Шаңырағым – шаттығым
Жақында ақиық ақын Асқар ауылы жұртшылығының есінде ұзақ сақталатын күн болды. Бұл күні елді мекенге Сыр өңіріне белгілі «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблі келіп, концерт қойды. «Шаңырағым – шаттығым» деп аталатын бұл концерттік бағдарлама өте жоғары деңгейде өтті.Ең алдымен, ансамбльдің тарихына тоқтала кеткен дұрыс болар. Бұл отбасылық ансамбль 1998 жылы құрылған. Сол жылы облыстық мұғалімдер арасында өткен «Наурыз шапағаты» деп аталатын фестивальде табысты өнер көрсетіп, облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталады. Бұдан кейінгі өтіп жатқан фестивальдерді құр жібермей, қатысып жүрген өнерлі ұжым 2012 жылы халықтық ансамбль атағына ие болды. Осыдан үш жыл бұрын республикалық отбасылық ансамбльдердің байқауы Қазалы ауданында өткізіліп, ансамбль жүлделі І орынды жеңіп алды.
Ансамбльдің репертуары өте бай, аса мұқият таңдалғанына мен өзім куә болдым. Атыраудың киелі топырағында Құрманғазы, Дина, Қаршыға Ахмедияров сияқты біртуар, дәулескер күйшілер шыққанын білеміз. Сахна төрінде Ғалымжан Сансызбаевтың орындауында Қаршыға Ахмедияровтың «Атырау» күйі күмбірлегенде, тыңдарман қауым бір серпіліп қалды. Ал Жәния Сәдуақасова Еркеғали Рахмадиевтің «Тарантеллосын» шебер орындап шықты. Концертті тамашалауға жастармен қоса орта жас, жетпістен асып, сексенді алқымдаған тыңдарман қауым көп жиналыпты. Нұрай Сәдуақасованың орындауындағы Әбілақат Еспаевтың «Маржан қыз» әні залдағы үлкен кісілердің жастық шағын естеріне түсіріп, балалық шағына қайта бір саяхаттатты.
Ансамбль құрамында 15 адам бар. Олар – Сәкеңнің балалары, немерелері мен келіндері және жары Қаншайым. Концерттің жоғары деңгейде өткенінен басқа назар аударатын бір жайт бар. Ол – ансамбль мүшелерінің пайдаланған музыкалық аспаптары. Яғни бұрынғы біздің көзіміз үйренген домбыра, баяннан бөлек, дауылпаз, асатаяқ, жетіген, сазсырнай секілді қазақтың көне аспаптарын қосыпты. Сондықтан болар, бұл бір ұмытылмастай әсер қалдырған өте тамаша концерт ретінде көптің есінде қалды. Концерт соңында Асқар Тоқмағанбетов ауылының әкімі Нұрлан Құрманәлиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабдолла Алданазаров, еңбек ардагері Бәрзубек Жылқыбаев, қолөнер шебері, өлкетанушы Жәнібек Махамбетов сөз сөйлеп, ансамбль мүшелеріне шығармашылық табыс тіледі. Сансызбай Сәдуақасовтың отбасына амандық, береке, бірлік тілей отырып, шынайы алғыстарын жеткізді.
Халықтық-отбасылық ансамбльдің жетекшісі – Талғат Сәдуақасов. Ансамбль мүшелерінің түгелге дерлігі арнаулы білімі бар. Ансамбльдің ұстанған бағыты – этнографиялық халықтық бағыт. Ал осы ансамбльдің өмірге келуіне себепші болған – Сансызбай Сәдуақасұлы. Сәкең екеуміз мектепте бірге оқыдық. Ол – сабақты жақсы оқыды. Бірақ музыкаға бейімділігі басымдау болатын. Біз № 35 Иса Тоқтыбаев атындағы орта мектепті 1968 жылы бірге бітіріп шықтық. Сол жылы Сәкең Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың музыкалық факультетіне оқуға түсті. Оны тәмамдап келгеннен кейін өзінің сүйікті Тереңөзегіне қайта оралып, елу жылға жуық музыка саласында жұмыс істеді. Қазір аудандағы «Құрақтың Досжаны» атындағы халық-аспаптық оркестрінің құрылуына, оның белгілі, абыройлы ұжым болуына Сәкеңнің сіңірген еңбегі мол. Бұдан басқа, зейнетке шықса да «Ұлағат» әкелер ансамблінің құрылуына ұйытқы болды. Бұл да Құдайдың берген денсаулығының, жігерінің, өнерге деген адалдығының арқасы шығар. Осы отбасылық «Шаңырағым – шаттығым» концерттік бағдарламаға «Ұлағат» ансамблінің мүшелері келіп, концертті тамашалады. Концерттің аты айтып тұрғандай, шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін дегіміз келеді.
Бахтияр МЫРЗАШ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі










