Мереке қарсаңында құрмет көрсетті
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы «EL QURMETI» қоғамдық қорының өкілі Шолпан Ералиевамен бірге ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала мамандарына құрмет көрсетті.Партия филиалында өткізілген мерекелік жиынға денсаулық сақтау, білім беру салаларында еңбек етіп жүрген майталман мамандар құрметті мейман ретінде шақырылды және жергілікті БАҚ өкілдері де қатысты.
– Сіздерді Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! «Наурыз» сөзі біріншіден, «жаңа күн» дегенді білдірсе, екіншіден, күн мен түн теңеледі, сондықтан барлық бастама, ұлы істі ырымдап халық осы күні бастаған. Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана хал¬-қымызда ерекше сән-сал¬та¬натпен аталып өтеді. Бұл бір жағынан өткенді саралап, болашағымызды болжайтын айрықша маңызға ие. Кейінгі уақытта аймақта қаншама игілікті іс атқарылуда. Сыр өңірі сан-салалы серпілістің алтын бесігіне айналуда. Ауызбіршілігі мен ынтымағы берік Сыр халқы 15 наурызда өткен референдум сайлауында жарқын болашақ үшін белсенділік та¬нытты. Баршаңыздың еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Қызметтеріңізге табыс, абыроймен мен сәттілік тілеймін. Сындарлы сәтте көрінген нық ұстаным мен ортақ мүддеге деген көзқарас елдіктің мерейін әрдайым асқақтата берсін, – деді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде «EL QURMETI» қоғамдық қорының өкілі Шолпан Ералиева мереке қарсаңынды еңбегі еленіп, марапат биігінен көрініп жатқан майталман мамандарды құттықтап, тілектестігін білдірді.
– Халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген даналық сөз бар. Сіздер ел үшін, ұрпақтарыңыздың баянды болашағы үшін жұмыс істеп, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген мамансыздар. Сондықтан «Ел құрметі» қоғамдық қорының өздеріңізге деген ризашылығы шексіз. Бұл марапатты халықтың, қоғамның алғысы, құрметі деп қабылдайсыздар. Наурыз мейрамы – халқымызға құт - берекесімен, ырыс-ынтымағымен келсін. Ұлыстың ұлы күні игі тілектеріңіз қабыл болып, әр отбасына бақыт пен береке сыйласын және мерекедегі марапаттарыңыз құтты болсын, – деді «EL QURMETI» қоғамдық қорының өкілі Шолпан Ералиева.









