Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолшылар Сыр елінде наурыз мерекесін тойлады

Жолшылар Сыр елінде наурыз мерекесін тойлады

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда, Түркістан, Ұлытау облыстары және Шымкент қалалық филиалы ұжымдары бірлесіп, наурыз мерекесін Сыр өңірінде тойлады.

Жалпы ұлыстың ұлы күнін жолшылар ұйымшылдықпен өткізуді жыл сайын игі дәстүрге айналдырып, өзара достық пен әріптестік байланысты нығайтып келеді.

Сырдарияның жағалауында өткен думанды шараға Елорда төрінен де қадірлі қонақтар келіп, бас директор Болатбек Айтбаевтың ізгі тілегі мен құттықтауын жеткізді. Наурыз мерекесінің биылғы ерекшелігі ұжымдар филиалға бөлінбей, әр өңірдің қызметкерлері араласып топ-топқа бөлінді. Яғни, табиғат аясында нағыз тимбилдинг болды.

Жолшылардан құралған 4 команда ұлттық спорт түрлерінен өзара сынға түсті. Білекті жігіттер гір көтеруден сайысып, Ұлытаудың зертхана меңгерушісі Жолдасбек Серік топжарды. Қол күресте ерлер арасында Ғалымжан Тұрмысбековке ешкім тең келмесе қыз-келіншектер арасында ұлытаулық Баян Ысқақова бұрымдылардың бәрін жықты. Асық атудан Түркістан филиалының маманы Ерлан Төребаев ең үздік мерген атанса, әріптесі Қайрат Шәкіров ләңгі тебуден алдына жан салмады. Ең тартысты бәсеке арқан тарту сайысында әр өңір өз атынан шықты. Жарыс қожайындары бұл сайыста мықтылық танытып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Мұнан бөлек, қатысушылар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан көріністер қойып, шығармашылық тапқырлығымен қазылар алқасын тәнті етті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Осылайша жолшылар наурыз мерекесінде ауызбірішілік пен сыйластықтың озық үлгісін паш етті.
06 сәуір 2026 ж. 52 0