Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлестеріміздің мерейі тасыған күн

Жерлестеріміздің мерейі тасыған күн

Өткен аптада мә­дениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында сырдариялық жерлестеріміздің мерейі тасып, жоғары марапат төрінен көрінді.

Қазақ әде­бие­тінде өзін­­дік қол­таң­ба­сын қа­лып­­тас­тырып, ұлт­­тық руханияттың дам­­­у­ына өлшеусіз үлес қос­қан қа­ламгердің бірі – ақын, дра­матург, аудармашы, жер­­­­лесіміз Жадыра Дәрі­бае­ва Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­­­лығымен «Парасат» ор­дені­мен марапатталды.

Өз кезегінде «Парасат» орденін жерлесімізге ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лігі Мәдениет коми­теті төрағасының орынбасары Шерхан Талап табыс­тады. Ол ақынның қазақ әде­биетінің дамуына, рухани құн­дылықтарды дәріптеуге және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.

Айта кетейік, ақын Жадыра Дәрібаеваның есі­­­­мі тәуелсіз Қазақстан тари­хы­мен де тығыз бай­ла­нысты. Ол – 1992 жы­лы қа­­­былданған Қа­зақстан Рес­пуб­ликасының ал­ғашқы Мем­­лекеттік Әнұраны мә­тіні авторының бір. Ақынның әдеби мұрасында туған жер­ге сүйіспеншілік, ұлттық құн­ды­лықтар, адамгершілік пен ізгі­лік идеялары кеңінен кө­рініс тапқан. Оның өлеңдері мен аудармалары қазақ әде­биетінің көкжиегін ке­ңейтіп, оқырманға рухани азық сыйлап келеді. Әде­биет пен мәдениет сала­сындағы жемісті еңбегі мем­лекет тарапынан жо­ға­ры бағаланып, 1996 жы­лы «Құрмет» орде­німен мара­патталды. Яғни, араға 30 жыл салып, аяулы ақынның мерейі асқақтау үстінде.

Бұл ретте, Қызылорда қаласын­да­ғы «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қаты­суымен кәсіби мереке аясында сал­танатты іс-шара өтті. Аталған жиында Сырдария ауданының өнер майталмандары құрмет төрінен көрінді. Ең ал­дымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының мә­дениет қай­раткері, Қазақстан су­рет­шілер ода­ғының мүшесі, Сырдария, Жалағаш аудандарының құрметті аза­маты Жәркен Исмағұлов «Құрмет» ор­деніне ие болды.

Бұл ретте Жәркен Исмағұлов ме­рей­лі мара­пат­тың мәртебесі жоғары екенін алға тартып, тілеулес ағайынға алғысын жеткізді.

– «Өнер орталығында» өткен мәде­ниет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында «Құрмет» орденін алу мен үшін – жылдар бойғы маңдай тер мен тынымсыз еңбектің бағаланған сәті деп білемін. Бұл марапатқа әуелде ел руханиятының үлкен жанашыры Нұрлыбек Машбекұлының ұсы­ныс жа­сап кеткенін естігенде бө­лек әсерде болғаным рас. Айналайын ақ тілеулі Сыр елінің алдында, қастерлі сахнада аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қолынан алу бұйырыпты. Тасқа тіл бітіріп, уақытпен сырласқан мүсін өнері – менің тағдырым. Осы жолда еліміздің рухани кеңістігін байытып, ұлттық мүсін өнерінің өркендеуіне бар күш-жігерімді арнадым. Соның бір айқын белгісі – Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған монументальды ескерткіш кешені. Бұл тек тас пен қола емес, тұтас ұлттың жадын, рухын, мәңгілік үнін бейнелеген туын­ды. Қызылорда облысын төрт жыл басқарған уағында бүгінгі ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы руханият, мәдениет саласына ерекше көңіл бөлді. Осы рабат шаруаға елмен бірге куә болған сәулетші, суретші қауымның ризалығын атап өткен жөн. Өнер иесіне деген осындай құрмет – руханияттың тірі екенін, мәдениеттің ел дамуының өзегіне айналғанын аңғартады. Бүгінгі мемлекеттік награда – әуелі халықтың бағасы. Осындай сенім мен құрметке лайық болу – мен үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да өнер арқылы елге қызмет ету басты мұратым болып қала бермек, – деді Жәркен Исмағұлов.

Бұдан бөлек, Астана қаласынан аудандық орталықтандырылған кі­тап­­ханалар жүйесінің директоры Рүстембек Байділдаев ақжолтай жаңа­лықпен оралды. Айта кетейік, мәдениет саласының майталманы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жылдар бойы жи­нақтаған мол тәжірибесінің арқа­сында аудан мәде­ниетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Рүстембек Міңтайұлының салалық министрліктің жоғары марапатын алуы – лайықты шешім.

Өнер – ұлттың рухани болмысын айқындайтын асыл қазына. Ал сол қазынаны байытып, халық жүрегіне жол табар туындылар дүниеге әкелетін талант иелері қашанда құрметке лайық. Осындай дара дарындардың қатарында қазақ музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановтың орны ерекше. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Ша­па­ғат» медалінің иегері, Сыр­дария ау­данының, Қы­зылорда қала­сының, Қызылорда облысының құрметті азаматы Рамазан Тайманов облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері атанды.

Өлке тарихын зерттеп, Сыр өңірінің шежіресін жинауға барын салып келе жатқан өлкетанушы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жоба­сының қатысушысы, Қазақстан Суретшілер және Журналистер ода­ғының мүшесі, өлкетанушы, қолөнер шебері, Сырдария ауданының құр­метті азаматы Жәнібек Маханбет «Тұран» сыйлығына қол жеткізді.
Кәсіби мереке шеңберінде әнші Руслан Садықов пен аудандық орталық кітапхана әдіскері Раушан Құлмаханова облыс әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
26 мамыр 2026 ж. 50 0