Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақиық ақынның шығармалары орындалды

Ақиық ақынның шығармалары орындалды

Шаған ауылдық мәдениет үйінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Аққудың қанатына жазылған жыр» тақырыбында қаламгердің өлеңдеріне қойылған қойылым байқауы өтті. Оған ауданға қарасты Тереңөзек кенті мен бірнеше елді мекеннен 12 талапкер қатысты.

Байқау барысында мәдениет ошақ­тарының өнерпаздары ақиық ақын өлеңдері желісінде тағы­лымы мол, танымы бөлек қойылымдар қойды. Мәселен, жетікөлдік өнерпаз Бақдәулет Бақытбек «Тоқта, ботам», аман­келділік Айсәуле Жамбыл «Сәби-ана», шіркейлілік «Асыл сөз» көркемсөз үйірмесінің мү­ше­­лері мен нағилық «Жас­тар» тобы «Аққулар ұйықта­ғанда», тереңөзектік көркемсөз үйір­месінің мүшелері «Мұқа­ғалидың мұңы», іңкәрлік Әділ­бек Ахметов ерекше орындап шықты. Өз кезегінде қо­ғалы­көлдік «Сөз маржаны» көр­кем­сөз үйірмесінің мүшелері «Же­тім­­дер үйі», асқарлық Бақ­тияр Төлепбай мен Еркежан Кеңес­байқызы «Мұқағали мәңгі жүректе» қойылымын ұсынды. Ал шағандық «Жыр-дария» то­бы «Мен өмірді жырлау үшін кел­генмін», сәкендік «Театр әле­мі» тобы «Мұқағалидың Жазушылар одағынан шығарылуы» қо­йылымынан үзінді қойды.

Өнерпаздардың өнерін баға­лаған әділ қазылар қатарында аудандық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақбота Асанова, аудандық мәдениет үйінің аға әдіскері Гаухар Сәрсенбаева, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков болды.

– Қазылар алқасының төраға­сы ретінде байқауға ұсынылған қойылымдардың деңгейі жоғары болғанын ерекше атап өткім келеді. Қатысушылар Мұқағали Мақатаев шығармашылығын те­рең түсініп, сахна тілі арқылы кө­рер­менге әсерлі жеткізе біл­ді. Әрбір қойылымнан ақын жыр­ларындағы нәзік сезім, өмірге деген көзқарас, адамгершілік пен тазалық айқын аңғарылды. Әсі­ресе, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының желісімен қойылған көріністерде қатысушылардың ак­терлік шеберлігі мен сахналық мәдениеті жоғары деңгейде кө­рін­ді. Жастардың ақын мұ­расына деген құрметі мен ықыласы қуантады. Бұл – рухани құндылықтардың сабақ­тас­­тығының айқын белгісі. Байқау барысында қаты­су­шылардың тек мәтінді жаттап қана қоймай, оның мәні мен мазмұнын жүрекпен сезініп, кө­рерменге жеткізуге тырысқаны байқалды. Бұл олардың шығар­машылық ізденісінің жоғары екенін көрсетеді. Осындай іс-шаралар жас ұрпақты әде­биет­ке жақын­датып, ұлттық құн­­ды­лықтарды дәріптеуде ма­ңызды рөл атқарады. Байқау жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылып, өз мақсатына жетті деп айтуға то­лық негіз бар. Қатысушыларға шы­­ғар­машылық табыс тілей отырып, алдағы уақытта да осындай мазмұнды байқаулар жалғасын та­бады деп сенемін, – деді қазылар алқасының төрайымы Ақбота Асанова.

Байқау қорытындысында же­ңім­паз бен жүлдегерлер анық­талып, арнайы диплом, алғыс хат және қаржылай сыйлық табысталды. Бұл ретте жақында ауылдық мәдениет үйінің директоры атанған Гүлзира Райымбекова бастаған ұжымның еңбегі бағаланды.


«Тт» ақпарат
11 сәуір 2026 ж. 102 0