МАҚСАТ – ЖАНУАРЛАРДЫ АУРУДАН ҚОРҒАУ
2010 жылы аудан әкімінің қаулысымен құрылған ветеринария бөлімі ауданның эпизоотиялық тұрақтылығын сақтауды ұйымдастырады және бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау. Жалпы ветеринария саласының басқа да міндеттері мен атқарылған жұмыстары туралы бөлімнің басшысы Ғ.Садықов әңгімелейді.
– Ғалымжан Рүстемұлы, мемлекеттік органның негізгі міндеттері мен функциялары жайлы айтсаңыз.
– Аудан әкімінің 2016 жылғы 3 маусымдағы №206 қаулысымен бекітілген ережеге, бөлімнің негізгі міндеттері ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеу, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын жұқпалы және экзотикалық аурулардың әкелінуі мен қорғау болып табылады. Сондай-ақ облыстың жергілікті өкілді органына бекіту үшін жануарларды асырау қағидаларын, жануарларды асыраудың санитарлық аймақтарының шекараларын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу. Бөлімнің негізгі функциясы ауданның эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау болып табылады.
Мемлекеттік мекемеге қарасты ветеринариялық станса кәсіпорын ретінде аудан әкімінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы №13 қаулысымен құрылды. Қазіргі кезде елді мекендерде 61 маман, оның ішінде 54 штаттық бірлікте ветеринарлар жұмыс істейді.
– Жануарларды аса қауіпті аурулардан қорғау, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Аудан бойынша төрт түлік мал басын жыл сайын эпизоотиялық және энзотиялық ауруларға қарсы алдын-алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Үстіміздегі жылы бекітілген «Эпизоотияға қарсы іс-шаралардың» жоспарына сәйкес 11 түрлі індетке қарсы, атап айтсақ: құтыру, аусыл, пастереллез, сібір, эхинококкоз, күл, қарасан, оба, брадзот індеттеріне қарсы егілсе, туберкулез және маңқа індеттеріне қарсы тексеріліп, энзоотиялық ауруларына қарсы 6 түрлі (тейлериоз, сақау, бауыр құрт, қатпа, гастрофилез, пироплазмоз) профилактикалық шаралар жүргізілуде.
Сонымен қатар, адам мен жануарларға ортақ ауруларды зерттеуге диагностикалық шаралар жоспарға сәйкес уақытылы жүргізілуде.
Ауданның эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау мақсатында аталған ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалқ шаралар тегін жүргізіледі.
– Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ветеринариялық паспортпен қамтамасыз ету деңгейі қандай?
ҚР АШМ 2015 жылғы 30 қаңтардағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» №7-1/68 бұйрығына сәйкес, барлық ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендіруге жатады. Осыған орай, 2018 жылдың 7 ақпанында барлығы 8700 бас МІҚ, 7600 бас уақ мал, 2700 бас жылқы, 50 бас түйе, 50 бас шошқаны бірдейлендіру жоспары бекітіліп, 3481 бас МІҚ, 5403 бас уақ мал, 2117 бас жылқы 36 бас түйе және 33 шошқа бірдейлендіріліп, жұмыс жалғасуда. Бірдейлендірілген 2117 бас жылқыға чиптеу әдісі қолданылды.
Бірдейлендірудің негізгі мақсаты – Ауылшаруашылығы жануарларын паспорттау жүйесін енгізу. Яғни, мал басын паспорттау арқылы мал басы қозғалысын реттеуді, ветеринариялық есепке алуды жетілдіруді, емдеу-профилактикалық іс-шараларды сапалы жүргізуді, азық-түлік қауіпсіздігі және мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын ақпараттық қамтамасыз етуді көздейді.
– Соңғы жылдары жаппай қолдан ұрықтандыру пунктерін ашу жұмыстары басталғанын білеміз. Бұл өз кезегінде мал басын асылдандыруға бағытталғандықтан тиімділігіне тұрғындар көз жеткізген болар?
– Мүйізді ірі қара малдарын қолдан ұрықтандыру және малдарды асылдандыру мақсатында «Асыл-Тұқым» ЖШС дистрибьютерлік орталықпен жеке тұлға ретінде ветеринар мамандар арасында қолдан ұрықтандыруға қызмет көрсетуге келісім-шарт жасалған.
«Асыл-Тұқым» ЖШС дистрибьютерлік орталық ауданымызға асыл тұқымды бұқалардың ұрығын жеткізіп береді. Ауданымыздың ветеринар мамандары ұрықтандыру жұмыстарын тегін жүргізеді. Асыл тұқымды бұқа ұрығымен ұрықтандырылған аналықтардың төлдері жергілікті тұқыммен салыстырғанда өнімділігі жоғары болады. Дегенмен аудан тұрғындары тарапынан қызығушылық танытылмай отыр. Бұған байланысты ветеринар мамандар тарапынан БАҚ-ы арқылы, үн парақтар және жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Мүйізді ірі қара мал басын асылдандыру жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Аудан бойынша 2017 жылы барлығы 600 бас МІҚ малы қолдан ұрықтандырылса, үстіміздегі жылы бүгінгі күнге дейін аудан тұрғындарының шақыруымен барлығы 166 бас МІҚ малы қолдан ұрықтандырылды.
– Иесіз ит-мысықтарды аулау жұмыстары, оларды жою жайынан хабардар етсеңіз?
2017 жылы 938 (о.і. 90 мысық) иесіз қаңғыбас ит-мысықтар жойылса, 2018 жылға 1250 қаңғыбас, иесіз ит-мысықтарды аулап жою жұмыстары жоспарланып, бүгінгі күнге барлығы 564 (о.і. 55 мысық) иесіз қаңғыбас ит-мысықтар жойылды.
Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша жануарлардан жарақат алған азаматтардың жүгінуінің саны 2017 жылдың 5 айында 47 жағдай тіркелсе, осы жылдың 5 айында 52 жағдай тіркеліп отыр. Яғни, 5 жағдайға артқан. Соның ішінде 41 ит, 2 жылқыдан жарақат алған жағдайлар ветеринариялық бақылауға алынған. Қалған 9-ы иесіз қаңғыбас ит-мысық болып отыр.
Негізінде «Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы №262 шешіміне байланысты, иттің иесі байлап ұстау қажет. Сыртқа серуендету қажет болған жағдайда қоғамдық орындарда, қоғамдық көлiктерде және көшелерде иттердi қысқа тiзгiнде, тұмылдырықпен ұстауға және иттер мен мысықтардың декоративтiк түрлерiн сөмкеде, арнайыторларда (тасымалдауға арналған контейнерлерде) немесе қолда алып тасымалдауға жол беріледі. Бұл ережелер сақталмаған жағдайда, қаңғыбас ит-мысықтардың қатарына алынып, жойылуға жатады.
Ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қанды безгегі ауруына қолайсыз болып есепке алынған елді мекендер бар. Сондықтан бұл елді мекендерді залалсыздандыру қауіпті аурудың алдын алумен пара-пар.
2018 жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан Сырдария ауданы бойынша 10 елді мекен (Шіркейлі, Іңкәрдария, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Шаған, Айдарлы, Н.Ильясов, Жетікөл, Ақжарма, Бесарық) қолайсыз болып анықталған.
Сырдария ауданы бойынша Конго-Қырым қанды безгегі ауруына қолайсыз болып есепке алынған елді мекендерде үстіміздегі жылдың мамыр айының 2 жұлдызынан бастап көктемгі залалсыздандыру жұмыстары барысында 20739 бас МІҚ, 17888 бас уақ мал, 967 бас түйе, 101 бас шошқа және 3345 қора (153465 ш/м), 64 суаттар (42700 ш/м) мен 84 шаңлақтар (97950ш/м) өңделіп, жоспарға сәйкес екі қайтара жүргізіліп, толығымен аяқталды.
Бұл жұмыстардың сапалы жүргізілуіне байланысты қолайсыз болып анықталған елді мекендердің тұрғындары тарапынан механикалық тазалау жұмыстары жүргізілу керек.
Сонымен қатар, 2018 жылы аудан бойынша көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары барысында 23 190 бас уақ мал тоғытылса, 1 409 бас уақ малға ветеринариялық препараттар (ивен, ивермек) қолданылды.
2017 жылдың 5 айының қорытындысымен салыстырғанда кенеден жарақат алған азаматтардың жүгінуінің саны азайып отыр. Мысалы 2017 жылдың 5 айында 70 жағдай тіркелсе, 2018 жылдың 5 айында 45 жағдай тіркеліп отыр. Яғни, 30 жағдайға азайған.
– Бақылау және қадағалау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қаншалықты нәтижелі болды?
Ауданның эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау және «Ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлауға қарсы іс-қимыл жол картасын жыл басынан бері 12 мәрте рейдке шығып, ауданымыздан Қызылорда қаласына бағыт алып тасымалданған 179 бас мүйізді ірі қара, 74 бас жылқы және 1 бас уақ малдарының құжаттары тексерілді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Б.ЖАНӘЛІ