Еңбегі елдің жадында
Алды-арты дария, кең болар.
Болмысы бөлек азамат
Халыққа үлкен бел болар», – деп жыр алыбы Жамбыл Жабаев жырлағандай, ел мен жердің келешегі үшін еңбек етіп, ел мүддесін бәрінен биік қойған болмысы бөлек халықшыл азамат Қожабек Дәдікбаевтың есімі Сыр жұртшылығына етене таныс десек, артық айтқандық болмас. Ол туған жерін түлету үшін аянбай еңбек етті, өмір жолын қажырлы еңбек пен адалдыққа арнады. Іскер азамат өмірінің соңына дейін туған жерінің өркендеуі үшін қызмет етіп, оның өнегелі өмірі мен еңбек жолы – ауданымыздың ғана емес, Сыр өңірінің тарихында алтын әріппен жазылып қалды.
«Әр адам – өзінің ішкі жан дүниесінің көрінісі. Адам қалай ойлайтын болса, оның өмір нәтижесі де дәл солай қалыптасады» деп жазған екен әйгілі Марк Цицерон. Иә, орнықты ойда терең мағына бар. Адамның ішкі жан дүниесі мен жүрегінің тазалығы, ата-анасының қанымен бойына сіңген адамгершілік қасиеті оны елге адал қызмет етуге жетелейді. «Елім» деп қабілет-қарымын, білімін, еңбекқорлығын туған жерге арнаған Қожабек Дәдікбаев ірі істің уығын қадап, керегесін кеңейтті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Тереңөзек кентінен кейінгі ең үлкен ауыл Шағанда әйгілі «Шаған» агрофирмасын құрып, директорлық қызметті абыроймен атқара білді.
Ақ пен қара, бақ пен нала, қуаныш пен қиындық қатар жүретін өмір белестері Сырдың ардақты азаматының өмір жолын өз өрнегімен өрбітті. Адамның адамдық қасиетінің негізгі өлшемі еңбексүйгіштік десек, Қожабек Кенжебекұлы еңбекке ерте араласты. 1956 жылы Сырдария ауданы, бұрынғы Ленин селосында дүниеге келген ол өз қатарластары секілді заман тынысына бейімделіп өсті. Білім алу жолынан қол үзбей, еңбек ете жүрді. Мектепте зерек, білімге құштар болған еңбекқор жас шәкірттердің алды болып, оқуды үздік бағамен бітірді. 1973 жылы болашақ мамандығына таңдау жасаған жас түлек туған жерден шалғайда жатқан Ақмола инженерлік-құрылыс институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын алып, жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдады. Жас маман алғашқы еңбек жолына аяқ басып, 1978 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ССР автомобиль жолдары Министрлігінің №36 автомобиль жолдары басқармасында инженер болып, еңбекте шыңдала бастады. Оның бұл ұмтылысы, туған жеріне деген құрметі өз ұлтына, мемлекетке деген патриоттық сезімдерге ұласты. Қожабек Дәдікбаев үшін еңбегінің ел кәдесіне жарағанын сезіну – өмірлік ұстанымына айналды.
Қолда бар деректерге зер салсақ, ардақты азамат еңбек жолында 1980-1982 жылдары Ақмола қаласына қарасты инженерлік-құрылыс институтының нормативті зерттеу станциясында зерттеуші инженер болып қызмет атқарған екен. Көп ұзамай өз біліктілігін әрі тәжірибесін арттыра түскен маман аға инженер болып қызметте жоғарылайды. Өзіне жүктелген әр іске жауапкершілікпен қарайтын ол уақыт өте туған жерге оралып, 1982-1984 жылдары «Шаған» совхозында инженер, бригадирдің көмекшісі болып еңбек жолын жалғастырады. Осы жылдары совхоздағы әріптестерінің арасында зор беделге ие болып, нәтижелі жұмыс көрсетумен дараланады. 1985-1989 жылдары Қожабек Кенжебекұлы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, жауапты ұйымдастырушысы қызметін абыроймен атқарды. Ел азаматы игілікті ісімен танылып, қайырымдылық пен қамқорлықтың зор үлгісін көрсетіп, ұлт болашағының өркендеуіне үлес қосып жүрген азамат екенін көрсете біледі.
1989-1990 жылдары Қожабек Кенжебекұлының қызметтік жолында айтарлықтай өзгеріс орын алып, қызметтік мансабы жоғарылайды. Вильнюс қаласындағы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы атанып, 1990-1991 жылдары Ленинград политология институтының тыңдаушысы болып, ел басқару ісіне осылайша аяқ баса бастайды. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін, кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті де білімді басшының ұйымдастырушылық қабілеті ерекше болады. Кәсіби шеберлігі заманның талабына сай материалдық-техникалық базаны нығайту, мамандармен толықтыру, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда алдына жан салмайды. Жаңа технологиялық үрдістерді енгізу және қызметкерлердің әлеуметтік мәселесін шешуге бағытталған жұмысты ұтымды жүргізе білу – басты назарда болғаны ел аузында.
Қожабек Кенжебекұлы азаматтық ұстанымын, іскерлігін, білім-білігін халық тұрмысын жақсарту жолына арнау ниетінде барынша қызмет етті. 1991 жылы ауыл шаруашылығының майталманы ауданда ауыл шаруашылық басқармасына бөлім басшысы болып тағайындалса, 1992 жылы аудандық өндірістік-техникалық кооперативтің бас инженері, кейінгі жылдары басқарушы болып қызметтік жолын жалғастыра түседі. Тоқсаныншы жылдары тоқырау жылдары болғанын тарих бетінен көре аламыз. Барлық салада орын алған тоқырау, ауыл шаруашылығына да өзіндік дағдарысын әкелді. Осы ретте Қожабек Кенжебекұлы оңтайлы шешімге қол жеткізіп, «Шаған» агрофирмасының жұмысын ұтымды ұйымдастырды. Агрофирма өндірген өнім сапалы болып, халыққа тигізген пайдасы көп болды. Шаруашылықтың қыры мен сырына терең үңіліп, бүтіндей бір ауылдың тыныс-тіршілігіне жауапты болу азаматтың еңбек жолындағы айтулы кезең, үлкен белес, асқаралы асу болды. Қол жеткен табыстармен шектеліп қалмай, талап пен талант жұптасып, алға шақырған күндер мен түндердің бейнеті емес, берекесі артып жатты. Совхоз дирекциясы, партия комитеті, кәсіподақ, комсомол ұйымдары егін орағының қорытындысы бойынша «Социалистік жарыстың жеңімпазы» деп таныды. Мемлекеттік жоспарды және социалистік міндеттемелерді орындау жолындағы Бүкілодақтық Социалистік жарысқа қосыла отырып, жанқиярлық еңбектің, өсірілген егіннің тағдыры жолындағы жауапкершілікті жоғары сезінудің тамаша үлгісін көрсете білді. Әрине бұл жұмыс еңбек адамына оңай тимегені анық.
Елімізге еңбегі сіңген құрметті азаматтың еңбегіне сай марапаттары да аз болмады. Атап айтсақ, 1996 жылы Күріш егісінен мол өнім алуды қамтамасыз еткені үшін Қызылорда облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан Құрмет грамотасын алды. Сонымен қатар аудан, қала, облыс, тіптен республика көлемінде сапалы өнімге қол жеткізе білгендіктен Қожабек Кенжебекұлының еңбегі бағаланып, сол кездегі Мемлекет басшысының өзі арнайы 1998 жылы кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Бұл тарихи сәтті сол кезде республикалық телеарналар көрсетіп, ақпарат құралдары сүйіншілей жариялағаны ел есінде. Ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы бойынша Қожабек Кенжебекұлы төрағалық еткен Сырдария ауданындағы «Шаған» агрофирмасы облыс жеңімпазы атанып, табанды еңбегінің арқасында іскер азаматтың жұлдызы жанды.
Адал еңбекті ту етіп, ел мүддесін бәрінен биік қойған азаматтың еңбегі жөнінде өз естелігімен бөлісетін азаматтар ауданымызда көп. Қиын кезеңде аудан әкімі қызметін атқарып, ауданға көп өзгеріс әкелген ел ағаларының қатарында «Құрмет» орденінің иегері Әріп Хожбанов өз естелігінде Қожабек Кенжебекұлымен кездескен сәтін тебіреніспен еске алады.
– Сырдария ауданына әкім болып тағайындалғаннан соң арада 2-3 күн өткенде жұмыс аяғына таман қабылдауыма Қожабек Дәдікбаев келді. Өзін таныстырып, ауылдың тыныс-тіршілігін баяндаған білікті төрағаның атқарып жатқан жұмысына риза болдым. Оның ауыл шаруашылығын ілгерілетуде алдына жан салмайтын азамат екенін таныдым. Белсенді, туған елге қызмет ететін нағыз жанашыр азамат екенін байқадым. Менің де жұмысыма сәттілік тілеп, алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасайтынымызды айтты. Жүзі жарқын азаматтың бейнесі көз алдымда қалыпты. Әттең бұл кездесу алғашқы әрі соңғы кездесуіміз болғаны өкінішті. Дәл ертеңіне Қожабек Кенжебекұлының жол апатынан қайтыс болғаны туралы хабар келді. Амал қанша, тағдырдан озмыш жоқ. Арада қанша жыл өтсе де елі үшін туған азаматтың айқын қолтаңбасы әлі де сайрап жатыр, – дейді қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы.
Пайымды пікірді Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алма Бақтиярова да қуаттай түсті.
– Еңбегімен ер атанған, халықтың жүрегінен орын алған Қожабек Дәдікбаевты қалай мақтасақ та, қалай дәріптесек те жарасады. Ол елдің бағына туған ардақты азамат болды. Қайта құру кезеңінің алғашқы қарлығашы еді. Музейде Қожабекке арналған арнайы іс-шаралар өткізуді қолға алып, тұтынған заттарын, марапаттарын жинақтаған болатынмын. Бұл оның рухына жасалған құрметтің белгісі. Ол өте іскер, мықты экономист атануымен де ерекшеленді. Есімі де, еңбегі де ешқашан ұмытылмайды. Рухани жаңғырамыз, тұлғалар рухына тағзым етеміз десек, Қожабектей азаматтарды еске алып, еңбегін насихаттауымыз керек, – дейді «Құрмет» орденінің иегері Алма Бақтиярова.
Қожабек Кенжебекұлы басқарған агрофирма жұмысы туралы талай ауыл шаруашылығы майталмандары жақсы лебізін білдіруге асық. Соның бірі ауылдың жағдайын жақсы білетін азамат Марат Омаров былай деп өзінің естелік әңгімесінде айтқан болатын.
– Қожабек бауырымыз шаруашылықтың әр саласын зерделеп тәртіпке келтіріп, еңбеккерлердің маңдай термен тапқан табысын өз пайдасына жаратпай, шығын шығармай шаруашылықтың өндірісін кеңейтіп, еңбеккерлердің айлығын үнемі көтеріп отырды. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы жерге де, елге де егелік етті. «Шаған» агрофирмасының аты елімізге танылып, «Ақмаржан» күрішін өзі өндіріп, оны өңдеп, нарыққа шығарды. «Директормын» деп көзге күйік болатындай соңғы маркалы көлік мініп, отбасына, ағайынына ерекше зәулім сарай салғызып, онсыз да бірде жетіп бірде жетпей отырған ауыл еңбеккерлерінің ызасын келтіріп аттың үстінен қараған жоқ. Осы кісінің ізін, тәжірибесін үлгі етіп қанағат тұтып келе жатқан директор інілері де қазір баршылық. Елдің де, мемлекетіміздің де құрметіне бөленіп жүр, – деді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Марат Омаров.
«Адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деп айтып кеткен екен өз дәуірінде ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Өзінің басындағы бақытты өзгелермен бөлісе білу, жақын жандардың жанарындағы кірбіңді айнытпай тану, ойланбастан көмекке келу, жылы лебізбен демеу жан дүниенің тазалығынан туындайтын қасиеттер емес пе! Бұл тұрғыда Қожабек Кенжебекұлы ауылдағы ағайыннан ешқашан аянып қалмады. Жаны жабырқағанның жанынан табылып, қайырымдылық іс жасауға асығып тұрды. Бар арман-мұраты ел-жұрттың қамын жасау, туған ауылын түлету, болашағын жарқын ету болды. «Адамды бақ та, байлық та емес, қанағат қана мұратына жеткізеді» деп ата-бабаларымыз өсиет етіп кеткендей, Қожабек Кенжебекұлының болмысында толдым деп тоқмейілсіну, болдым деп бәлсіну қасиеті болмады. Елім деп еміреніп, ел-жұрттың жағдайын жасап, болашақ ұрпақтың қамын ойлады. Өзі барда ауылдан жер ашылып, алма бағын егуге бастамашы болды. Бұл туралы «Шаған жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов:
– Шағанда Қожабек Дәдікбаевтың есімі ерекше құрметпен аталады. Шаруашылықтың да әбден кемеліне келгені осы тұс екені белгілі. Дәдікбаевтың тұсында Шағанда алма бағы егіліп, 2000 түп көшет отырғызыпты. Алмағайып тұста 13 жыл қараусыз қалған бақтың күтімі 2021 жылдан бері қайта қолға алынды. Сол мақсатта бірнеше адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Егілген 2000 түп алмадан 900 түп қалған екен, – дейді төраға.
Бақытын еңбекпен тапқан Қожабек Кенжебекұлының атында Тереңөзек кентінде, Шаған ауылында көше бар. Көше тұрғындары ардақты азаматтың есімін құрмет тұтады. Сондай-ақ арнайы шәкірттерге арналған шәкіртақы да бар. Жыл сайын белгіленген қаржы үздік деп танылған шағандық түлектерге тапсырылады.
– Қожабек ағамыз өз заманының дара тұлғасы еді. Қайбір жұмысты қолға алса да аяғына дейін жеткізетін қасиетіне тәнті болатынбыз. Ауыл шаруашылығын жандандырып, кеудесіне «Құрмет» орденін таққан аудандағы алғашқы азаматтың бірі болды. Тірі болғанда талай жақсы істің көшбасында жүрер еді. Жыл сайын ардақты ағамызды еске алуға арналған іс-шара ұйымдастырамыз. Түлектерге арнайы шәкіртақы тағайындалады. Осындай игі істің басы-қасында жүрген ел азаматтарына алғысымызды білдіреміз. Туған елдің қамы үшін еңбек етіп жүрген азаматтар аман болсын, – дейді Марат Дәдікбаев.
Ауыл шаруашылығы саласын түлетуде өзіндік дара қолтаңбасын қалдырған Қожабек Дәдікбаев тағдырдың жазуымен өмірден ерте озды. Ауыл шаруашылығының майталманы тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Болмысы бөлек тұлға отбасында асқар тау әке атанып, өмірлік жары Тұраш Әбдібекқызымен салиқалы ұрпақ тәрбиеледі. Еріне адал жар бола білген Тұраш Әбдібекқызы текті әулеттің келіні, бір отбасының анасы, сүйікті жар атанды. Ұзақ жыл ауданның білім саласында еңбек еткен ардақты ұстаз Шаған ауылындағы орта мектептің директоры болып, зейнеткерлікке шықты. «Өзінің еңбекқорлығымен, іскерлігімен дараланған Қожабек Кенжебекұлының ерен еңбегін – туған халқының алдындағы өтелген азаматтық парызы» деп біледі аяулы жар.
Расында да, туған жерін шексіз сүйген, адал еңбек ете білген азамат тірі болғанда талай ілкімді істің көшбасында жүрер еді. Амал қанша, есімі алтын әріппен жазылған ардақты азаматтың есімі артында ұрпағы, ел-халық бар кезде ұмытылмайды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Бибісара ЖАНӘЛІ










