Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындармен кездесті
Бүгін Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Ембергенов пен Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы депутаттық Фракция жетекшісі А.Ибрагимұлы Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, кездесу өткізді. Кездесуге мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласының мамандарымен қатар тұрғындар да қатысты.Кездесуде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлуалды бағдарламасының орындалуы туралы айтылды. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Жұмабек Ембергенов партиялық жобаларды іске асыру, оның ішінде «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Өз кезегінде Сырдария аудандық мәслихатының депутаты А.Ибрагимұлы «AMANAT» партиясынан ұсынылып, сайланған аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының, аудан әкімі орынбасарларының, бөлім басшыларының қабылдаулары да тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын айтып, жетекші партияның халық игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.
– Қабылдауға келушілердің мәселесі жан-жақты зерттеліп, тиісті бөлім, мекеме басшыларына тапсырма беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Партиямен бірлесе өткізген әр қабылдауда жеке және заңды тұлғалар тарапынан көтерілген әр сұрақ, әр өтініш пен әр ұсыныс назардан тыс қалмайды. Олар біздің жіті бақылауымызда, түбегейлі шешіліп, орындалғанға дейін жұмыс істейміз. Осы ретте партияның аудандық филиалында «Құқықтық көмек» және «Халыққа көмек» партиялық жобалары аясында аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының, аудан прокурорының және аудандық полиция бөлімі бастығының бірлескен қабылдауы да өткізілгенін айта кетейін. Мұндағы басты мақсат – халықтың мәселесін бірлесе ақылдасып, бірлесе шешу. Яғни, мәселесі бар тұрғын өз өтініш-ұсынысы бойынша әкімге бір барып, мәслихат төрағасына бір барып, прокуратура мен полиция бөліміне бір барып, уақыт құртпауы керек. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы осындай жүйелі жұмыстарға сәйкес келеді. Жалпы, партия бірлескен қоғамдық қабылдаулар мен көшпелі қоғамдық қабылдауларды өткізуді жүйелі ұйымдастырып келеді және алдағы уақытта да жалғастыратын болады, – деді А.Ибрагимұлы.
Еркін форматта өткен кездесу барысында қатысушылардың да сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныс-пікірі тыңдалды.








