Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдени ғұрыптың бірі – аластау

Мәдени ғұрыптың бірі – аластау

Қазақ халқының мәдениеті бай әрі терең, оның әрбір салт-дәстүрі өмір салтының, дүниетаным мен әдет-ғұрыптың көрінісі болып табылады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер адамдардың қоғамдағы қарым-қатынасы, табиғатқа деген құрметі және жақсылыққа деген ниеті арқылы қалыптасқан. Мәдени салт-дәстүрлер – бұл тек рәсімдер емес, олар арқылы адам өз өмірінде үйлесімділік, тәртіп пен рухани тазалық орнатуға тырысады.

Аластау – қазақ халқының ежелден келе жатқан ғұрпы. Ол жамандықты қуып, үйді, адамды тазалау мақсатында жасалады. Бұл рәсімде көбіне адыраспан сияқты қасиетті өсімдікті тұтатып, түтін шығарылады.«Алас, алас, пәледен алас!» деп әжелеріміз ырымын жасап, аластап отыратын болған.

Бұл ретте аластау – рухани тазалық, амандық, береке тілейтін ғұрып. Қазақтар жаңа үйге кіргенде, бала туған кезде және ұзақ сапардан келген адамды аластап, жақсылық тілеген. Қазіргі заманда кейбіреулер бұл дәстүрді ескілік деп есептесе де, ата-бабаларымыз үшін ол – маңызды салт болып қала береді. Тіпті басқа елдерде де адамдар ұқсас рәсімдерді жасауды құптап, үйлерін немесе кеңістігін тазартуға мән береді.

Сонда аластау рәсімі ежелден орныққан отқа табыну болып табылады. Ауру-сырқаудың бәрi адамға жын-шайтан мен перi­лердiң соғуынан жабысады деп санал­ғандықтан, әрбiр көшкен сайын киiз үйдi де, малды да, мүлікті де алас­тайды. От тұтатып онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді ара­лата аластайды. Мұны жөн білетін, емнен хабары бар адамдар атқаратын болған. Аластау сонымен бірге, тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылды. Мал індеті шыққан кезде түрлі шаралар жасалғанда адыраспанды тұтатып қораны да аластаған. Келін босаға аттағанда әруақтарға арнап отқа май құяды. Жаңа түскен келіннің енесі май құйылған отқа алақанын қыздырып алып, келіннің бетін сипайды. Бұл келіннің «жүзі жылы, өзімізге ыстық» болсын деген ниетті білдіретін болған. Баланы бесікке бөлердің алдында егде тартқан әйел бесікті аластайды. Мейлі күндіз, мейлі түн болсын бесікті шақпақ немесе май шам сияқты жарық шығаратын заттармен бас-аяғын айналдыра үш рет аластап, барып бөлейді.

– Қазақта адыраспанмен үй алас­тау – ертеден келе жатқан жақсы ырым. Үйді адыраспан түтінімен аластап, жамандық пен тіл-көз­ден сақтасын деп ниет етеміз. Оның жұпар иісі үйге тазалық пен тыныштық әкеледі деп үлкендер айтқан. Сондай-ақ тұмауратқанда да адыраспан түтетіп, үйдің ауасын тазартып отырған дұрыс. Бұл – ата-бабадан қалған ғұрыптың бірі, – дейді кент тұрғыны Эльмира Айтмағанбетқызы.

Аластау – қазақ халқының таби­ғатқа, отқа және рухани тазалыққа деген ерекше құрметін көрсететін салт. Бұл рәсім тек жамандықтан қорғау сенімі ғана емес, сонымен бірге адамдардың бір-біріне амандық, тыныштық тілеуінің бел­гісі.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА

17 наурыз 2026 ж. 97 0