Бала тәрбиесі қоғам өмірінен тысқары қалмайды
Елімізде 17 жасқа дейінгі 6,9 миллион бала тұрады. Бұл республика халқының жалпы санының 33,6 пайызын құрайды. Айта кетейік, республика аумағындағы барлық мектепте 3,9 миллионға жуық оқушы білім алуда. Ал балабақшада 1 миллионнан астам бала бар. Колледжде 556 мың жасөспірім білімін жетілдіруде. Жекелеген сандарды тегіннен-тегін сөйлетіп отырған жоқпыз. Қазіргі уақытта бала тәрбиесіне қатысты мәселе жиі көтеріліп келеді. Елімізде құқықбұзушылыққа жол беретін жастар қатары көбейіп, кейбір ата-ана дәрменсіз күй кешіп отыр. Отбасындағы тәрбиенің өзектілігіне бей-жай қарамай, оның салдарын саралауға кезек берейік.Қамысты бос ұстасаң...
Таразының екі басында тұрған қос тараптың маңызды рөлін айқындап алған дұрыс. Яғни сотқар бала мен құқығы тапталып, зәбір көрген жәбірленушіге қатысты қоғам өмірінде кездесетін бірнеше қарама-қайшы фактор бар. Біздің айтпағымыз – кей жағдайда бір баланың сотқарлығы, тәртіп бұзуы немесе әдейі жасаған әрекеті екінші баланың құқығының тапталуына, оның жәбір көруіне себеп болады. Сондықтан сотқар бала мен жәбірленуші арасындағы байланысты түсіну – құқықтық тәрбиенің маңызды бөлігі.
Сотқар жеткіншек – қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын, өзгелердің құқығы мен мүддесін ескере бермейтін бала. Мұндай балалар қатарластарын мазақтауы, қорқытуы, ұрып-соғуы немесе олардың заттарына зиян келтіруі мүмкін. Кейде мұндай әрекеттер ойын ретінде қабылданғанымен, оның салдары өте ауыр болуы ықтимал. Ал жәбірленуші – өз құқығы бұзылған, моральдық немесе физикалық зиян шеккен жеткіншек. Ол қорқынышқа, күйзеліске ұшырап, өзіне деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Әсіресе мектеп ортасында орын алатын әлімжеттік пен келемеждеудің баланың психологиялық дамуына кері әсері зор.
Елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызмет атқарады. Бұл міндетті мемлекеттік саясат саласында тәжірибесі мол маман Динара Зәкиева жүзеге асырып келеді. Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – кез келген мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылған. Бұл институт балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, бала құқықтарын қорғауға қатысты заңнамаларға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес жүзеге асырады. Уәкілдің басты мақсаты – әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруіне, білім алуына, денсаулығын сақтауына және толыққанды дамуына жағдай жасау. Өз қызметі барысында уәкіл мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнамаларды жетілдіруге, отбасы институтын нығайтуға және балалық шақты қолдау жүйесін дамытуға үлес қосады. Уәкіл қызметінің негізгі қағидаты – заңдылық, тәуелсіздік, қолжетімділік, бала мүддесінің басымдығы, объективтілік және жариялылық. Бұл қағидаттар әрбір баланың құқығының қорғалуына және олардың мәселелерінің әділ шешілуіне негіз болады.
Қазіргі қоғамда балалардың құқықтарын сақтау мен қорғау мәселесі ерекше маңызға ие. Сондықтан жекелеген ата-ана, мұғалім, мемлекеттік мекеме мен қоғамдық ұйым бала құқықтарын қорғау ісінде бірлесе әрекет етуі қажет. Өйткені әрбір баланың бақытты балалық шаққа, қауіпсіз өмірге және жарқын болашаққа құқығы бар.
Жақында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желіде жазба жариялап, бала – ең жоғары құндылық екенін, ал балаларға қамқорлық жасау – мемлекеттің басты басымдығы екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларды қорғау және қолдау мәселелеріне әрдайым ерекше көңіл бөледі. Әр баланың өмірі маңызды, оның құқықтары, әл-ауқаты мен қауіпсіздігі мемлекет қорғауында. Осы мақсатта елімізде барлық қажетті заңдар қабылданып, арнайы қызметтер құрылды және әлі де құрылып жатыр.
Әрқайсыңыз балалардың қорғаушысы бола аласыздар. Ең бастысы – өзіңізге немесе басқа балаға көмек қажет болған жағдайда бұл туралы айтуға және хабарлауға қорықпаңыздар. Балаларды қорғау саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – 2024 жылдан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде әр өңір әкімдігінің құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының құрылуы. Олардың құрылуы мен қызметтері «Бала құқықтары туралы» заңда бекітілді. Барлық қажетті рәсімдер өтіп, қаулылар қабылданды, құрылым мен штат қалыптастырылып жатыр. Бұл – балаларды қорғау саласы үшін үлкен жетістік. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар жүйесінде балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын жеке құрылым болған жоқ. Осыған байланысты біз сіздерді өңірлік Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларымен таныстырып, пайдалы ақпаратпен бөліскіміз келеді», – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.
Қазіргі уақытта бала тәрбиесіне байланысты Сырдария ауданында елеулі жұмыс атқарылуда. Түнгі мезгілде арнайы рейд ұйымдастырылып, жүйелі іс-шара жүргізілуде. Аудан әкімдігі аппараты, білім бөлімі, полиция бөлімі және Жастар ресурстық орталығының мамандары бірлесе атқарған іс-шаралардың нәтижесінде құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде.
– Менің қызметтік аумағыма қарасты Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин ауылы мектептері мен Аграрлық-техникалық колледж студенттері арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жасалуда. Жас ұрпақтың құқығы мен заңды мүддесін қорғау – қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда білім беру ұйымында оқушылар мен студенттерге құқықтық тәрбие беру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және заң талабын түсіндіру бағытының маңызы зор. Тәжірибе көрсеткендей, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда ата-ана, мектеп әкімшілігі, сынып жетекшісі және құқық қорғау органының бірлескен жұмысы жақсы нәтиже береді. Баланың тәрбиесіне немқұрайлы қарамау, оның ортасына, қызығушылығына және бос уақытын өткізуіне көңіл бөлу көптеген құқық бұзушылықтың алдын алады. Әрбір оқушы мен студент өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндеті мен жауапкершілігін де түсінуі қажет. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, үлкенге ізет, кішіге қамқор болу – саналы азаматтың басты қасиеті. Алдағы уақытта да білім беру ұйымдарымен бірлесіп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың, буллингтің және келеңсіз жағдайдың алдын алу бағытындағы жұмыс жалғасын табатын болады, – деді аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Гүлстан Жұмабек.
Аудандық білім бөлімі тарапынан бала тәрбиесіне қатысты бірқатар іс-шара атқарылуда. Ұлағатты ұстаздың басым бөлігі балаға білім берумен қатар оның тәрбиесіне де жіті көңіл бөледі. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деген тәмсіл бар. Мұндайда мұғалім, ата-ана және бала арасындағы берік байланыс үзілмеуі тиіс. Осы ретте аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып жоғарыдағы мәселеге қатысты статистикалық мәлімет келтіре отырып, атқарылған жұмыстарды саралап айтып берді.
– Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – білім беру ұйымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта Сырдария ауданында ауқымды жоба атқарылып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша қолайсыз 2 отбасында тәрбиеленіп жатқан 9 оқушының және өгей әкемен тұратын 61, өгей анамен тұратын 18 оқушының жағдайы тұрақты бақылауда. Аталған отбасыларға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия тарапынан зерделеу жұмысы жүргізіліп, тұрмыстық жағдайы зерттеліп, тиісті акті толтырылды. Балалардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында да нақты жұмыс атқарылуда. Бүгінгі күні 63 оқушы мектепішілік есепке алынып, тұрақты бақылауға алынған болса, полиция бөлімінің есебінде 1 оқушы тіркелген. Бұл балалармен білім беру ұйымдары, ата-аналар және құқық қорғау органдары бірлесіп профилактикалық жұмыс жүргізуде. Оқушының қатысуымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыптары оқу-тәрбие үдерісіне енгізілген. Жоспарға сәйкес, білім алушыларға жол қозғалысы ережелерін меңгертуге бағытталған 106 тәрбие сағаты өткізілді. Аудандық прокуратураның тапсырмасы негізінде барлық білім беру ұйымында арнайы жол қауіпсіздігі бұрышы мен кабинеті жабдықталды. Оқушылардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында сырт киімі мен мектеп сөмкелеріне жарық шағылыстырғыш элемент жапсыру жұмысы да ұйымдастырылуда. Балалардың жазғы және күнделікті қауіпсіздігі де басты назарда. 2025-2026 оқу жылынан бастап білім бөлімі тарапынан су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Білім беру ұйымдарында жауапты мамандар айқындалып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп ата-аналар мен оқушыларға судағы қауіпсіздік қағидалары, алғашқы көмек көрсету тәртібі және рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі туралы түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Заң және тәртіп» бағыты аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен 125 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 6697 оқушы қатысты. Бұл іс-шараның басым бөлігі оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын құрметтеуге және жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Аудандық прокуратура, полиция қызметкерлері, ата-аналар қауымы және Әкелер кеңесінің мүшелерін тарта отырып, оқушылардың түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүруінің алдын алу мақсатында тұрақты рейдтік жұмыс ұйымдастырылып келеді. Оқу жылы басталғалы бері 1200-ге жуық түнгі рейд жасалып, профилактикалық түсіндіру өткізілді. Баланың қауіпсіздігі мен тәрбиесі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан білім беру ұйымдары, ата-аналар, құқық қорғау органдары және қоғам өкілдері бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына толық жағдай жасай аламыз, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.
Әке көрген...
Жақында Сырдария ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілді. Жиында бала тәрбиесі, оның интернеттегі қауіпсіздігі, жүріс-тұрысы, құқық бұзушылықтың алдын алу және бос уақытын тиімді пайдалану мәселелерінде бірінші кезекте ата-ананың жауапты екені кеңінен талқыланды. Бүгінде отбасындағы бала тәрбиесінде әке тағылымының маңызы зор. Халқымыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаған. Бұл нақыл сөз баланың ата-анасына қарап өсетінін аңғартады. Әке баласына ең алдымен еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің, батылдықтың және адалдықтың үлгісін көрсетеді. Баланың бойында ерік-жігердің қалыптасуына, қиындыққа төтеп бере білуіне әке тәрбиесінің әсері мол.Әкенің міндеті тек отбасының материалдық жағдайын қамтамасыз етумен шектелмейді. Ол баласымен сырласып, ақыл-кеңес беріп, өмірлік бағыт-бағдар көрсетуі керек. Баланың жетістігіне қуанып, қиын сәтінде қолдау білдіру арқылы әке мен бала арасындағы сенім нығая түседі. Мұндай қарым-қатынас баланың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне мүмкіндік береді. Қазіргі қоғамда кейбір ата-ана күнделікті жұмыстың қамымен балаларымен жеткілікті уақыт өткізе алмай жатады. Алайда бала үшін әкенің жанында болуы, оның жылы сөзі мен қамқорлығын сезінуі өте маңызды. Әкенің тәрбиесін көріп өскен бала үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге қамқор болуды және өз ісіне жауап беруді үйренеді.
Бұдан бөлек, түн ұйқысын төрт бөлген ананың ақылы жанға азық екенін ұмытпаған абзал.
– Бала тәрбиесі – әрбір ата-ананың ең басты міндеті әрі үлкен жауапкершілігі. Халқымыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Баланың бойындағы жақсы қасиет ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан әке ретінде мен бала тәрбиесіне ерекше мән беру қажет деп есептеймін. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің азаматы. Оның тәрбиелі, білімді, еңбекқор болып өсуі ата-ананың берген тәліміне байланысты. Әке баласына тек ақыл айтып қана қоймай, өз ісімен де үлгі болуы керек. Бала үлкеннің әрбір әрекетіне назар аударады. Сондықтан адалдықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты алдымен өзіміз көрсетуіміз қажет. Қазіргі уақытта баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды кітап оқуға, спортпен айналысуға, өнер мен білімге баулу маңызды. Баламен ашық сөйлесіп, оның ойын тыңдап, дұрыс бағыт-бағдар беру де ата-ананың міндеті. Бала ата-анасының қамқорлығы мен қолдауын сезінгенде ғана өзіне сенімді болып өседі. Отбасындағы сыйластық пен татулық та бала тәрбиесіне оң әсер етеді. Әке мен ананың бірлігі, өзара құрметі балаға жақсы өнеге болады. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, оның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуі тиіс. Менің ойымша, тәрбиелі ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы. Баламызға дұрыс тәрбие беру арқылы біз қоғамның да, мемлекеттің де болашағын қалыптастырамыз. Өз басым Қоғалыкөл ауылында бірнеше жыл білім ошағын басқардым. Сонда отбасында бала тәрбиесіне көңіл бөлуде әкенің жауапкершілігі зор екенін айтып келдім, – деді ұзақ жыл бойы білім саласында басшылық қызмет атқарған Сламбек Қаюпов.
Ұлттық тәрбиеде де әкенің орны ерекше. Әкелер ұрпағына ата-баба дәстүрін, елдік пен ерліктің өнегесін үйретіп отырған. Ұл бала әкесінен ер азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірсе, қыз бала әкесінің қамқорлығы арқылы ер азаматты құрметтеуді үйренеді. Сондықтан әке тәрбиесі – ұлт тәрбиесінің маңызды бөлігі.
Әке – отбасының алтын діңгегі, ал әке тәрбиесі – баланың болашақ өмірінің берік іргетасы. Баланың саналы, тәрбиелі, елін сүйетін азамат болып қалыптасуы көбіне әкенің берген өнегесі мен тәліміне байланысты. Әке беделі биік болған отбасында тәрбие де берік, ұрпақ та өнегелі болады.
Кітап оқу – уақытты тиімді пайдалану
Қазіргі уақытта қоғам өмірінде кибер гигиена деген ұғым пайда болды. Яғни, адамның интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдыңғы орынға шығып отқаны мәлім. Осы күні интернеттің арбауына түсіп, бос уақытын тиімді пайдалана алмай жастар қатары жеткілікті. Бұған ата-ана да алаңдаулы.
Бүгінде бос уақытында кітап оқитын бала жоқ дейміз. Бірақ балалар кітапханасына баратындар да баршылық. Сырдария ауданындағы балалар кітапханасында жаз мезгілінде де баланың шығармашылық әлеуетін арттыруға байланысты көптеген іс-шара өткізіледі. Балалар кітапханасының меңгерушісі кішкентай оқырмандарды кітапқа баулу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Балалар кітапханасы – жас ұрпақтың рухани дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне және кітап оқуға деген қызығушылығының артуына ықпал ететін маңызды мәдени-ағартушылық орталық. Біздің басты мақсатымыз – балаларды кітаппен достастырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолайлы орта қалыптастыру.
Бүгінгі таңда кітапханамыздың кітап қоры 40 768 дананы құрайды. Бұл қор балалардың жас ерекшеліктеріне сай көркем әдебиеттермен, танымдық басылымдармен және мерзімді баспасөз материалдарымен толықтырылып келеді. Есепті кезеңде кітапханаға 1328 тұрақты оқырман тіркеліп, 17 134 келушіге қызмет көрсетілді. Оқырмандарға жалпы саны 22 774 кітап берілді. Бұл көрсеткіш баланың кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартады. Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында кітапханамызда «Фантазия» шығармашылық үйірмесі мен қуыршақ театры жұмыс істейді. Бұл үйірме жас оқырмандардың қиялын дамытып, өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Есепті мерзімде кітапханада сан түрлі бағыттағы 41 мәдени-көпшілік іс-шара өткізілді. Аталған іс-шаралар балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Кітапхана – тек кітап алатын орын емес, ол баланың ой-өрісін дамытатын, шығармашылығын шыңдайтын және тұлға болып қалыптасуына әсер ететін рухани орта. Алдағы уақытта да жас оқырмандарымыздың сапалы білім мен тәрбие алуына өз үлесімізді қоса беретін боламыз, – дейді балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлдана Әбенова.
Қазіргі ақпараттық технология дәуірінде балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осы орайда балалар кітапханалары түрлі инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жас оқырмандарды кітап әлеміне тартуға күш салуда. Кітапханаларда ұйымдастырылатын көрмелер, әдеби сағаттар, ертегі оқу кештері мен шығармашылық кездесулер балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырады. Кітап оқу – баланың сөздік қорын молайтып қана қоймай, оның ойлау қабілетін, шығармашылық қиялын және тіл мәдениетін дамытады. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар балаларды ерте жастан кітап оқуға баулып, кітапханамен тығыз байланыста болғаны жөн.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










