Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті перзенттің қорғаны

Жеті перзенттің қорғаны

Тәңірі көтере алатын адамға ауыртпалық беретіні жасырын емес. Әсіресе қиындықтан тайсалмайтын жандар төзімді келеді. Тағдыры үшін өзгеге шағым айтып көрмеген жандар арасында әрбір жасаған ісі қарапайым болып көрінгенімен, нағыз жанкештілік саналатын жалғызбасты әкенің еңбегі бар. Кейіпкеріміз Болат Бекжанов Асқар Тоқмағанбетов ауылында тұрады. Биыл 56 жасты еңсеретін Бөкең осыдан 5 жыл бұрын сүйген жары Алтынайдан қапияда айырылып қалды.

Әкенің арқалаған аманаты – жауап­кершілік. Жеті бірдей перзентін өсіріп жеткізген ардақты азамат сүйген жарынан көз жазып қалғанда кішкентайы Сымбат әлі мектепке бармаған еді. Үнемі дамылсыз күн­дерді өткізетін Болат Зарлықұлы тағдырына еш уақытта шағым айтқан емес. Әке болу – бір бөлек, ал ана мен әкенің орнын қатар басу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өмірінде тосын жағдайды салқын­қандылықпен қабылдаған азамат осы сыннан сүрінбей өтті. Балаларының қуанышын өз қуанышына айналдырып, уайымын бірге көтерді. Таңның атысы мен күннің батысы еңбекпен өріліп жатты. Бірде бау-бақшаның бабын келтіріп, енді бірде қорадағы малдың қамын жасап жүреді. Қай еңбектің де қадірін білетін ол адал маңдай термен отбасының ырысын тауып келеді. Бүгінде жеті баласының үшеуі тұрмыс құрып, өз алдарына отау тікті. Әкенің ақ тілеуі мен тәрбиесінің жемісі осы емес пе? Балаларының әр жетістігі Болат ағаның төгілген тері мен төзімінің өтеуі секілді.

Болат Зарлықұлы бау-бақша егудің, жеміс ағашын отырғызудың шебері. Өмірде көзге көрінбейтін ерліктер болады. Олар жайлы дабыралап айтылмайды, марапат та берілмейді. Бірақ сондай ерліктің бірі – тағдырдың тауқыметіне мойы­май, балапандары үшін өмір сүріп келе жатқан жалғызбасты әкенің жан­кешті еңбегі.

– Адам баласы тағдырдың қан­дай сынақ дайындап тұрғанын ешқа­шан білмейді екен. Осыдан бес жыл бұрын өмірлік серігімнен айырылғанда дүнием астаң-кестең болып кеткендей болды. Бірге өткіз­ген жылдарымыз, ортақ арманымыз, балаларымыздың болашағы үшін құрған жоспарымыз көз алдымнан өтті. Бірақ қанша қиналсам да, балаларымның алдында еңсемді түсіруге болмайтынын түсіндім. Себе­бі олар маған қарап бой түзейді, менен күш алады. Жарықтық Алтынай екеуміз жеті бала тәрбиелеп өсірдік. Баланың қуанышы мен уайымын бірге бөлісіп, бар өмірімізді олардың болашағына арнадық. Жарым өмір­ден өткен соң, балаларымның тәрбие­сі мен амандығы түгелдей менің мойныма жүктелді. Сол кезде «балаларымды қатарынан қалдыр­маймын, ешкімнен кем қылмаймын» деп өзіме серт бердім. Әрине, ана орнын ешкім баса алмайды. Балалар да аналарына деген сағынышын жүректерінде сақтайды. Бірақ әке ретінде оларға мейірім де, қамқор­лық та көрсетуге тырыстым. Кейде әкелік қаталдық керек болса, кейде аналық мейірім қажет болатын сәт кездеседі. Осындай өмір мектебі маған көп нәрсені үйретті. Мен өмір бойы адал еңбек еттім. Бау-бақша өсірдім, мал бақтым, құрылыс жұмысын істедім. Қол қусырып отыруды білмеймін. Еңбек адамды жаман ойдан алыстатады. Қиындықтың бәрін еңбекпен жеңуге болады деп есептеймін. Бүгінде балаларымның өсіп-жетіліп, өз жолдарын тауып келе жатқанын көргенде көңілім марқаяды. Қыздарымның тұрмысқа шығып, өз шаңырақтарының түтінін түтетіп отырғаны – мен үшін үлкен бақыт. Мен өзімді батырмын деп айта алмаймын. Тек әр әке сияқты балаларының амандығын ойлап, солар үшін еңбек етіп келемін. Өмірде қандай қиындық кездессе де, адам үмітін жоғалтпауы керек. Алла берген әр күнге шүкіршілік етіп, маңдай теріңмен еңбек еткенде ғана береке болады. Бүгінгі бар тілегім – балаларымның аман болып, елге сыйлы азамат атануы. Менің көрген қиындығымды олар көрмесе екен деймін. Әке үшін баласының бақыты мен амандығынан артық байлық жоқ. Сол себепті бар ғұмырымды ұрпағымның болашағына арнадым және оған ешқашан өкінбеймін, – дейді Болат Бекжанов.

Ел сыйлаған Бөкен бүгінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жұмыс жасайды. Жұмыстан тыс уақытта балалардың күтімінен бөлек, бауырларына болысады. Айтпағымыз, өзінің ізінен ерген бауырларына арнайы жер ашып, бау-бақша егуге жағдай жасайды. Бар мақсаты – перзенттеріне қиындық көр­сетпеу, ауыртпалықты сездіртпеу. Ұлдары үзеңгіге аяқ салып отыр. Ал кішкентай Сымбат бүгінде мектепке барып, бос уақытында әкесінің жанынан табылады.

Үй шаруасына мығым ардақты аға алдағы уақытта қарашаңыраққа келін түсіріп, балаларының ба­қытты болатына бек сенеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 маусым 2026 ж. 79 0