Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық аулау байқауы

Балық аулау байқауы

Отбасы күні аясында «Отбасыммен табиғат аясында» аудандық отбасылық әуесқой балық аулаушылар сайысы өтті. Табиғатпен үндесе отырып, отбасы құндылығын арттыруды мақсат еткен іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ақжарма ауылдық округі әкімдігі қолдау көрсетсе, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне Ақжарма ауылдық мәдениет үйі жауапты болды.

Аталған сайысқа барлығы 6 команда қатыс­ты. Әкесі мен баласы немесе өзге де отбасы мүшелерімен бірге келген қатысушылар бай­қауға үлкен ынтамен ден қойды. Әр команда екі адамнан құралса, байқау бір ғана кезеңнен тұрды. Жыл сайын тұрақты түрде ұйым­дастырылып жүрген сайысқа аудандық мәслихат депутаттары, Ақжарма ауылдық мәдениет үйі директоры Айтмағанбет Темірханов, қауіпсіздік саласы қызметкерлері қатысып, балықшыларға сәтті­лік тіледі.

Қалғандария жағажайында өткен балық­шылар сайысына жүлделі орындар мен бағалы сыйлықтар тігілді. Арнайы жеребе арқылы ретті­лік таң­далып, балықшылар сайыс­қа қызу кірісті. Балық аулау байқауына Көшербаевтар, Сейтмұратов­тар, Мясцовтар, Тасбергеновтер, Күншығаровтар, Нұғымановтар отбасы қатысты. Әділ қазылардың шешімімен І орын тереңөзектік Мясцовтар отбасына бұйырды. Ал ІІ орынды Шаған ауылынан келген Тасбергеновтер жеңіп алды. ІІІ орын Ақжарма ауылынан қатысқан Нұғымановтар отбасына бұйырды. Сондай-ақ ең үлкен балық ұстаушы да сый-сияпаттан құр қалмады. Байқау бойына ерекше ынта танытып, ең үлкен балықты ұстаған «Шаған» командасының қатысушысы Бексейіт Аян «Big Fish» аталымымен марапат­­талып, сыйлыққа газ плитасын жеңіп алды.

– Балық аулау адамға жан тыныштығын сыйлайды. Бұл – табиғатпен үндестіктің бірден-бір көзі. Бір жағынан әкеден балаға тәрбие болар үлгі-өнеге. Сол себепті жыл са­йын дәс­түрлі түрде балық аулау сайысы өтіп тұрады. Балық аулаудың арнайы ереже, тәртібі, сондай-ақ өзіндік маусымы болады. Кезекті сайысымыз жоғары деңгейде өтті деу­ге негіз бар. Табиғат аясында, таза ауада бір сәт сергіп әрі пайдалы іспен шұғылдануға негіз­делген сайысқа біреулер інісімен, енді бірі баласымен қатысты. Аудандық ауру­хана­­­дан жедел-жәрдем көлігін, төтенше жағ­дай­лар бөлімінен құтқару жасағын алдырып, қатысушы отбасылардың қауіпсіздігін бірін­­ші орынға қойдық. Сайыс қорытындысы бойын­­­ша жеңімпаздар арнайы диплом және баға­лы сыйлықтармен марапатталды, – дей­ді республикалық спорттық балық аулау жарыс­­тарының қатысушысы, облыстық, қала­лық деңгейдегі балық аулау сайыстарының жеңім­­пазы, сайыс төрешісі Айтмағанбет Серікбайұлы.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
17 қыркүйек 2024 ж. 232 0