Ақ ұлпа мен ақ тілектің мерекесі
Аудан әкімінің балаларға арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Сәркеева, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шараға 150-ден аса оқушы қамтылды. Балалардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Жаңа жыл – әр үйге үміт, әр балаға арман ала келетін мереке. Осы кешке қатысып отырған балалардың жарқыраған жанары – ертеңге деген сенімнің белгісі. Ал сол сенімді аялап, баланың болашағына бағыт беріп отырған ұстаз бен ата-ананың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өтіп бара жатқан жыл ауданымыз үшін берекелі де баянды болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебі және С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Аудан орталығындағы №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейіне «Қазақстан Ұлттық қорынан» 250 млн теңге бөлініп, модификациялық кабинеттер жасақталды. Жастар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына Бесарық ауылында жаңа спорт кешені бой көтерді. Cоңғы 3 жылда бюджет және демеушілік есебінен ауданда 22 ойын алаңы пайдалануға берілді. Осындай көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде сырдариялық оқушылар көптеген бәсекелерде топ жарып келеді. Биыл ауданда 106 оқушы түрлі бағыттағы халықаралық, республикалық және облыстық білім байқауларында жеңімпаз атанды. Оқу мен спортта, өнер мен шығармашылықта жеткен жетістіктеріңіз ауданымыздың абыройын арттырып отыр. Бұл – аудан үшін үлкен мақтаныш. Осы жетістіктер – сіздерді қолдаған ата-ана мен аянбай еңбек еткен ұстаздардың ортақ жемісі. Алдағы жылы да оқушыларымыз сапалы білім алып, аудан мерейін үстем ететініне сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Балалар өнерлерін көрсетіп, театрландырылған қойылымды тамашалады. Өнерлі бүлдіршіндер басты кейіпкер Аяз атадан сыйлық алды.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік шырша жалғасын тауып, жүріп-тұруы қиын 30-ға жуық бала шат-шадыман көңіл-күйде болды. Негізінен, бюджет қаражаты есебінен Тереңөзек кенті мен барлық елді мекендегі 180 бала толықтай сыйлықпен қамтылды.
Б.ОРДАБЕКОВ










