмас бұрын аудан басшысы халық қалаулыларымен бірге полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, еске алу рәсіміне қатысты.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі халыққа қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен ел тыныштығын сақтап жүрген тәртіп сақшыларының еңбектеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір мемлекеттік қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Сіздер ел игілігіне қызмет етудің озық үлгісін көрсетесіздер деп сенемін» деп атап өтті. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Президент қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Ауданда мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жасап, халыққа қызмет көрсетуде. Біз үшін елге қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, үлкен абырой.
Сонымен бірге, бүгін – ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына құрмет көрсететін күн. Тәртіп сақшыларының кәсіби қызметі – зор жауапкершілігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен ерекше құнды. Тәртіп сақшылары өздерінің қызметтерінде жанқиярлық ерліктер көрсетуде. Олардың қатарында жерлесіміз, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев қызмет бабында ерлікпен қаза тапты. Қызмет бабында қайсарлық танытқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені, өз антына адал болған перзенттерін ел әрқашан құрмет тұтады. Қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуде басқа да батыр ұлдарымыз жетерлік. Олар ел қорғаны болуда үлкен ерліктер көрсетіп жүр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кәсіби мерекеде ауданның дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметішлер мен қоғамдық тыныштықты сақтап жүрген тәртіп сақшылары облыс, аудан әкімінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облыстық департаментінің, облыстық полиция департаментінің «Алғыс хатымен» және «Қызмет» мемлекеттік және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама ұсынылды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі