Санкт-Петербург императорлық әскери-медициналық академиясында білім алған кәсіби дәрігер ұлт саулығын сақтауда аянбай тер төкті. «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында», «Шәкірттер саулығын сақтау», «Ұйқы деген немене?», «Оқушылардың саулығын сақтау», «Шума қандай ауру?», «Жұқпалы аурулар» мақалалары, «Как бороться с чумой среди киргизского народа» (1916), «Как бороться с чумой среди киргизского народа (Практическое руководство для работающих на чумной эпидемии). 2-ое издание» (1924), «Шәкірттер саулығын сақтау» (1923), «Оқушының саулығын сақтау» (1925) еңбектерімен отандық медицинаға олжа салды. Денсаулық сақтау саласында ана тілімізде алғашқы оқулықтар жазды.Қоғамдық қызметін қазақ конститутциялық-демократтық партиясының құрамында бастаған қайраткер Орал облыстық қазақ съезі, Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысады. Ұлт-азаттық Алаш қозғалысына ұйытқы болу, «Алаш» партиясын құрудағы мемлекетшіл тұлғасымен әлеумет құрметіне бөленеді. Бірінші, Екінші Жалпы қазақ сиездеріне қатысып, Алашорда үкіметінің құрамына сайланды. Алаш әскерін, Алаш қорын құруда, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуда жанкештілік танытты. Қазақ елінің ұлттық автономия алуында тарихи қызмет атқарды.
Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының рухани әлемін жаңа кезең талабында жаңғырту мұратында Ташкентте ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне ұсынылды, төрағасы қызметіне сайланды. Білім комиссиясындағы жұмыстары жемісті болды. «Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдерін» (1922) басып шығаруға қатысып, жат сөздерге түсінік жазды.
«Талап» қауымының басқармасына төрағалық етіп, Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты, Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясы, Қазақ мемлекеттік баспасында қызмет атқарды. Орта Азия (Түркістан) университетінде, Қазақ педагогикалық институтында ұстаздық етті.
Қазық ғылымының дамуында ерен еңбек еткен тұлға «Табиғаттану. І бөлім» (1922), «Жануарлар. І бөлім. Сүйектілер хақында» (1922), «Жануарлар. ІІ бөлім» (1922. 1926), «Жануарлар. ІІІ бөлім» (1926), «Зоология» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925) атты ана тілімізде жаратылыстану ғылымынан тұңғыш оқулықтар жазды.
Ұлт руханиятының аса ділгір мәселелерінде қалам тербеген санаткердің ғылым-білім, тіл білімі, Отан тарихы, әдебиет хақындағы «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама», «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингорманизм заңы», «Қазақ емлесі», «Дүния қалай жаратылған?», «Түркі тілдері туралы», «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан», «Диуани лұғат ат-түрк», «Миллион деген немене?», «Жұлдыздарды күндіз көруге бола ма?», «Мәшиненің күші», «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» қоғамының жолы», «Мұрат ақын», «Қазақтың өткен ақындары туралы», «Қазақтың батырлары: Исатай, Махамбет», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі», «Шернияз шешен», «Шернияз кім?», «Жалаңтөс батыр», «Жат сөздер туралы», «Адай Абыл ақынның сөздерінен қалған бір жұрнақ», «Үш қиян (Мұрат ақынның сөзі)», «Базар жырау» т.б. ғылыми саралаулары, көркемдік-эстетикалық пайымдары энциклопедиялық ізденістегі тереңдігін көрсетеді
«Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды кәдірлеу – елдіктің белгісі» (Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен) деген санаткер «Кенесары-Наурызбай» (1923), «Сұлтан Кенесары тарихына қосымша материал» (профессор Поливановпен бірге) (1923), «Қыз Жібек» (1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (1925) сынды жаухар мұраларымызды жариялап, текстологиялық зерделеулер жүргізді.
Классссикалық мұрамызды жариялауда, текстологиялық зерделеуде «Қыз Жібек» (1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (1925), «Аламан. Қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер» (1926), «Казахская народная литература (Доклад, прочитанной в кабинете казахского языка при Казахском высшем педагогическом институте)» (1928) ғылыми еңбектерін жазды.
Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі туралы әңгімелер» (1924), «Денеміздің түзелуі мен жұмыс қылуы туралы әңгімелер» (1924) еңбектерін қазақ тіліне аударды.
Халқы қадірлеген, ұлтын қастерлеген Халел жұлдызы Алаш көгінде өзі сүйген қазағымен жарқырай береді.