Еңбегі елдің жадында
Қай кезеңде де елдің еңсесін тіктеп, тұрмысын түзеген тұлғалар – адал еңбегімен дараланған азаматтар. Жердің тілін тауып, шаруашылықтың шырайын келтіріп, ел игілігіне өлшеусіз үлес қосқан жандар қашанда құрметке лайық. Осындай еңбек майталманы, Сыр елінің ардақты перзенті, еңбек пен адалдықтың символына айналған Қожабек Дәдікбаевқа арналған тағылымды мүшәйра – тек бір азаматтың емес, тұтас еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің салтанаты.Шаған ауылдық мәдениет үйінде қарапайым ауылдан шығып, қажырлы еңбегімен биікке көтерілген тұлға, «Құрмет» орденінің иегерін еске алуға арналған аудандық ақындар мүшәйрасы өтті. Тағылымы мол әдеби іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында Қожабек Кенжебекұлының өмір жолы мен қызметінен сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Ең алдымен ауыл кітапханашысы Венера Айтуғанова арда азаматтың марапаттары, архивтік құжаттары, фотосуреттері мен естеліктері қойылған көрмені, тұлғаның өнегелі ғұмырын таныстырып өтті. Ауылдық клуб үйінің кіреберісінде Қожабек Дәдікбаевтың тағылымды ғұмырынан сыр шертетін ақпараттар орналастырылды.
Мүшәйра барысында Жандос Нұртайұлы мұндай игі іс-шаралар жастарды елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Қожабек Кенжебекұлы – өзінің саналы ғұмырын туған өлкесінің өркендеуіне, әсіресе ауданның ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге арнаған нағыз еңбек майталманы. Ол Сырдың бойын ырысқа толтырып, аграрлық сектордың әлеуетін арттыруда аянбай қызмет етті. Білікті басшы ретінде аудан экономикасының қарыштап дамуына, жаңа технологиялардың енуіне және ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосты. Еңбек жолында Тереңөзек совхозында инженер, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, жауапты ұйымдастырушы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім басшысы, өндірістік-техникалық кооперативтің бас инженері әрі директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
1994 жылдан өмірінің соңына дейін «Шаған» агрофирмасын басқарды. Ол басқарған агрофирма қысқа мерзім ішінде заманауи агроөнеркәсіптік кешенге айналды. «Ер есімі – ел есінде» деген халқымыздың даналық сөзі осындай азаматтарға қарата айтылса керек. Бүгінгі мүшәйра – тұлғаны ұлықтау ғана емес, адал еңбек пен биік адамгершіліктің рухани көрінісін жырмен өрнектейтін тағылымды алаң. Сыр топырағына сіңірген өлшеусіз еңбегі ақындар өлеңінің арқауына айналары сөзсіз. Баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін, – деді Жандос Нұртайұлы.
Мүшәйраға аудан орталығы мен ауылдық округтерден келген 11 ақын қатысты. Ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек иелерінің өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауда ақындар еңбек ерлерін, елдің рухын жырға тиек етті. Екі бөлім бойынша өткен мүшәйрада ақындар алдымен ауылдың ардақты азаматы Қожабек Кенжебекұлына арнау арнаса, екінші бөлімде жүрек қылынан сыр шертіп, еркін тақырыпта өлең оқыды. Көрермен қауым ұйқасты сөз, өрнекті өлең тыңдап, рухани байып, жігерленіп отырды. Аудандық жазба ақындар мүшәйрасына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аружан Мұханбетқали, ардагер-ұстаз Әлия Дәдікбаева төрелік етті. Сайыс қорытындысымен бас жүлдеге ақжармалық Айтмағанбет Темірханов лайық деп танылды. Бірінші орынды шағандық Ақерке Балманова иеленсе, екінші орынды қалжанахундық Самат Жұмаділ жүлделеді. Ал үшінші орынды жетікөлдік Қанат Көзейбай мен тереңөзектік Нұрсұлтан Сүйіндіков өзара бөлісті. Мәні мен маңызы терең жыр додасында өлеңімен көпшілік ықыласына бөленген Жанерке Байсынова, Айгүл Нұрғали, Данияр Уәлиев, Әйгерім Сүйінбаева, Салтанат Торғаева, Мақсұт Әбсадық «Алғыс хатпен» марапатталды. Айта кетейік, сайыс қатысушылары арнайы грамота және ақшалай жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ елді мекенде ауыл шаруашылығы саласының майталманы Қожабек Дәдікбаевты еске алуға арналған волейболдан жарыс өтті. Спорт сайысына барлығы жеті команда қатысқан. Нәтижесінде Аманкелді ауылының құрама командасы жүлделі бірінші орынды, Нағи Ілиясов спортшылары екінші орынды, Ақжарма ауылының командасы үшінші орынды, Іңкәрдария ауылының намысын қорғаған спортшылар төртінші орынды қанжығаға байлады. Тоспадоп бәсекесінде топ жарған командалар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар жекелей спортшылар мен үздік ойыншыларға ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйақылар табысталды. Атаулы күн қорытындысында ауыл шаруашылығы саласының майталманына айналған азаматтың рухына Құран бағышталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










