Адыраспанмен тазалық жүргізудің құпиясы
Киелі өсімдіктің сыры
Бала кезімізде «Алас-алас, пәледен алас, көзі жаманнан алас, тілі жаманнан алас!» деген сөзді әжеміздің аузынан көп еститінбіз. Қолындағы темір қауашағына салынған адыраспанмен үйді әлсін-әлсін аластап жүретін үйіміздің үлкені. Сол көргенімізді қазір өзіміз де істеп жүрміз. Себебі адыраспанның қасиеті жайлы кейуана талай рет айтып берген болатын.
Ата-бабадан келе жатқан аластау рәсімі, әсіресе үйінде жас баласы барларға пайдасы көп. Бесікке жатқызбас бұрын адыраспанды түтетіп, аластап, нәрестенің шошымай, тыныш, жақсы ұйықтауына көмегі тиеді дейтін. Ауадағы микробтарды тазалаудың таптырмас құралы десек те болады. Өзінің емдік қасиетінің арқасында тұмауратқан адамның үйін аластасаңыз немесе ішіңіз ауыра қалса, адыраспанның үш-төрт дәнін ішсеңіз дерттен айығасыз. Жалпы көптеген ауруға ем екенін ескінің көзі құлағымызға сіңірген болатын.
Ауылдық жерде тұратындар жаздыгүні түтіндік қояды. Шыбын-шіркейден қорғану үшін түтіндікті адыраспаннан бықсытып қоюды осы күнге дейін көріп жүрміз. Бұрынғылардан келе жатқан сенім бойынша далада өсіп тұрған өсімдікті бойы таза, дәреті бар, ер адам жұлуы керек. Сонан соң оны аларда «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан. Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» деген сөзді айтады. Мұның себебін үлкендеріміз адыраспанға Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар дем салған, деп түсіндіретін. Осынысымен және шипасымен киелі саналатын өсімдіктің сабағы да, жапырағы да, тіпті түтіні де дертке дауа болып саналған.
Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, адыраспанның өзіндік иісі болғандықтан және малдың жеуге жаратпағандығынан кәсіптік мақсатта көбірек пайдаланған. Ең негізгісі – жұқпалы аурулардың таралмауына қарсы дәрі-дәрмек ретінде қолданылса, халқымыздың ертеден-ақ тері, қышыма, ревматизм сияқты ауруларды емдеп жазатыны дәлелденген. Аяқ-қолы сырқыраған адамдардың денесін адыраспанды қайнатып, сол сумен буласа, ауру тыйылатын көрінеді. Сонымен қатар суық тию, денеге бөртпе шыққанда, тіс ауырғанда өсімдіктің суы да ем, буы да ем екенін білген жөн. Адыраспаннан жасалған дәріні фармацевтикада қабыну, зәр айдауды жақсарту, ішек құртын өлтіру, қызыл иектің қанауын тоқтату сияқты сан түрлі дертке қарсы қолдануға кеңес береді.
тазалық кепілі
Қазіргі елдегі ушыққан жағдай адамдардың санасын сан-саққа жүгіртуде. Барлығы дерлік жеке тазалыққа аса мән беріп, жұқпалы инфекциядан қорғанудың барлық амалын жасауда. Қолды әлсін-әлсін сабындап жуып, антисептик қолдану, бетперде кию, көпшілік орынға бармай, үйде отыру сияқты талаптарды орындауда. Әрине, мұның барлығы сақтық шаралары. Мұны мемлекет тарапынан қабылдаған арнайы ереже екені және тәртіпке бағыну қажеттігі ескертілді. Сондықтан үйде отырған қыз-келіншектер ата-бабамыздан келе жатқан үйді адыраспанмен аластауды да әдетке айналдырғаны жөн. Себебі адыраспан – нағыз дезинфекция құралы. Ол ауадағы микробтарды жойып жібереді. Ал иісі аз уақытта кетіп, еш жерге сіңіп қалмайды. Бұл адыраспанның қасиеті.
– Бұрын мен жылына бір-екі рет қана үйді немесе ауырған баламды аластайтынмын. Қазір аптасына бір рет аластап жүрмін. Себебі елімізді дендеген аты жаман коронавирус ауруына тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы үйді микробтардан тазалау. Сондықтан адыраспанды жиі-жиі түтіндетіп, оның улы түтінін вирусқа қарсы дезинфекция ретінде қолданамын, – дейді жасы жетпістен асқан Зәуреш апа.
Ал қасиетті дінімізде адыраспан жайлы былай делінген: «Адыраспанның діни тұрғыдан ешқандай орны жоқ. Басқаша айтқанда дінге қатысы жоқ. Бірақ, медицина жағынан дезинфекция ретінде пайдалы екені айтылады. Діни рәсім ретінде емес. Адыраспан сияқты көптеген шөпті өртеп, көз тиген баладан айналдыру, яғни аластау жаиз болып табылады».
Жалпы киелі өсімдік деп саналатын адыраспанды пайдаланып болған соң, үйге жоғарғы жаққа іліп қояды. «Кие» ұлтымымыздың ұғымында құрмет сөзіне жақын келеді. Яғни, өсімдікке құрмет көрсету, оның ең алдымен емдік қасиетіне байланысты айтылса, екіншіден ата-бабаларымыз «киелі» деп атау беру арқылы ұрпағына өсімдік әлемін, жан-жануарларды сақтауды аманаттаған.
Халқымыз қаншама қиын тағдырды басынан өткергенімен, бекем бірлікті жоғалтпады. Соның арқасында барлық қиыншылықтан өтіп, жарқын болашаққа ұмтылды. Қазақ халқын өзге халықтан ерекшелейтін қасиет те осында болса керек. Бар ауыртпалықты уақытша құбылыс деп қарап, оның алдын алуда қолыңыздан келетін сақтану ережесін өзіңізден бастап, өзгеге үлгі көрсетсеңіз, алынбайтын қамал жоқ.
Түйін. Әлемді дендеген, оның ішінде елімізде өрши бастаған жұқпалы вирустан қорғанудың амалы – тазалықты сақтау. Әсіресе қоршаған ортада, тіпті үстіңіздегі киімде бірнеше сағатқа дейін сақталатын індеттен арылу үшін әлсін-әлсін залалсыздандыруды қолға алу қажет. Ал қазіргі жағдайда түрлі химиялық қоспалардан да артық дизенфекция құралы ретінде адыраспанды қолдансаңыз нұр үстіне нұр болады. Оның пайдасы жөнінде жоғарыда айтып өттік. Енді байқап көріңіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ