Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елеулі маман

Еңбегі елеулі маман

Аудан айнасына айналған газет өткен жыл­дың қорытындысына сай «Жыл үз­дігі» атанған түрлі сала мамандарын ақпараттандырып, еңбегін оқыр­манға насихаттауды жүйелі түрді жал­ғастырып келеді. «Bilim Orkenieti» ұлт­тық инновациялық ғылыми зерт­­теу орталығы ұйымдастырған респуб­ликалық байқаудың нәтижесі бойынша «Қазақстанның құрметті азаматы» марапатына ие болған Арыскүл Сейісқызын кент тұрғындары жақсы біледі.

Сырдария аудандық санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау басқармасының эпи­де­миологиялық бақылау және қадағалау, ха­лыққа мемлекеттік қызмет көрсету және цифрландыру бөлімінің жетекші маманы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Арыскүл Байтілеу – өз ісінің білікті маманы. Ол 1963 жылы Құндызды ауылдық округінде дүниеге келген. Бүгінде қызу еңбекке араласқанына қырық жыл болған маман ең алғашқы еңбек жолын совхозда күріш құрамын зерттейтін сарапшы болып бастаған. Адал еңбек пен бірбеткейліктің арқасында білімін жетілдіріп, осы сала айналасында түрлі қызметтерді абыроймен атқара білген. Арнаулы білімді Шымкент қаласындағы медициналық училищеде алған Арыскүл апа кент орталығындағы сол кездегі СПТУ-да сегіз айлық курс бойынша ме­ханизатор мамандығын оқығанын да айта кеткеніміз орынды. Алғашқыда жұмысшы болып талай тәжірибе жинақтаған маманның санитарлық-эпидемиологиялық қызмет сала­сындағы еңбек өтілі 34 жылды құрайды.

Денсаулық сақтау, оның ішінде санитар­лық-эпидемиология саласында елеулі еңбек етіп жүрген ардақты жан осы саладағы жұ­мысын гигиена бөлімінің санитарлық дәрігер көмекшісі болып бастаған. Одан кейін коммуналды гигиена бөлімінде, сосын паразитолог болып жұмыс жасаған. Кейін аса қауіпті ауруларды қадағалау бөліміне ауысып, қазір­гі таңда аталған бөлімде жетекші маман қыз­метін атқарады.

2020 жылы басталып, әлем халқын әбі­гер­ге салған коронавируспен күрес кезінде де білікті маман алдыңғы шепте қызмет көрсеткен. Жұқпалы ауру денсаулық сақтау саласы, оның ішінде санитарлық-эпидемио­логиялық бөлімге тікелей қатысты болғаны мәлім. Аты жаман аурумен күрес барысында халықтың қамы үшін дәрігерлермен қатар күндіз-түні күрескен осы сала мамандары болды.

Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығын арттыруда еткен еңбегі еле­ніп, Арыскүл апа талай марапатқа ие болып келеді. Ең алдымен, 1997 жылы жұмыс барысында жақсы көрсеткіш көрсеткені үшін алғыс жарияланып, еңбек кітапшасына жазыл­ған. Ал елеулі еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқаны үшін 2001 жылы Қызылорда облыстық мемлекеттік санитарлық бас дәрігерінің, 2011 жылы ҚР ДСМ МСЭҚК Қызылорда облысы бойынша департамент директорының және 2008 жылы аудан әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Сондай-ақ 2004 жылы «Медицина қызметкерлерінің төл ме­рекесі» күніне орай өткізілген «Облыстық үздік паразитолог-жетекші маманы» сайы­­сында аудандар арасынан үздік үшінші орынды жеңіп алып, «Құрмет грамотасы» және бағалы сыйлықпен марапатталғанын да атап өткеніміз жөн.

Білікті маманның еңбегі еленіп, 2013 жылы алған «Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының «Алғыс хаты», 2014 жылы ҚР ТҚҚА ҚОТҚҚД тарапынан «Құрмет грамотасы», 2016 жылы Қызылорда облыс әкімінің «Алғыс хаты», 2017 жылы аудан әкімінің «Құттықтау ха­ты», 2017 жылы қоғамдық денсаулық сақ­тау департаментінің «Құрмет грамотасы» – мәртебелі еңбекке көрсетілген лайықты құрмет. Сонымен қоса, 2018 жылы «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Жоғарыда атап өткеніміздей, 2020 жылы елдегі эпидахуалмен күресіп, жағдайды оңтайландыруға барынша атсалысқан маман сол жылдары да еңбегі еленіп, бірнеше марапатқа ие болған.

Білікті маман әркез өз білімін жетілдіріп, білмегенін үйреніп, тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп келеді. Ол 1 рет ІІ, 2 рет І категорияны мамандығы бойынша қорғап шыққаны да ауыз толтыра айтарлық жетістік. Еңбегімен мерейі артып, ортасына сыйлы болған Арыскүл апай қоғам өмірінде де бел­сенді. Ұжымда кәсіподақ ұйымының жұмысын қоса атқарып, жан-жақтылығымен жас ма­ман­дарға үлгі болып жүр.

Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын А.Байтілеу – ардақты ана, аяулы әже. Екі ұл, екі қызды тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Мамандығын мақтан тұтып, еңбегімен елге сыйлы болған жан бүгінде он немересінің қызығын көріп, өсіп-өнген әу­леттің ақылшысына айналған.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
17 қаңтар 2023 ж. 291 0