Отбасындағы ата-ананың рөлі
Сырдария ауданының әкімдігі мен аудандық «Қоғамдық келісім» КММ-сі бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Отбасындағы ата-ананың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Басқосуға «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Д.Кәрібайұлы, облыстық «Аналар» кеңесінің төрайымы, қалалық мәслихат депутаты А.Нәжмадинқызы, ардақты аналар, ақсақалдар, ауданның зиялы қауым өкілдері, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, ауданның белсенді этнос өкілдері, құқық қорғау саласының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев ашып, жүргізіп отырды. Келелі жиын барысында отбасындағы ата-ананың рөлі, мектептегі білім мен тәрбиенің ұштасуы, қазіргі таңдағы жастар мен жасөпірімдер арасындағы проблемалық мәселелер талқыланды.
Дөңгелек үстелде «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Д.Омаров пен облыстық «Аналар» кеңесінің төрайымы А.Мұсабаева сөз сөйлеп, келелі ойларын ортаға салды.
– Адамгершілік негізі – ізгілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Жас шыбық қалай иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бейім болатыны баршамызға аян. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор, – деді Дәулет Омаров.
– Баланы өмірге бейімдеуде ата-ана тәрбиесінің артында ұлт тәрбиесі, мемлекет тағдыры жатады. Осы бағытта отбасы тәрбиесімен қатар оқу орындарының, ондағы ұстаздардың ықпалы мен орны қашанда айрықша. Ата-ана мен әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайдың нәтижесінде ғана тәлім-тәрбиедегі көрегенділік пен жарасымдылық, үйлесімділік пен бірізділік орын табатын үрдіс болып шығады. Сайып келгенде, баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Бүгінгі қоғамда да жастар тәрбиесіне деген көзқарас өте ерекше, олардың тағдыры болашақпен, қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Одан бөлек биылғы жылы әкелер күнін екінші рет атап өткелі отырмыз. Бұл атаулы күннің мәні де құндылығы да жоғары. «Бір әкенің берген тәрбиесін мың мектеп бере алмас» деген мағыналы сөз бар. Иә, расында отбасында, әсіресе, бала тәрбиесінде әкенің рөлі өте жоғары. Әке – асқар тау, отбасының тірегі, асыраушысы, қорғаны. Өкінішке орай қазіргі қоғамда әкенің рөлі айтарлықтай төмендеген. Олай деуге себеп оның отбасындағы орнын табысы мен беделі анықтайтын болған. Бұрындары қазақ отбасында әкені ерекше құрметтеген. «Әкең келе жатыр» деген сөздің өзі тәрбиелеудің бір түрі еді. Бір ғана қарапайым сөз, ал оның астарында қаншама тәрбие, құрмет, сыйластық бар. Міне, сол тәрбиенің қазір жоқтығынан әкенің беделі мен рөлі төмендеп кеткен. Сол себепті ұлықты ұл мен қылықты қыз тәрбиелеу үшін отбасындағы әкенің рөлін арттырып, сонымен жүйелі жұмыс жасау қажет, әсіресе үйдегі аналарымыз. Қазақ халқы «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен, отбасын, елді, дінді, барлығын ұстап тұрған, – деді Айгүл Мұсабаева.
Сонымен қатар аудандық «Аналар» кеңесінің төрайымы, ауданның «Құрметті азаматы» Балшекер Өтегенова аудандағы балалар мен жастарға тәрбие беру, отбасы құндылығы, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытында жасалып жатқан игі істерге тоқталып өтті.
Тағылымы мол, құндылығы мен тәрбиелік маңызы бар ой-пікір айтылған іс-шара соңында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-і тарапынан бірқатар ауданның белсенді этнос өкілдері марапатталды.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ