Ауыртпалыққа именбеген ардагер
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін салада 34 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып, ардагерлікке жеткен Арыскүл Байтілеу мемлекеттік қызметті абыроймен атқарды. Ол Сырдария аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету және цифрландыру бөлімінің жетекші маманы ретінде ұзақ жыл абыройлы қызмет етті.Арыскүл Сейісқызы алғашқы еңбек жолын ауданға қарасты сол кездегі О.Мәлібаев совхозында күріш құрамына зерттеу жүргізетін сарапшы болып бастады. Содан соң аудан орталығындағы кәсіптік техникалық училищеде арнайы курс оқып, механизатор мамандығын алды. Білімге, оқуға құштар Арыскүл Сейісқызы мамандық алу мақсатымен Шымкент қаласындағы медициналық училищеде оқыды. Оқу орнын бітірген соң ауданға келіп, санитарлық-эпидемиологиялық станцияға еңбек гигиена бөлімінің санитарлық дәрігер көмекшісі қызметіне жұмысқа қабылданды. Эпидемиологиялық саланың жұмысын ілгерілеткен маман коммуналды гигиена бөлімінде, паразитарлық ауруларды қадағалау бөлімінде паразитолог болды. 2012 жылдан бастап аса қауіпті ауруларды қадағалау бөліміне ауыстырылып, зейнеткерлікке шыққанша осы бөлімде жетекші маман қызметін атқарып келді.
– Осыдан 63 жыл бұрын Құндызды ауылында дүниеге келіп, ауылдағы орта мектепті бітірдім. Біздің кезімізде әрбір мектеп бітіруші түлек алдымен совхозда еңбек етіп, кейін қалаған мамандығы бойынша оқуға түсетін. Еңбек жолымды бастап, медицина мамандығын алған соң аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметке келдім. Жалпы 40 жыл еңбек өтілімнің 34 жылын осы салаға арнадым. Қызмет еткен жылдарымда талай қарбалас сәтті басымыздан өткердік. Әлі есімде 1995-1996 жылдары балалар жаппай гепатиттің А түрімен ауырды. Сол кезде уақытпен санаспай жұмыс істегеніміздің нәтижесінде ауруға тосқауыл қойдық. Алыстағы ауылдарға жету үшін көлік таңдамай, тіпті К-700 тракторына да мінгеніміз есімде. Тағы бір жылдары «9 мамыр Жеңіс күнінде» кент тұрғыны ас беріп, жаппай тамақтан улану орын алды. Көше-көшені аралап, аста болған кісілерді іздеп тауып, тиісті сынама алып, ауру көзін анықтау мақсатында демалыссыз жұмыс жасадық. Паразитолог көмекшісі болып жұмыс істеген жылдарымда ауру түрі өте көп болды. Энтеробиоз, гименолепидоз, дермотомикоз, трихинеллез, лейшманиоз ауруы белең алып, жұғу жолын анықтау үшін бар ынта жігеріммен жұмыс жасадым. Облыстан паразитология бөлімінің меңгерушісі Давид Генис тәжірибелік көмек көрсетуге келді. Сол кісіні түскі асқа үйге апаруым керек болып, жаяулатып келе жаттық. Ол кезде такси болмайтын. Давид Ефимович: «Арыс, где дом» дейді. Мен: «Он там» деймін. Сөйтіп, «он таммен» Мәлібаев ауылына әкелгенім бар. Ол кісі мені көрген сайын соны айтып, күліп алатын. Қазір ол кісі еліне көшіп кетті, еврей болатын. Осындай қызықты естеліктер болды. Шүкір, бейнетімнің зейнетіне жеттім, – дейді ардагер Арыскүл Сейісқызы.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын арттыруда ізденіп абыройлы еңбек еткен жан талай мәрте ауданда орын алған жұқпалы аурулармен күресуге атсалысты. Сондай аурудың қатарында «қышыма» ауруымен күрескенін де айтып берді. Тұрғындар күкірт қышқылын (серный мазь) жасауға ізденіп кеткен. Бір үйде қанша адам болса, соның барлығына жұққан. «Чесотка кенесі тері асты паразиті, өте жылдам жүріп, тері астына 30-40 жұмыртқасын тастайды. Ол кезде ауруханада диагностика жасайтын сарапшы болмады. Сынаманы облыстық паразитологияның зертханасына тасымалдадық» дейді. Мұнан басқа қауіпті ауру «құтырудың» да орын алған оқиғасы туралы айтып берген байырғы маман, бұл оқиға көпке сабақ болсын деді.
– Құтыру ауруымен ауырған науқастың ауру ошағына талай эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ауру көзін анықтау мақсатында сұрастыру, іздеу – диагнозды дұрыс, әрі жылдам қойылуына әсері болады. Сондай оқиға ауданның бір ауылында болды. Әйел кісі «құтыру» ауруынан қайтыс болды. Зерттеу барысында үйіне бала мысық қаңғып келген екен. Мысық ойыншық салатын жастық тысына кіші дәретке отырып кетеді. Оны науқас «бұл не» деп иіскеген. Сол кезде ерніне тиіп кеткен, ауыз қуысы арқылы құтырма вирусы еніп, жедел дамыған. Құтыру аса қауіпті ауру болғандықтан, жерлеуге біз өзіміз қатыстық. Толық дезинфекциялық іс-шараны жүргіздік. Ал ковид – әлемді жайлаған кез айтып тауыса алмайтын тарих. Балақтан аққан тер, науқастардың үйіне кіргізбей қуғандары, үлкен кісілер «ауруханаға бармаймын» деп теріс қарап жатып алғаны жұмыстың қиын сәттерінің бірі. Ол кезді ешкімнің басына бермесін. Шілде айында аяқта резина етік, үстімізде целофан комбинизон, көзде көзілдірік, бетперде, респиратор, қолда екі қабат резина қолғап. Айналып келгенде бұл елдің саулығына жасалған еңбек, – дейді майталман маман.
Ерлікпен пара-пар қызмет атқарып, қызметте жақсы көрсеткіш көрсеткені үшін Арыскүл Сейісқызына бірнеше мәрте алғыс жарияланып, марапат төрінен көрінді. Ең қызығы бұл сала маманын нағыз тергеуші дерсіз. Оның себебі бір аурудың жұғу көзін анықтау үшін сұрақ қойып, жауабын іздейді.
Арыскүл Сейісқызы жетекші маман ретінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын арттыруда белсенді әрі жемісті еңбек етті. Қоғамдық жұмысқа белсене араласатын маман үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, әріптестері арасында құрметке ие болды. Өз саласының білгірі «Облыстық үздік паразитолог – жетекші маманы» сайысында аудандар арасынан жүлделі үшінші орын жеңіп алып, «Құрмет» грамотасымен марапатталғаны маманның абыройын арттырды. Құрмет пен марапаттың төрінен орын алған жетекші маман Қызылорда облыстық мемлекеттік санитарлық бас дәрігерінің, ҚР ДСМ МСЭҚК Қызылорда облысы бойынша департамент директорының және аудан әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хаты», Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің «Құрмет грамотасы», Сырдария ауданының 90-жылдық мерекелік медалі сала ардагерінің жемісті еңбек жолындағы еңбегіне берілген марапат.
Әрине, табанды еңбек маманның ұдайы біліктілігін арттырумен құнды. Білікті маман ҚР ДСМ С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде біліктілігін бес рет арттырып, бір рет екінші, екі рет бірінші санатын мамандығы бойынша қорғап шықты. Басқармада қосымша кәсіподақ ұйымы төрағасы қызметін атқарып, әрбір маманның жағдайын жасауға күш салды.
Арыскүл Сейісқызы қызмет атқарған жылдары өзін білімді, білікті маман ретінде көрсеткені кейінгі мамандарға үлгі. Маман қызметіне ерекше жауапкершілікпен қарады. Сонысымен ұжымда зор беделге ие болды. Ардақты жан отбасының ұйытқысы ретінде жұбайы Темірбек ағамен бірге 2 ұл, 2 қыз тәрбиеледі. Қазір балаларының барлығы жоғары оқу орынын бітіріп, бір-бір мамандық иесі ретінде қызмет атқаруда.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ









