Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Газ бағасы бекітіледі

Газ бағасы бекітіледі

Кеше Тереңөзек кенті мәдениет үйінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен тауарлық газды бөлшек саудада өткізу қызметі бойынша жария тыңдау өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Г.Өтегенова, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Е.Жоламанов, «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі басшысы Н.Өтепов, сала мамандары, ардагерлер мен кент тұрғындары қатысты.

Тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескеру үшін ұйым­дас­тырылған жария тыңдауда аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев күн тәртібіндегі бас­ты мәселеге жан-жақты тоқталып, ақпарат берді. Өз кезегінде Департамент басшысы Г.Өтегенова Тереңөзек кентін­де газды тасымалдау бағасын бекіту негізінде сараптама жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Сонымен бірге үш бөліктен тұратын тариф құнының жиынтығын анықтау мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынғанын жеткізді.

Өз кезегінде «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің басшысы Н.Өтепов алдағы уақытта бекітілетін тариф шеңберінде көтерілген мәселелер төңірігінде бірнеше нұсқаны келтірді. Негізінен, ұсынымда 1 текше метр газдың құны 19,66 теңге ретінде қарастырылған. Дегенмен, аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ескере отырып, тариф бағасы төмендетілуі мүмкін. Газ тасымалдау қызметі үшін тұрғындар коммуналдық төлемді «Жусан банк» арқылы терминал және мобильді қосымшасымен төлеу қарастырылады деп жоспарлануда.

Жиында кент тұрғындары Т.Сүлейменов, М.Елеусінов, М. Келдібаев, Ж.Айсин, М.Шілдебаев, Ж.Нарымбетов, Б.Ахметов, Г.Мұқашова тариф бағасы және газ құру мекемелерінің жұмыс сапасы, газ қауіпсіздігін сақтауға қатысты талаптар бойынша сала басшыларына сауалдарын қойды.

Ал аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы сайлаушылармен кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыс сапасын жақсарту үшін «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің аудандағы учаскесіне жұмыс телефонын орнату, мекеменің әлеуметтік желідегі парақшасының жұмысын жетілдіру, Департамент жүргізетін сараптамаға аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуын заң аясында қарастыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Облыстық энергетика және тұрғын үй комму­налдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Е.Жоламанов жиында тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің барлығы ескерілетінін атап өтті. Тереңөзек кентінің картасына енгізілмей қалған кейбір көшелердегі тұрғын үйлерге байланыс-ты жобалау жұмыстары жүзеге асырылатынын айтты. Аудан бойынша газ орнатуға жауапты мердігер мекемелердің лицензиялық құқығы расталғанын, олардың қызметін таңдау мен бағалау тұрғындар еркінде екенін айтты. «Тереңөзек газ тарату жүйесі» мекемесінің өзін-өзі қаржыландыру қызметтері жөнінде ақпарат берді.

Жария тыңдау «facebook» әлеуметтік желісі арқылы онлайн форматта да өткізілді. Бірақ, әлеуметтік желі арқылы сауал қоюшылар болмады. Алдағы уақытта кент тұрғындарының ұсыныс-пікірлері жан-жақты ескеріледі. Негізі, ауданда 8 әлеуметтік нысан, 450-ге жуық тұрғын үй табиғи газға қосылған. Ең бастысы, тұрғындардың тілегі – газ тарифінің бағасын заң аясында төмендету екені мәлім.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
12 мамыр 2021 ж. 603 0