Жаңа өмірдің бастауы

Әрине, әрбір ата-ана үшін баласының мектеп бітіруі – қуанышты сәт. Барлық білім ұясында оқуда озат оқушыларға «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» табысталды. Оның ішінде, 9 сыныпты бітірген білім алушылар да бар.
– Күнтізбенің маусым айы әрбір мектеп бітіруші түлек үшін ерекше мағынаға ие. Мектеп – білім мен тәрбие ордасы ғана емес, өмір шеберханасының бастау бұлағы. Осы бір ұмытылмас кеш түлектердің жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Аудан бойынша 2024-2025 оқу жылында 9 сыныпты 746, 11 сыныпты 526 оқушы бітірді. 45 бала «Алтын белгі» иегері атанса, 9 сыныптан 100, 11 сыныптан 50 бала «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. ҰБТ тапсыруға 461 оқушы өтініш беріп, білім сынағынан өтті. ҰБТ-дан жоғарғы нәтиже көрсеткен оқушыларымызды мақтан тұтамыз. Салтанатты жиында санитарлық талап сақталып, қауіпсіздік іс-шарасына аса мән берілді. Халық баласына тағылымды тәрбие берген ұстаздар қауымы түлектерімен қимай қоштасуда, – деді Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып.
«Білім – өмір шырағы» екенін ұмытпаған ұстаздар ғылымның, сауатты болудың негізі – ізденісте жатқанын оқушы санасына сіңіре білді. Мерекелік көңіл-күйді сезінген түлектер кештің басты кейіпкерлеріне айналды. Мерекелік жиында оқушылар мектеп сахнасында соңғы рет өнер көрсетті. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыс айтып, ақжарма тілектерін жеткізді. Мұғалімдерге құрмет көрсетті. Кештің сәні болған вальс билеп, мектеп қабырғасында өткерген қызықты сәттерді еске алды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ
Фото: Ашық дереккөзден