Қызметіміз – халыққа
Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің адал және сапалы жұмысымен мемлекетіміздің дамуына атсалысуы тиіс. Қызметтегі міндетімен қатар олардан отбасында, қоғамда үлгі болуымен қатар, адамдармен жақсы тіл табысуы талап етіледі. Аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Рүстем Бимағамбетов 16 жылдан бері мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып келеді. Оның қызметіне деген жауапкершілігі, біліктілігі мен жеке азамат ретінде алға ұмтылуы ел мүддесінің үдесінен шығуда.
Аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепті тәмамдаған Рүстем Уәлибекұлы Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледжіне оқуға түседі. Колледжден гигиена және эпидемиология мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын Сырдария аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасында жетекші маман болып бастайды. Санитариялық-эпидемиологиялық салаға келмес бұрын ол алдына үздік, білікті маман болу, елдің келешегіне қызмет ету мақсатын қояды. Жас маман алдымен арнайы тест тапсырады. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезініп, сынақтан мүдірмей өтіп, жетекші маман қызметіне тағайындалады.
– Жетекші маман ретінде 2 жылдай қызмет еттім. Содан соң бас маман ретінде қызметте жоғарыладым. Қазір басқармада эпидемиологиялық бақылау және қадағалау халыққа қызмет көрсету және цифрландыру бөлімінің бас маманы болып бірнеше жылдан бері қызмет атқарып келемін. Әрине, мемлекеттік қызметшінің мәртебесі жыл сайын өсіп, жауапкершілігі де арта түсуде. Мемлекет тарапынан да тұрақты түрде қолдау, мәселен, жалақаны арттыру, үздіктерді ынталандыру мәселесі де шешімін тапты. Мұны мемлекеттік қызметшінің уақытпен санаспай, ел мүддесі үшін қызмет еткендеріне көрсетілген қолдау деп білеміз, – дейді бас маман Рүстем Бимағамбетов.
Мемлекеттік қызметшінің жұмысы қиын әрі мемлекет күн-түн демей қызмет етуді талап етеді. Сондықтан кез келген туындаған мәселенің шешімін тауып, алдына келген халыққа жылы қабақ танытуы және мәдениеттілік көрсетуі арнайы заңда жазылған. Мұны қазір қарапайым халық жақсы білетіндіктен, мемлекеттік қызметшінің алдына барғанда ең алдымен одан сыпайы болуын және барынша түсінікті тілмен жауап бергенін күтеді. Мұның барлығы кәсібилік пен біліктілікке, жауапкершілікке байланысты. Бұл мемлекеттік қызметшінің басқа мамандық иесінен дәрежесі мен мәртебесінің биіктігін көрсетеді.
Абыройлы қызметті атқарып келе жатқан бас маман Рүстем Уәлибекұлы әлемді дүрліктірген пандемиямен күресте өзін алдыңғы шептен көрсете білді. Халық арасында жұқпалы індеттен сақтану, алдын алу жолын түсіндіру жұмыстарына белсене араласты. Тәуліктің кез келген уақытында сақадай сай тұрған бас маман облыстан жасақталған топпен Алматы қаласына қойылған блокбекетке жіберілді. Бір ай бойы блокбекетте қызмет көрсетіп, қауіпті індеппен күресте алдыңғы қатардан көрінді.
– Қауіпті індетпен күрес бәсеңдегенмен, тоқтаған емес. Өткен жылы жаз айында ауданда күн сайын жұқпалы аурудың таралуы үдей түскенін білесіздер. Науқастанған адаммен қарым-қатынаста болғандарды анықтап, ошақ қасынан табылу, мамандармен тығыз жұмыс жасау және нұсқау беру – біздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет тарапынан қойылған міндетті мемлекеттік қызметші ретінде абыроймен атқардық деп ойлаймын және алдағы уақытта да атқара береміз. Қазір індеттің таралуына жол бермеу мақсатында аурудың алдын алу үшін тұрғындармен үгіт-насихат жұмысын жалғастырып келеміз, – дейді бас маман.
Шын мәнінде, халықпен тікелей байланыс орнату оңай емес. Әркімнің түсінігі әртүрлі. Дегенмен сыпайы сөйлесіп, түсіністік орнаса, мемлекеттік қызметшіге де халықтың сенімі артады. Яғни мемлекеттік қызметші неғұрлым халыққа жақындай түссе, барлық мәселе шешімін табады деген сөз.
Санитариялық қызметте мемлекет мүддесімен қатар азаматтық парызын қатар қоятын бас маман елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты барынша сақ болуға шақырады. Адамдардың жауапкершілікпен қарап, сырқаттанып қалмау, жақындарымызға жұқтырып алмау, отбасымызға індетті алып келмеу үшін екпе егу қажеттігін айтады. Халық арасындағы «екпе салғыздық, енді маска киюдің қажеті жоқ» деген ұғымның қате екендігін және індетке шалдықпаудың жолы – санитарлық талаптарды орындап, ара қашықтықты сақтау керектігіне мән беру керектігін назарға салды.
Сонымен қатар көпшілік жиналатын жерге бармау, той-томалақты кейінге қалдыру, өз отбасы мүшелерімен ғана қарым-қатынас жасау, қоғамдық орында арақашықтықты сақтау, жеке гигиенаға аса мән беру, медициналық маска тағу, антисептик пайдалануға кеңес береді.
Мемлекеттік қызметте абыройлы маман Рүстем Уәлибекұлы – анасы, ауданның статистика саласының ардагері Баянкүл апаның үміт артар кенже баласы. Бауырлары әскери қызметші Руслан мен ақ халатты абзал жан Мерекенің қамқоршысы. Өнегелі отбасында сыйластық пен адамгершілік қасиеті бәрінен биік тұрады.
Бибісара ЖАНӘЛІ