Ақынын ардақтаған ел азбайды
Ауданның мерейлі мерейтойымен ақын, ҚР алғашқы Гимні авторларының бірі Жадыра Дәрібаеваның 75 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келді. Осыған орай жерлестер мақтанышына айналған тұлғаның құрметіне облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды.
Іс-шарада аудан әкімі сөз сөйлеп, ауданның тумасы Жадыра Дәрібаеваны сырдариялықтар құрмет тұтатынын айтып, қос мерейтойдың қатар келуін жақсылыққа балады.
Іс-шарада аудан әкімі сөз сөйлеп, ауданның тумасы Жадыра Дәрібаеваны сырдариялықтар құрмет тұтатынын айтып, қос мерейтойдың қатар келуін жақсылыққа балады.
– Жерлесіміз Жадыра Дәрібаеваның есімі Сыр еліне ғана емес, республикаға таныс. Ақынның жүрекжарды туындылары бүгінде қалың оқырманның олжасына айналған. Жерлестер мақтанышы өзіндік өлең өрнегімен қазақ әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі екенін халық жақсы біледі. Қарымды қаламгер «Гүлжайна», «Мерей», «Біздің жақтың аспаны», «Қасиеттілік шырағы» жыр жинақтары мен «Ақ бура сезімдер» атты әңгімелер жинағының авторы. Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Жадыра Дәрібаева «Құрмет» орденімен марапатталып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды. Сондай-ақ ол – Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Ардақты ақын бүгінде Алатау төріне қоныс аударған. Туған жерден алыста жүрсе де әркез жерлестерінің қуанышына ортақтасып, тілектестігін білдіріп отырады. Кейінгі жас толқынға өнегесін көрсетіп келеді. Ауданның 95 жылдық мерейтойында ақынның шығармашылығын дәріптеуді мақсат етіп, облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізілуде. Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.
Байқауға талапкер ретінде облыс аудандарынан тоғыз өнерпаз қатысты. Олардың еңбегін Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бибісара Жанәлі бастаған ақын Ақжол Түменбай мен өнер саласының өкілі Әбдіразақ Сырым бағалады.
Байқау нәтижесімен жүлделі үшінші орынды Сәлима Аймбетова жеңіп алды. Ал екінші орын Гүлфариза Шакароваға бұйырды. Бірінші орынға Айжарқын Найманбай лайық деп танылды. Байқаудың бас жүлдесін Аяулым Бекболатова жеңіп алды. Сондай-ақ өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды.
Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ