Анашым, алдымнан шықшы... Иттен қорқамын...
«Жұмыстан қайтып келе жатып 30 шақты иттің арасында қалып қойдым. Ырылдасып, топ құрап жүгіріп жүргендерінің өзі қорқынышты. Балаларымызға да үлкен қауіп қой бұл. Бала түгілі, қауіп төндірсе, үлкен адам да құтыла алмайды бір топ иттен» деп шағымданды кент тұрғындары редакцияға келіп. Осыған орай ит асыраушы оқырманға ой салу мақсатында қолға қалам алдық.
Бүгінде қаңғыбас иттердің мәселесі – күн тәртібінде, өзекті мәселелер қатарында. Жаяу жүргіншілер жақсы біледі, көше кезіп, топ құрып жүретін иттер былайынша адамға тиіспегенімен, арсалаңдап жүгіргенінің өзі қорқыныш тудырады. Мұндай келеңсіздікті ауылдарды айтпағанда кенттің өзінен көруге болады.
«Ит иттігін істейді» деп бекер айтылмаса керек-ті. Өйткені иттің аты – ит. Ол үлкен адам түгілі кішкентай балаға да шабуыл жасаудан тайынбайды. Азулы айуан шүйліккен кісісін оңдырмайтыны тағы белгілі. Тіпті ит талап ажал құшқан жағдайлар да, құтырған иттің зардабы тиіп ауру болып қалған адамдар да жетерлік.
Бұл жерде, мәселе итті асырап отырған егесіне байланысты. «Үйге қорған болар» деп итті асырады ма, егесі ретінде оған жауап беруі қажет. Саналы түрде жауап бере алмаса, қоғам мүшелеріне қауіп келтірсе, онда итті асырауды доғару керек. Өйткені адам жанынан, қауіпсіздігінен ештеңе артық емес. Тіпті Ата Заңымыздың бастауында да мемлекет үшін құнды құндылықтардың қатарында адам және оның өмірі тұр.
Иә әр нәрсенің өз орны, реті бар. Осы ретте ит асыраудың да өзіндік мәдениеті, жауапкершілігі болары сөзсіз. Қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстаудың да маңызы зор. Итті есік алдына байлап ұстаған адам оны белгілі бір мезгілде серуендетіп, босатып отыру керек. «Ұдайы байлауда тұрған ит ызақор келеді» дейді кинолог мамандар. Ұзақ уақыт бойы байлауда тұрған иттің өз егесіне шабуыл жасаған деректері де бар. Мәселенің мәніне жеткісі келген адам алдымен өзін ойлап көруі керек. Мәселен балаңызды ит таласа, өзекті өртер өкініші кетер ме?! Ондай қауіпті жайдың алдын алу үшін өзінің, өзгенің қауіпсіздігін адам өзінен бастауы керек.
Аудандық газет редакциясында барлығы 19 тасымалдаушы бар. Олар аптасына үш рет үйді-үйді аралап, газет таратады. Кейде иесіз иттерге таланып, қиындық көретін кездері де болады.
– Кейбір үйлер иттерін мүлдем байламайды. Бұл олар үшін үйреншікті әдетке айналған. Себебі оны қадағалап, ескерту беріп, шара көріп жатқан ешкім жоқ. Газет тарату барысында иесіз иттер жұмысымызға кедергі келтіреді. Кейде қабаған иттердің көшеден өтіп кеткенін бірнеше минут күтуге тура келеді. Әсіресе, қыстың күндері қиын, – дейді аудандық газеттің тасымалдаушылары.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бұл мәселе бұрын да көтерілген, қазір де маңызды. Тасымалдаушылардың жағдайын, мәселесін түсінуге болады.
Қорыта айтқанда, көше кезген қаңғыбас иттермен күресті қоғам болып жүргізуіміз қажет. Асыл дінімізде «Шын мұсылман өзгеге зияны тимеген адам» деп айтылады екен. Осы ойымды қағазға түсіріп болғаным сол еді, әріптесімнің ұялы телефоны шырылдады. Хабарласқан оқушы қызы екен. «Анашым, алдымнан шықшы... Иттен қорқамын...» деген дауыс естілді тұтқаның арғы жағынан.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: aikyn.kz