Иесіз ит кезіп жүр көшелерді...
– Осы ит ататындар не бітіріп жүр екен?!.
– Құрысын, оларға сенсек, немеремізді ит талап тастайды.
– Иә, былтыр ғана бүтін бір отбасы қара жамылып қалды ғой. Саятжанның алдынан ертерек шығайын. Бұл немересін ойлаған ата мен әженің диалогы. Екеуі де көшелерді кезіп жүрген иттерден келетін қауіптен қорқады. Сондықтан атасы иесіз ит тістеп алмау үшін сабақтан қайтатын уақытта күнделікті немересінің алдынан шығады.
«Ит ататындар не бітіріп жүр?»
Кент көшелері мен ауылдарды айтпағанда Орталық алаңда да иесіз иттердің босып жүргені жасырын емес. Осы ретте, «Ит ататындар не бітіріп жүр?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Міне, бүгін осы сұраққа жауап іздеп, журналистік зерттеу жүргізбекпіз.
Аудандық ветеринариялық станса мамандарының есебінше, нақтырақ айтқанда 2019 жылдың қорытындысымен аудан бойынша барлығы 1250 (оның ішінде 131 мысық) иесіз ит пен мысықтың көзі жойылған. Әрбір атылған иттің фотосуреті мен дәлелдейтін құжаттары бар екен. Бірақ бұл мәліметке ешкімнің сенбесі анық, сенгенде де көңілдерінде күмән болуы ықтимал. Себебі, осынша ит атылса, иесіз иттер көшеде кезіп жүрмес еді.
Мақалаға байланысты қосымша мәлімет алу үшін иесіз ит-мысықпен күресу жұмыстарын үйлестіретін және бақылау жасайтын аудандық ветеринария бөліміне хабарласқан едік. Бірақ 22-7-39, 21-1-40, 22-9-63 нөмірлері бойынша тұтқаны көтерген ешкім болмады. Қоңырау барып тұр, бірақ ешкім алмайды. Бөлімде жұмыс уақытында қызметтік телефонға жауап беретін маманның болмағаны өкінішті, әрине. Осындайда тұрғындар хабарласып, ақпарат ала алмаса, аталған телефон желілеріне бюджеттен қаржы шығындап не керегі бар деген сауал туындайды. Атап өту керек, біз бірнеше күн бойы бөлімдегі қызметтік телефондарға хабарласып, ала алмадық.
«Жаны ашымастың, басы ауырмас»
Иесіз иттен жәбір көрген аудан тұрғындары аз емес. Олардың бірі тереңөзектік Жанат Сүлейменова. Көп балалы ананың кенже қызының үстіне көршісінің бос жүрген қабаған иті секірген. Абырой болғанда тістемепті. Жүрегі шайлығып қалған жасөспірім әлі күнге түнде шошып оянады.
– Ол күнді есіме алғым келмейді. Қызым сабақтан үйге еңіреп жылап келді. Шошып кеттік. Иесіз ит талады ма, біреу бірдеңе жасап қойды ма деп есім сан-саққа кетті. Мұздай су беріп, ұшықтап, жұбаттық. Әбден қорқып қалған қызымның денсаулығы сол күннен бері дұрыс емес. Сәл нәрседен қорқады, – дейді көп балалы ана.
Отбасы мүшелері аталған мәселемен иесіз жүрген итті ату бойынша аудандық ветеринария бөліміне хабарласыпты. Бөлім мамандары аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметіне арыз түсіру қажеттігі жөнінде кеңес беріпті. Ал «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген даналыққа сүйенетін көп балалы ана көршісінің үстінен шағым түсірмейтінін айтып, мәселені ушықтырмай қоя салыпты. Сонда аудандық ветеринария бөлімі тарапынан рейдтік бақылау жұмыстары жүргізіліп, бөлім мамандары иесіз иттерді өздері анықтап, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметіне ұсынуға болмайтын ба еді?! Әрине, болады! Бірақ сала мамандары бұған құлықсыз. Халқымыз мұндайда «Жаны ашымастың, басы ауырмас» дейді...
«Аудандарыңызда ит көп екен»
Еңбек демалысына орай көршілес облыстан үйімізге қонақ келді. Қалыптасқан үрдіс бойынша ауданның көрікті жерлерін аралатып, естелік суретке түсуді жоспарладық. Бірақ мейман жігіттің «Аудандарыңызда ит көп екен» деген пікірі һәм сыны ұялтып тастады. Тағы да ит ататындарға өкпеміз өрши түсті.
Мейман жігіттің айтуынша, ит тістейді деп қорқу аз, олар жұқпалы ауру таратады деп те қауіптену керек. Бір ғана, аса жұқпалы құтыру ауруын мысалға алайықшы. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл ауруды көбіне иттер таратады және вирусқа ит тұқымдастар сезімтал келеді. Бұл індетке ауру жануарлардан немесе аңдардан жарақат алған адамдар да шалдығады, әсіресе, қорғану қабілеттері төмен болғандықтан балалардың аурушаңдығы жоғары болады. Құтыру індетінің жасырын кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылады екен. Оның ұзақтығы тістелген жерге, жараға енген вирустың концентрациясына, уыттылығына, ауру жұқтырған жануар мен адамның төзімділік дәрежесіне байланысты. Көбінесе ауруға күдікті адамның медициналық көмекке кеш қаралуы аурудың өршуіне себепкер болып табылатыны дәлелденген.
Құтырған ит тістеген адамның жай-күйі айтпаса да түсінікті. Адам шошырлық қалыпқа түскен баланың видеосын көріп, былтыр бірнеше күн өз-өзіме келе алмай жүргенмін. Сондықтан адамның ең басты байлығы – денсаулықтың қадірін білуіміз керек. Ол үшін аурудың алдын алу мен болдырмау шаралары жүйелі жүргізілуі тиіс.
Мамандар түсіндірмейді, байланыс орнатпайды
Иесіз иттерді жоюмен, адамдардың өміріне келетін қауіпті болдырмаумен айналысатын аудандық ветеринария және полиция бөлімі тарапынан түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқан жоқ. Рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылмайды немесе ұйымдастырылған жұмыстар нәтижесіз. Оған сала мамандары тарапынан аудандық басылымға, әлеуметтік желілерге бір де бір мақала, маман кеңесі жарияланбағаны дәлел бола алады.
Былтырғы жылы аудандық ветеринария бөлімі аудандық газетке бір рет ақпараттық хабарлама жариялапты. Онда да Тереңөзек кентінде мектеп оқушысын ит талап, бүтін бір отбасы қара жамылған кезде. Сонда мамандардың халыққа иесіз иттер және оларды жою бағытында ақпарат беруі үшін біреу итке таланып, біреу жоқтау айтуы керек пе?! Әлде адам өмірі, қауіпсіздігі ойыншыққа айналғаны ма...
Ашық қоғам қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әрбір маман өз қызметін, атқарып жатқан жұмысын ақпараттандырып, насихаттап отыруы керек. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Алайда иесіз ит-мысықпен күресуде дәрменсіздік танытып отырған сала мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруға салғырт қарап келеді. Мүмкін талап жоқ шығар, әлде салаға жетекшілік ететін бөлім және станса басшысын қарамағындағы қызметкерлер тыңдамайды ма?!
Иесіз иттер – тасымалдаушылардың да қас жауы
Аудандық газет редакциясында барлығы 18 тасымалдаушы бар. Олар аптасына үш рет үйді-үйді аралап, газет таратады. Кейде иесіз иттерге таланып, қиындық көретін кездері де болады.
– Кейбір үйлер иттерін мүлдем байламайды. Бұл олар үшін үйреншікті әдетке айналған. Себебі оны қадағалап, ескерту беріп, шара көріп жатқан ешкім жоқ. Газет тарату барысында иесіз иттер жұмысымызға кедергі келтіреді. Кейде қабаған иттердің көшеден өтіп кеткенін бірнеше минут күтуге тура келеді. Әсіресе, қыстың күндері қиын, – дейді аудандық газеттің тасымалдаушысы Жанар Ізбасқанова.
Иә, «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бұл мәселе бұрын да көтерілген, қазір де маңызды. Тасымалдаушылардың жағдайын, мәселесін түсінуге болады. «Қабаған иті бар үйлерге бүгінгі газетті бере алмадым» деп келетін қызметкерлер де бар. Мұндайда адам амандығынан асқан ештеңе жоқ екенін негізге алып, «газетті келесі жолы апарып бересіз» деп түсіністік танытамыз. «Иесіз, қабаған иттердің босып жүруі бұлай жалғаса берсе, газетіміз таратылмай қалар ма екен» деп те алаңдайтынымыз рас.
Түйін. Иесіз ит-мысықпен күрестің жүйелі жүргізілмей жатқанына қынжылыс білдіріп, қолға қалам алдық. Мақсат – сала мамандарын кінәлап, күстаналау емес, иесіз иттер жойылса, олар ешкімге қауіп төндірмесе деген ниет. Осы ретте, тым болмаса «2019 жылы аудан бойынша қанша адамды ит қапты?» деген сұраққа жауап алармыз деп аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына хабарластық. Тұтқаны көтерген басқарманың бас маманы О.Сәрсембай «Былтыр ауданда 122 адамды ит қапты» деп қысқа қайырды. Артынша осы сұрақты аудандық ветеринариялық станса маманына қойдық. Директордың орынбасары Б.Бегімқұлов мекеме есебі бойынша ит қапқан 65 адам бақылауға алынғанын, оның ішінде мысық тырнағандар да бар екенін жеткізді. Байқағаныңыздай, екі мекеме екі түрлі мәлімет берді. Осылайша, кімге сенерімізді білмей, екіұдай сұраққа күпті болып, мақаламыздың нүктесін қойдық. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс. Бірақ, мекеме қызметкерлеріне қоғам мүшелеріне деген жанашырлық, жұмысты жүрекпен істеу секілді ыждағаттылық керек секілді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ