Мемлекеттің басты нышаны – рәміздер
Елімізде 4 маусым күні ҚР Мемлекеттік рәміздері күні аталып өтіледі. Бұл – еліміздің егемендігі мен тұтастығын айқындайтын қасиетті нышандарымыз – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұранның ресми түрде қабылданған тарихи күні. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітіліп, жас мемлекеттің тарихында жаңа белес бастау алды.Мемлекеттік рәміздер – тек ресми белгілер емес, олар – елдің рухани болмысы, тарихи жады, ұлттық бірегейлігі және болашаққа деген сенімінің көрінісі. Көк Туымыз – бейбіт аспан астындағы еркіндік пен бірліктің символы болса, Елтаңба – халқымыздың терең тарихын, мәдени мұрасын, шаңырақтың беріктігін және мемлекеттің тұтастығын бейнелейді. Ал, Әнұран – ел рухының асқақ үні, әрбір азаматтың жүрегіне патриоттық сезім ұялататын қасиетті әуен санатында.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдап, онда мемлекеттік рәміздерге ерекше құқықтық мәртебе берілді. Құжаттың 16-тармағында мемлекеттік рәміздер – герб, жалау, гимн – қасиетті нышандар ретінде танылып, оларды қорлау заңмен жазаланатыны нақты көрсетілді. Осы тарихи құжаттан кейін тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін әзірлеу және бекіту жұмыстары басталды. Нәтижесінде, 1992 жылы 6 маусымда Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында жаңа мемлекеттік рәміздердің салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл тарихи сәтке рәміз авторлары, қоғам қайраткерлері және мемлекет өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, тарихи оқиға 21 мәрте зеңбірек атысымен айшықталды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік нышандары ресми түрде өмірге келген ұлы сәт болатын. Кейінгі жылдары бұл жүйе толықтырылып, 2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Әнұран ретінде ресми түрде бекітілді. Анығында, мемлекеттік нышандар – ұлт рухының, ел болмысының және халық бірлігінің айқын көрінісі. Олар халқымыздың сан ғасырлық тарихын, ерлік дәстүрін, арман-мұратын және болашаққа деген сенімін бейнелейді.
Сырдария ауданында мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың қолданылуын қамтамасыз ету және халықтың патриоттық рухын арттыру мақсатында жүйелі жұмыс атқарылуда. Аудан әкімдігі жанынан мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Тұрақты түрде комиссия отырыстары өткізіліп тұрады. Өткен жылы мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 8 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 200-ге жуық ақпараттық жазба таратылды. Бұл жұмыстар қоғамда патриоттық сананы қалыптастыруға бағытталған.
2025 жылы жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, ауданға қарасты барлық мемлекеттік мекемелер мемлекеттік рәміздермен толық қамтамасыз етілді. Рәміздердің жай-күйі тұрақты бақылауда болып, бірнеше мониторингтік зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде, анықталған кемшіліктер дер кезінде жойылды. Мұндай бағыттағы жұмыстарды аудан әкімдігінің қолдауымен қоғамдық даму бөлімі жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында аудан аумағында бірқатар маңызды іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, «Менің Туым – менің мақтанышым» атты эссе жазу және сурет салу байқауы, Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі, марафон және веложарыс, бір мезгілде Мемлекеттік Әнұран орындау акциясы ұйымдастырылды.
Бұл іс-шаралар жастардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз Қазақстанның ең қастерлі құндылығының бірі. Олар – елдіктің, егемендіктің және ұлттық бірліктің мәңгілік нышаны. Еліміздің басты нышанын құрметтеу, насихаттау және жас ұрпақ бойында патриоттық сезімді қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар бұл бағыттың тұрақты түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден










