Түркияда наурыз қалай тойланады?
Бұл Наурыз бұрынғыдан өзгерек... Себебі биыл Ұлыстың ұлы күнін мен туған елден жырақта, Анадолы жерінде қарсы алғалы отырмын. Түркі дүниесіне ортақ мерекені тарихи кеңістікте сезіну ерекше әсер сыйлайды деген үміт бар. Бірақ күнтізбеде көктемнің келгенін айшықтайтын 22 наурыз жақындағанымен, айналада мерекелік қарбалас байқалмайды. Қазақстандағыдай абыр-сабыр, қайнаған тіршілік, алаңға жиналған халық жоқ. Қала өз ырғағымен өмір сүріп жатыр. Ал Наурыз көпшілік үшін қалыпты күндердің бірі сияқты.Мұның өзіндік себептері бар. Түркияда 22 наурыз ресми мереке ретінде бекітілмеген. Сондықтан жалпыхалықтық деңгейде атап өтілмейді. Түрік қоғамы Наурызды, ең алдымен көктемнің келуі, табиғаттың жаңаруымен байланыстырады. Яғни, кең ауқымды мерекеден гөрі, тіршіліктің жаңаруын айшықтайтын символикалық күн ретінде қабылдайды.
Мәселенің тағы бір қыры – тарихи-саяси фактор. ХХ ғасырдың соңында Анадолының оңтүстік-шығысындағы кей өңірлерде Наурыз мерекесі тек көктемді қарсы алу емес, жергілікті халықтың этникалық және саяси талаптарын білдіру шарасына айналды. Сол кездегі жаппай шерулер полициямен қақтығысқа ұласқан. Бұл жағдай халық арасында мерекені ашық алаңда думандатып тойлауға деген сақтық сезімін қалыптастырды. Сол себептен кейінгі жылдары Наурыз символдық, мәдени және академиялық форматта өткізілетін болды.
Анкара университетінің докторанты Назерке Ахметова да бұл ерекшелікті құптайды. Бес жылдан бері Түркияда тұрып жатқан ол Наурыздың мұнда мүлде ұмыт қалмағанын, алайда оның форматы өзгеше екенін айтады.
«Түркияда Наурызды негізінен түркітану орталықтары, түркі елдері диаспорасы мен жоғары оқу орындары ғана атап өтеді. Шаралар шағын форматта, көбіне ғылыми конференциялар мен мәдени кештер түрінде ұйымдастырылады. Қазақстандағыдай кең көлемде тойланғанын көрмедім. Мұнда ол көбіне символикалық деңгейде ғана сезіледі», – дейді ол.
Иә, бұл сөздің жаны бар. Түркияда Наурыз көбіне мәдени-академиялық форматта аталып өтеді. Университеттерде ғылыми баяндамалар оқылып, түркі халықтарының тарихы мен дәстүрлері таныстырылады, шағын концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Десе де кейінгі жылдары Анкара бұл мейрамға ерекше мән бере бастады. Ел Президенті Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен Наурызды түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасы ретінде дәріптеуге басымдық беріліп отыр.
Биылғы Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, мерекенің сипатына әсер етіп отыр. Түрік қоғамы бұл кезеңде рухани құндылыққа көбірек мән беріп, құлшылықты алдыңғы орынға қояды. Сол себепті думанды шаралар емес, байсалды, тыныш атмосфера басым.
Сөйтіп, Түркияда Наурыз – ұмыт болған мереке емес. Ол мәдени жадта сақталған, бірақ қазіргі таңда жалпыхалықтық сипаттан гөрі символдық деңгейде көрініс табады.
Ал мен үшін бұл Наурыз, бәлкім, дәл осы өзгешелігімен де есте қалар… Ал туған жерім Сырдария ауданындағы жерлестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әрқашан жырақта жүрсек те, салт-дәстүрімізді ұмытпай, ұлттық тағам әзірлеп, дәстүр сабақтастығын өзге елде жаңғырта береміз.
Әсия НҰРЛЫБАЕВА,
«24KZ» телеарнасының Түркия Республикасындағы










