Ғасырды арқау еткен ғұмыр: Яхия Тасыровтың өнегелі өмірі
Бабалар аманатына адал болу – әр ұрпақтың қасиетті борышы. Бұл ұлы мұраттың биік өлшеміне айналған жандар тарихтың төрінен орын алды. Елі үшін қан майданда қан кешіп, бейбіт күннің ақ таңын сыйлаған сол ерлердің өнегелі ғұмыры ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ. Солардың бірі – ғасырдың ғажайып куәгері, Сыр елінің абыз ақсақалы, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Яхия Тасыров.
Туған жердің топырағынан нәр алып, қазақы тәрбиемен сусындаған Яхия қарияның тағдыры тұтас бір дәуірдің шынайы бейнесіндей. Балалық шағы ашаршылықтың, бозбалалығы соғыстың зардабымен тұспа-тұс келді. Бірақ ол тағдырдың тауқыметіне мойыған жоқ, керісінше, шынығып, ширығып, ел үмітін арқалаған азаматқа айналды. Ташкенттегі тоқымашылар оқуын тәмамдаған жас жігіт тоқымашылық кәсібінің қыр-сырын меңгергенімен, өмір жолы тоқымамен емес, қарумен жазылды.
Отты жылдарда туған жерден жырақта, оқ пен оттың ортасында Отанын қорғаған жас сарбаз Сталинградтың сұрапылында, Курскінің отты қияндарында, Польша мен Данцинг портындағы кескілескен ұрыстарда жанқиярлықпен шайқасты. Ол әрбір жеңісті қанды терімен жақындатты, әрбір азат етілген елді мекенде өз үлесін қалдырды. «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ұлы Отан соғысы» І және ІІ дәрежелі ордендерінің, ерлік медальдарының төсіне тағылуы – оның ерен ерлігінің ресми мойындалуы ғана. Ал шынайы марапаты – кейінгі ұрпақтың бейбіт аспан астында алаңсыз ғұмыр кешуі еді.
Яхия Тасыровтың өмір жолы – тек майдан даласымен шектелмейді. Соғыстан кейін де ол тынымсыз еңбек етіп, туған өлкесінің дамуына сүбелі үлес қосты.. Әрдайым туған топырағына деген құрметін, адалдық пен жауапкершіліктің биік үлгісін көрсетті.
Яхия Тасыровтың өмірі – тағдырына таңбадай басылған қиындық пен ерліктің, еңбек пен төзімнің айнасы іспетті. Жас күнінде тағдырдың жазуымен майдан шебіне аттанған боздақтың әрбір сәті — ұлт тарихының алтын әрпімен жазылар сәттері еді.
Соғыс оның тәніне жара салғанымен, рухын қайрай түсті. Туған жерге оралғанда да қол қусырып отырмай, бейбіт өмірдің өрісін кеңейтуге бар күш-жігерін арнады. Тереңөзек кентіндегі сүт зауытында 16 жыл бойы қойма меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған ол, адал еңбектің, маңдай тердің қадірін арттырды. Кейін Жалағаш ауданындағы сүт зауытында мастер болып еңбек етті. Әрбір атқарған ісінде жауапкершілік пен адалдықты ту еткен Яхия қарияның есімі әріптестерінің арасында зор құрметке ие болды.
1972 жылдан 1982 жылға дейін аудандық құрылыс мекемесінде, одан кейін астық қабылдау пунктінде жұмыс істей жүріп, туған жерінің өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосты. Жай ғана қызметкер емес, айналасына үлгі боларлық азамат ретінде танылды. Оның қажырлы еңбегі мен тағылымды өмір жолы туған өлкенің жүрегінде мәңгілік із қалдырды.
Еңбекпен шыныққан, майданда ысылған Яхия Тасыров тек кәсіби өмірде ғана емес, рухани өмірде де белсенді болды. Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атанған қария аудан көлемінде өткізілетін барлық патриоттық іс-шаралардың қадірлі қонағы болды. Ол әркез жастармен кездесіп, өз естеліктерімен бөлісіп, бейбіт күннің бағасын ұғындырды.
Жастарға бағытталған әрбір сөзінде «Бейбіт өмірдің әр таңы – талай боздақтың қанымен келген қасиетті құндылық» екенін айтып отырады. Оның өнегелі әңгімелері жас буынның бойына Отанға деген шынайы сүйіспеншілік ұялатты.
Бүгінде 103 жасқа толған қария екі ғасырға куә болған санаулы тұлғалардың бірі. Ғасырлық ғұмырында ол ешбір саяси науқаннан шет қалмай, ел тағдырына бейжай қараған емес. Жақында өткен референдумда таңғы жетіден бастап №155 учаскеде өз таңдауын жасап, еліміздің болашағына тағы бір үлес қосты. Қасқая басып келген қарияға референдум мүшелері қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті. Бұл – елінің де өз перзентіне деген шексіз алғысы мен құрметінің белгісі еді.
Яхия қарияның тіршіліктегі басты мұраты – туған елінің өсіп-өркендеуі, бейбіт аспанның тұрақтауы, ұрпағының білімді, саналы болуы. Қазір оның артында ұлағатты ұрпақ – төрт баласы мен оннан астам немересі бар. Олар аталарының өнегесін мақтан тұтып, оның салып кеткен сара жолын жалғастыруда.
Яхия Тасыровтың ғұмыры – бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің тағдыры. Оның өмір жолына үңілсек, қайсарлық пен төзімнің, адалдық пен ерліктің ұлы симфониясын естиміз. Бала күнінде бейнеттің ащы дәмін татқан, бозбала шағында майданның от-жалынында шыңдалған, елге оралған соң бейбіт өмірдің қазығын қаққан Яхия ақсақал – қазақ халқының ең асыл қасиеттерін бойына жиған біртуар тұлға.
Ғасырлар алмасқан тұста да жүрегіндегі елге деген сүйіспеншілік отын сөндірмеген, әрдайым ұрпаққа бағыт-бағдар беріп отырған қарияның ғұмыры бүгінгі жастар үшін сарқылмас тәрбие мектебі дер едік. Ол тарихтан тек куәгер ретінде ғана емес, оны жасаушылардың бірі ретінде өз орнын алды. Майдан даласында жауға қарсы шайқасса, бейбіт күнде туған жерінің гүлденуі үшін тер төкті. Өмірінің әр белесінде туған еліне деген адал ниетін, жауапкершілігін ісімен дәлелдеді.
Бүгінде Яхия Тасыровтың артында қалдырған мол мұрасы – ұрпақ жүрегінде. Әрбір айтқан ақыл-өсиеті, әрбір өнегелі ісі санада жаңғырып, ертеңгі күнге жол көрсетіп тұр. Оның тағылымды тағдыры бізге мынадай үлкен шындықты ұқтырады: нағыз ерлік — тек қару ұстап жауға қарсы тұру ғана емес, бейбіт өмірде де маңдай термен елге қызмет ету, адал болу, ұрпақ тәрбиелеу.
Ғасыр жасап отырған абыз ақсақалдың өмірі – сарқылмас қазына. Ол – өткеннің көзі, болашақтың темірқазығы. Яхия Тасыровтың өнегелі ғұмыры арқылы біз өткенімізге тағзым етеміз, бүгінімізге шүкір айтамыз, ертеңімізге үмітпен қараймыз.
Әрбір қазақ баласы оның ғибратты ғұмырынан күш алып, Отан алдындағы өз борышын терең түсінуге тиіс.
Өйткені елдің ертеңі — бабалар аманатына адал ұрпақтың қолында.
Ал аманатқа адалдықтың ең жарқын үлгісі – Яхия Тасыров сынды ұлы тұлғалардың ғұмырынан табылады.
Мақала авторлары: Алматы қаласы, Әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетінің «Филология» факультетінің студенттері
Совет Әйгерім, Мұратқызы Мөлдір, Нурғанат Әдемі
Ғылыми жетекші: Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры Қозыбақова Ф. А