ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Адам тірі кезінде қадірін білмейтін екі асыл құндылық бар. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Расында да, көбіміз денсаулықтың қадіріне ауырып, қиналғанда ғана жететініміз анық. Денсаулық – табиғаттың адамзатқа тарту еткен ең асыл сыйы. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну. Онсыз өмірді емін – еркін сүре алмайсың. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш – күш жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулығы сыр берген адам, қоршаған ортаның кереметін көре алмайды. «Тірі адам түбінде бір ауырмай тұрмайды» – деп айтқан Баласағұнидің сөзі рас сияқты. Себебі, бүгінде аурудың түрлері өте көп. Ал қазіргі кезде жастардың басым бөлігі денсаулыққа басты назар аудармайды. Жастар арасында кеңінен белең алған шылым, ішімдік және тағы да басқа зиянды заттар денсаулықтың қас жауы. Олар адам өмірін қысқартатыны сөзсіз. Сонымен қатар бірнеше айлар немесе жылдар бойы дәрігерлерден кеңес алмай ұзақ уакыт бойы жүріп қалады. Бір жері сырқаттанған жағдайда үйден дәрі-дәрмек ішіп оңай жазылуға тырысады. Алайда мұның барлығы аурудың асқынуына алып келеді. «Ауруын жасырған өледі», – демекші, аурудың дер кезінде емін жасаған жөн. Қазіргі таңда мемлекетіміздің медициналық әл – ауқаты бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дамыған. Әлемдік дамыған елдермен салыстырғанда терезесі тең деуге болады. Кез келген азамат осы мүмкіндіктерді тегін әрі сапалы пайдалануға құқылы.
Қазіргі өркениеттің негізі, дені сау және рухани дамыған адам. Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан халқының әл-ауқаты – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында: «Дені сау ұлт – жалпы ұлттық міндет. Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыру керек» – деп атап айтқан еді. Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Әрбір адам салауатты өмір салтын сақтап, өз денсаулығына сақтықпен қараса жарқын өмірге жол ашылады. Демек, өміріңіз бен нұрлы болашағыңыз өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз.
Наргиз САМАТҚЫЗЫ