Балғындардың мерекелік мезіреті
Ғайни Әбенова басқаратын «Қызғалдақ» балабақшасының бүлдіршіндері жыл басы саналатын Наурыз мерекесін ерекше тойлады. Оның ішінде «Бәйшешек» тобының тәрбиеленушілеріне Ұлыстың ұлы күнінің мәнмаңызы түсіндірілді, көрсетілді.
Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, әртүрлі ұлттық ойындар арқылы балалардың тілін дамыту, туған елге деген сүйіспеншілікпен бірге ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге, үлкендерді және бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу мақсатындағы іс-шарада үлкен топ балғындары ерекше белсенділік танытты. Оларға тәрбиешілер Гүлнара Арыстанбаева мен Айдана Қадірқұлова наурыз айының жыл басы саналатындығын, 22-сінде күн мен түннің теңелетіндігін, одан кейінгі күндері күннің ұзарып, түннің қысқаратындығын айтып түсіндірді. Сондай-ақ елімізде Наурыз мерекесін қалай атап өтетіндігін де таныстырды.
Мерекелік іс-шарада ұлттық киім киген бүлдіршіндер тақпақтар оқып, би биледі, өнерлерін көрсетті. Наурыз мерекесіне қатысты қойылым қойылды. Ұлдар қазақ жігіттерінің, ал қыздар қазақ биі мен «Текемет» биін биледі. Балдырғандарға Қыдыр ата ақ батасын берді.
Мұнан соң ұлттық ойындар ойналып, «Бәйшешек» тобының тәрбиеленушілері арқан тартысты. Сонымен қатар айтулы мерекедегі арнайы тағам – «Наурыз» көжеден дәм татты.
«ТТ» ақпарат