Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекітілетін тариф бағасы талқыланды

Бекітілетін тариф бағасы талқыланды

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК «Арал» СЖКБД филиалы жария тыңдау өткізді. Жиынға мекеме өкілдері, аудандық мәслихат депутаты, кент және ауыл әкімдері, аудан тұрғындары қатысты.

Жария тыңдау ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақ­сатында әлеуметтік желі арқылы ті­келей эфирде де жүргізілді. Депар­тамент басшысының орынбасары Ғ.Тойлыбек суды магистральдық құбыр жолдары, таратушы желілер арқылы беру және сарқынды су­ды­ бұру қызметтеріне байланыс­ты бе­кітілетін тариф жобасын­ тал­­қылау мақсатында жиналыс ұйым­дастырылып отырғанын жет­кіз­ді. Мұнан соң «Арал» СЖКБД фи­лиал ди­ректорының орынбасары Е.Қуандықов баяндама жасады. Ол мекеменің атқаратын жұ­мыс­­тарын, шығындар көлемін және ал­да­ғы жоспарлар туралы айтып өтті. Атап айтқанда, 1 текше метр­ге қосымша құн салығынсыз суды магис­траль­дық құбыр жолдары қызме­тіне 956,74 теңге, таратушы же­лілер арқылы беруге 871,89 теңге, сондай-ақ сарқынды суды бұруға 764,88 теңге ұсынылғанын жет­кізді. Бұл қызметтер бойынша өті­нім департаментке 11 мамырда түс­кен және тиісті қағидаға сәйкес өтінім 30 күн ішінде қаралады.

– Департамент қазіргі таңда қол­даныстағы нормативтік-актілерге сәй­кес филиалдың тариф бекітуге қатыс­ты ұсынымын қарауда. Құжат­тар­ бойынша нақтырақ айтсақ, шикі­зат және матриалдар, жанар-жағар май, энергия, жалақы, әлеу­мет­тік салық, ағымдағы жөндеу баптары бойынша түзетпелер қарасты­ры­луда. Түпкілікті шешім бүгін айтылатын ұсыныстар бойынша 22 шіл­деде қабылданады, – деді департамент басшысының орынбасары Ғ.Тойлыбек.

Өз кезегінде аудан ардагерлері Т.Сүлейменов, З.Жүсіпбаев, ауыл әкім­дері Ғ.Алданазаров, Б.Қыдыр­баев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов тариф бағасын бекітуде халықтың тұрмысын ескеру, жұмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар ұсыныс­ айтты.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
16 шілде 2022 ж. 385 0