Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазғы тынығу – денсаулық пен сергектік кепілі

Жазғы тынығу – денсаулық пен сергектік кепілі

Сырдариялық балалар кезекті оқу жылын аяқтап, бір жылға есейді. Мектеп қабырғасында жүріп, ұстаздардан сапалы білім алуға ұмтылған олардың жазғы демалысын тиімді өткізу – маңызды міндеттердің бірі. Айта кетейік, аудан көлеміндегі 17 білім ошағында 1-10 сынып аралығында 7609 бала білім алған болатын. Оқушылардың басым бөлігі жазғы тынығу маусымында лагерьмен қамтамасыз етіледі.

Жаз мезгілі – балалар үшін ерекше қуа­ныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ең сүйікті уақыттың бірі. Үш айға созылатын жаз­ғы демалыс оқушылардың бір жыл бойы ал­ған білімін қорытындылап, тынығып, жаңа күш жинауына мүмкіндік береді. Бұл кезең тек тынығумен ғана шектелмей, әр баланың жан-жақты дамуына, қызығушылығын арттыруына және уақытын пайдалы өткізуіне жол ашады. Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімі тарапынан жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Өз кезегінде бөлім басшысы Еркебұлан Жақып аталған мәселе бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.

– Жазғы каникул кезеңінде бекітілген жос­парға сәйкес балаларды сауықтыру демалысымен қамту жұмыстары жүргізілетін болады. Айта кетейік, мектеп жанындағы жатын орынсыз ұйымдастырылатын лагерьде 2190 бала, жатын орынмен ұйымдастырылатын лагерьде 846 бала, көркейту-көгалдандыру топтарында 1781 бала, экскурсиялық шаралармен 1085 бала, мектеп жанындағы шатырлы және киіз үйлі (юрталы) лагерьде 916 баланы қамту жоспарлануда. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен Шымкент қаласындағы «Машат», республикалық «Балдәурен» лаге­ріне, Щучинск қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына 170 бала барады деп күтілуде. «Жалын» сауықтыру лагерінде биыл 791 баланы тынықтыру жоспарлануда. Оның ішінде білім саласы кәсіподағы есебінен 110 бала, демеушілік есебінен Қармақшы ауданынан 100 бала және міндетті оқу қоры есебінен 581 бала тынығатын болады. Бүгінде «Жалын» сауықтыру лагері 2026 жылдың 1 маусымы мен 22 тамызы аралығында 7 ауысым бойынша балаларды қабылдайды. Тыны­ғушылар 9 топқа бөлініп, әр топпен 1 аға тәлімгер және 9 тәрбиеші жұмыс жасайтын болады. Өз кезегінде «Жалын» сауықтыру лагерінің материалдық базасы нығайтылды. Лагерь аумағында санитарлық тазалық жұ­мыс­тары жүргізіліп, ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Оқушылардың қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында 24 цифр­лық бейнекамера және дабыл тетігі орнатылды. Дабыл түймесі аудандық жедел басқару орталығына қосылған, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.

Жазғы демалыс тек көңіл көтерумен ғана шектелмейді. Бұл – еңбекке баулитын, тәр­тіпке үйрететін маңызды кезеңдердің бірі. Ауылдық жерлерде балалар ата-анасына көмектесіп, табиғатпен етене жақын болады. Ал кейбір оқушылар жазғы уақытта қосымша білім алып, өздерін жан-жақты дамытуға күш салады. Жаз мезгілінде денсаулыққа ерекше көңіл бөлу қажет. Күннің ыстығында қауіп­сіздік ережелерін сақтау, уақытылы тамақтану, көп су ішу және күн тәртібін сақтау – маңызды талаптардың бірі. Әсіресе, бала­лардың қауіпсіздігі әрдайым басты на­зарда болуы тиіс. Тәжірибелі басшы Әділбек Бәйменов жетекшілік ететін «Жалын» сауықтыру лагері ұжымы балалар үшін ұмы­тылмас ерекше сәттер сыйлайтынына сенеміз. Бұдан бөлек, мектеп жанындағы лагерьлерде балалар жазғы демалысын тиімді өткізу үшін педагогтердің ұйымдастыруымен көптеген іс-шараға қатысатын болады.

Қорыта айтқанда, жазғы тынығу – әр адамның өміріндегі қуанышты әрі пайдалы кезең. Бұл уақытта балалар демалып қана қоймай, рухани және физикалық тұрғыдан дамиды. Сондықтан жазғы демалыстың әр күнін тиімді өткізіп, уақытты пайдалы іске арнау – маңызды міндеттердің бірі.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
30 мамыр 2026 ж. 206 0