Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Ұлыстың Ұлы күні Әз-Наурыз мерекесімен құттықтауы
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды татулық пен бірліктің, еңбек пен ырыстың жарқын мерекесі Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – ата дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Көктемнің шуақты мерекесінде табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеліп, жаңа кезең басталады. Қазақ елі әз-Наурызды бағзы заманнан бері тойлап келеді. Бұл – ең алдымен, игі істер мен ізгі бастамалардың мерекесі».
Биылғы жыл еліміз үшін де, өңіріміз үшін де айрықша мәнге ие, тарихи тұрғыдан маңызды кезең болды. Халқымыз ұлт тарихындағы жаңа белеске қадам басты. Мемлекет басшысының бастамасымен өткен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған республикалық референдумда Сыр өңірінің тұрғындары жоғары белсенділік танытып, ел бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – Президентімізге, мемлекетіміздің тұрақты дамуына және Ата Заңымызға деген сенімнің айқын көрінісі. 15 наурыз – Конституция күні ретінде айрықша мәнге ие болып, жаңа Ата Заңымыз 1 шілдеден бастап өз күшіне енеді.
Биылғы Наурыз мерекесіне Сырдария ауданы да толайым табыстармен жетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен ауданымызда халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында ауқымды, жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Қадірлі жерлестер!
Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, әр отбасыға береке мен молшылық әкелсін! Еңбектеріңіз жемісті, істеріңіз берекелі болсын!
Еліміздегі тұрақтылық нығайып, бірлігіміз бекемделе берсін!
Наурыз мейрамы баршаңызға құт-береке, ырыс-ынтымақ сыйласын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!










