Қаңғыбас иттен келер залал көп
Көктемшілік көше кезген иесіз иттің көбейетіні жасырын емес. Бұл мәселе турасында бұған дейін саралап, сараптап аудандық газетте мақала жариялаған едік. Тақырып әлі де ауқымды. Осы мәселе қазір Парламент қабырғасында да қаралып жатыр. Нақтырақ айтсақ, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин маңызды мәселені көтеріп, Парламентте үй жануарларын ұстау және бұралқы иттер мәселесіне қатысты маңызды заң жобасы қаралуда. Қоғам үшін өте өзекті әрі күрделі мәселе төңірегінде Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері де пікір білдіріп, үн қосуда.Ит тістейді деп қорқу бір бөлек, одан тарайтын жұқпалы дерт туралы да естуіңіз бар шығар. Құтырма... Ондай жағдайлар болған, әлі де қауіпті. Құтырма дертіне шалдыққан адамды өзгелерден оқшаулап, өртейтін болған. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл ауруды көбіне иттер таратады және вирусқа ит тұқымдастар сезімтал келеді. Бұл індетке ауру жануарлардан немесе аңдардан жарақат алған адамдар да шалдығады. Әсіресе, қорғану қабілеті төмен болғандықтан балалардың аурушаңдығы жоғары болады. Құтыру індетінің жасырын кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылады екен. Оның ұзақтығы тістелген жерге, жараға енген вирустың концентрациясына, уыттылығына, ауру жұқтырған жануар мен адамның төзімділік дәрежесіне байланысты. Көбінесе ауруға күдікті адамның медициналық көмекке кеш жүгінуі аурудың өршуіне себепкер болып табылатыны дәлелденген.
«Жұмыстан қайтып келе жатып 30 шақты иттің арасында қалып қойдым. Ырылдасып, топ құрап жүгіріп жүргендерінің өзі қорқынышты. Балаларымызға да үлкен қауіп қой бұл. Бала түгілі, қауіп төндірсе, үлкен адам да құтыла алмайды бір топ иттен» деп шағымданды кент тұрғыны. Осыған орай әрі қоғамдағы келелі мәселеге үн қосу мақсатында ит асыраушы оқырманға ой салу мақсатында қолға қалам алдық.
Сау ит тістесе де оңай емес. Жарақат, шошыма сияқты ауруларға апаруы мүмкін. Құтырған ит тістеген адамның жай-күйі айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарап, жан түршігетіні рас. Сондықтан адамның ең басты байлығы – денсаулықтың қадірін білуіміз керек. Ол үшін аурудың алдын алу мен болдырмау іс-шаралары жүйелі жүргізілуі тиіс.
Бүгінде қаңғыбас иттердің мәселесі – күн тәртібінде, өзекті мәселелер қатарында. Жаяу жүргіншілер жақсы біледі, көше кезіп, топ құрып жүретін иттер адамға тиіспегеннің өзінде, арсалаңдап жүгіргенінің өзі қорқыныш тудырады. Мұндай келеңсіздікті күнделікті байқауға болады.
Бұл мәселе бізге газет таратушылардан-ақ жақсы белгілі. Газет тасымалдаушылар аптасына үш рет үйді-үйді аралап, газет таратады. Кейде иесіз иттерге таланып, қиындық көретін кездері де болады.
– Кейбір үйлер итін мүлде байламайды. Бұл олар үшін үйреншікті әдетке айналған. Газет тарату барысында иесіз иттер жұмысымызға кедергі келтіреді. Кейде қабаған иттердің көшеден өтіп кеткенін бірнеше минут күтуге тура келеді. Әсіресе, қыстың күндері қиын, – дейді аудандық газеттің тасымалдаушылары.
«Ит иттігін істейді» деп бекер айтылмаса керек-ті. Ол үлкен адам түгілі кішкентай балаға да шабуыл жасаудан тайынбайды. Азулы айуан шүйліккен кісісін оңдырмайтыны тағы белгілі. Тіпті ит талап ажал құшқан жағдайлар да, құтырған иттің зардабы тиіп ауру болып қалған адамдар да жетерлік.
Бұл жерде, мәселе итті асырап отырған егесіне көп байланысты. Оның да өзіндік заңы, ережесі бар. «Үйге қорған болар» деп итті асырады ма, егесі ретінде оған жауап беруі қажет. Саналы түрде жауап бере алмаса, қоғам мүшелеріне қауіп келтірсе, онда итті асырауды доғару керек. Өйткені адам жанынан, қауіпсіздігінен ештеңе артық емес.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









