«Ұлттық киім — ұлт ұясы» фестивалі өтті
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Наурызнама онкүндігінің 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай аудандық "Руханият" орталығында «Ұлттық киім – Ұлт ұясы » атты қазақ халқының ұлттық, сәндік киімдерін көрсетуден аудандық фестиваль өтті. Іс-шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Айдана Әлайдарқызы, аудан ардагерлері, қолөнершілер қатысты.Фестивальде ұлттық киімдер ұлықталып, заманауи көзқараспен үндескен ерекше форматта көрермен назарына ұсынылды. Дизайнерлер мен тігіншілер этно-стиль бағытындағы заманауи киім үлгілерін көрсетіп, өз брендтерін таныстырды. Сән көрсетіліміне еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысып, әр жас ұрпақ ұлттық киімнің көркемдік және рухани мәнін сезіне алды.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев – «Ұлттық киім – халқымыздың мәдени мұрасы, оны дәріптеу – болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз»- деп ұлттық киімнің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық киімді тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде де кию қажет екенін айтқан болатын. Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен тағылымын, мәдениеті мен болмысын айшықтайтын асыл мұра. Әрбір ою-өрнекте, әрбір кестеде ата-бабамыздың дүниетанымы, талғамы мен өмірге деген көзқарасы көрініс табады. Қазақтың шапаны мен камзолы, сәукелесі мен кимешегі – ұлтымыздың айрықша келбетін танытатын. Іс-шара – сол асыл мұрамызды дәріптеп, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру жолындағы маңызды бастама. Ұлттық киімді ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Сондықтан осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін,- деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Іс-шара соңында жергілікті дизайнерлер және қатысушы топтарға аудан әкімінің мерекелік Құттықтауы табысталды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі









