Думандатып келді Ұлыстың ұлы күні
Келіндер бәйгесі
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Аманкелді ауылдық мәдениет үйінде «Шаңырақ күні» аясында мекемеаралық келіндер сайысы өткізілді. Ауыл әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асқан байқауда ибалы келіндер бірнеше кезең бойынша бақ сынады.Отбасы құндылығы дәріптелген іс-шарада қатысушы келіндер қазақы салт-дәстүрмен өздерін таныстырды. Қазақтың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындап, көпшілікке ұсынды. Алғырлықтарын танытып, әдет-ғұрыпқа байланысты сұрақтарға жауап беріп, өнер көрсетті.
Байқау қорытындысында жүлделі ІІІ орын Света Бажиеваға, ІІ орын Гүлсезім Ақылбековаға, І орын Гүлшара Найзабековаға беріліп, бас жүлдені Ләйлә Рахманова еншіледі.
Отбасылық фестиваль
«Шаңырақ күні» аясында Ақжарма ауылдық мәдениет үйінде «Бірлік пен бақыт мекені – Шаңырақ» тақырыбында аудандық отбасылық өнер фестивалі өтті. Бұл іс-шара Ақжарма ауылдық мәдениет үйі мен Іңкәрдария ауылдық клубының бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Отбасы құндылықтарын дәріптеген фестивальде бірнеше отбасы өнер көрсетіп, бақ сынады. Негізінен «Күміс той» иелері Шағыровтар мен Дүйсеновтер, «Қалайы той» иелері Нұрмахановтар мен Несіпбаевтар отбасы құрмет төрінен көрінді.
Отбасылардың өнеріне Ақжарма ауыл әкімдігінің бас маманы Айбол Ержанов, мәдениет саласының ардагері Зағира Ахметова, еңбек ардагері Абат Жағыпаров әділ бағасын берді.
Ұлттық киім ұлықталды
Аудан орталығында «Руханият орталығында» Ұлттық киім күніне орай «Ұлттық киім – Ұлт ұясы» атты қазақ халқының ұлттық, сәндік киімдерін көрсетуден аудандық фестиваль өтті. Іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Айдана Әлайдарқызы, аудан ардагерлері, қолөнершілер қатысты.
Фестивальде ұлттық киімдер ұлықталып, заманауи көзқараспен үндескен ерекше форматта көрермен назарына ұсынылды. Дизайнерлер мен тігіншілер этно-стиль бағытындағы заманауи киім үлгілерін көрсетіп, өз брендтерін таныстырды. Сән көрсетіліміне еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысып, әр жас ұрпақ ұлттық киімнің көркемдік және рухани мәнін сезіне алды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық киім – халқымыздың мәдени мұрасы, оны дәріптеу – болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз» деп ұлттық киімнің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық киімді тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде де кию қажет екенін айтқан болатын. Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен тағылымын, мәдениеті мен болмысын айшықтайтын асыл мұра. Әрбір ою-өрнекте, әрбір кестеде ата-бабамыздың дүниетанымы, талғамы мен өмірге деген көзқарасы көрініс табады. Қазақтың шапаны мен камзолы, сәукелесі мен кимешегі – ұлтымыздың айрықша келбетін танытатын құндылықтар. Бүгінгі іс-шара – сол асыл мұрамызды дәріптеп, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру жолындағы маңызды бастама. Ұлттық киімді ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Сондықтан осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Іс-шара соңында жергілікті дизайнерлер мен қатысушы топтарға аудан әкімінің мерекелік құттықтауы табысталды.
Көпшілік көшет отырғызды
Жаңару күнінде аудан халқы көшет отырғызып, табиғаттың түрленуіне атсалысты. Ауданға қарасты мекемелер ұйымшылдық үлгісін көрсетіп, бақшалық жерді қайта өңдеді. Әрине, Жаңару күні – табиғаттың түлеп, тіршіліктің қайта жанданатын ерекше сәті. Бұл күн – әрбір жанның жүрегіне үміт ұялататын, жаңа бастамаларға жол ашатын мереке. Көктемнің шуақты лебі адамдарды ізгілікке, татулық пен бірлікке шақырады. Өткенге есеп беріп, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды кезеңде адамдар бір-біріне жылы лебізін білдіріп, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа өмірге қадам басады. Табиғатпен бірге адам да жаңарып, жүрекке мейірім мен жақсылық орнайды. Сондықтан мереке – тек табиғаттың ғана емес, адам жанының да жаңғыруының белгісі саналады.
Рухты көтергенұлттық спорт
Ауданда «Ұлттық спорт күні» кең көлемде атап өтіліп, аталған іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар және ардагерлер мен спортшылар қатысты.
Өз кезегінде аудан басшысы спортшыларды мерекемен құттықтады.
Мерекелік іс-шарада қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, бес тас секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жасөспірімдерден бастап, кәсіби спортшылар мен ұлттық ойын жанашырлары да қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ ұлттық дәстүр дәріптелді.
Ынтымағы жарасқан ауыл
Ынтымақ күнінде ауданға қарасты барлық елді мекенде Ұлыстың ұлы күні тойланды. Айтулы күнде аудан әкімі Берік Сәрменбаев Асқар Тоқмағанбетов ауылына барды. әз-Наурыз мерекесіне арналған салтанатты жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар және ауыл тұрғындары қатысты.
Асқарлық ағайындарды аудан басшысы мрекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтауға, береке мен бірлікті нығайтуға бағытталды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін ұлттық ойындар ойнатылып, қазақтың әдет-ғұрыптары дәріптелді. Сонымен қатар бірқатар ауыл ардагерлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мереке ауыл өнерпаздарының концертіне ұласты.
Көше наурызыжанданды
Жыл басы – әз-Наурыз мерекесін жергілікті халық кеңінен атап өткені мәлім. Әрбір көшеде наурыз көже пісіріліп, қазақы тағамдар дастарқаннан орын алды. Жыл басы – әрбір адам үшін жаңа мүмкіндіктер мен жарқын үміттердің бастауы. Бұл кезең – өткенге қорытынды жасап, болашаққа жоспар құратын ерекше сәт. Жаңа жылмен бірге әркім жүрегінде жаңаша серпін, тың мақсаттар мен армандарға жол ашады.
Көше Наурызында келіндер үлкендерге сәлем салып, шай құю әдебіне аса мән берді. Балалар үлкендердің қолына су құйып, ақ батасын алды. Сан түрлі ұлттық ойындар ойнатылып, олар салт-дәстүрді жаңғырта түсті.
«Мөлдір бұлақ»
экологиялық акциясы өткізіледі
экологиялық акциясы өткізіледі
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Тазару күні» аясында елімізде «Мөлдір бұлақ» іс-шарасы өткізіледі.
Аталған экологиялық акцияда тұрғындар бірлесе еңбек етіп, «Сырдария» өзенінің жағалауын тазалап, табиғатқа жанашырлық танытудың жарқын үлгісін көрсетеді. Көпшілік қоршаған ортаны тазартуға белсенді атсалысады.
Атаулы күннің мақсаты – табиғи бұлақтарды, өзендер мен көлдердің жағалауларын тазарту. Ағаш отырғызу, су айдындарының айналасын қоқыстан арылту, экологиялық мәдениетті арттыру шеңберінде Сырдария ауданында жүйелі жұмыс жалғасуда.
Дайындаған
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Балтабай ОРДАБЕКОВ










