Аластау – көнеден келе жатқан ырым
Ежелден келе жатқан салт-дәстүрдің бірі – аластау. Бұл рәсім көбіне тазарту, тіл-көзден сақтануды негізге алады. Осы күнге дейін наным сенімге ие рәсімді көбіне үлкен әже-аналарымыз, апаларымыз бәле-жәледен, қауіп-қатерден аластау үшін жасайды.
Қазіргі кезде бұл рәсімді кез келген жастағы әйел адамдар үйінде өзі жасай береді. Әсіресе аластау арқылы тұмау өршіп тұрған кезде үйдің ішін түрлі инфекциялық микробтардан тазартып алып жатады. Оттың көмегімен жасалатын рәсім кезінде «алас» сөзін айту міндетті. Аластау тек қана үйдің ішіне ғана емес малға, мүлікке де, адамға да қатысты ырым. Яғни адамға жабысқан дерт пен тіл-көзден аластау арқылы оның ауру сырқаудан айығып кетуіне ықпалы тиеді деп сенген.
Сонымен қатар көптен бері бала жатпаған бесікті пайдаланбас бұрын міндетті түрде отпен аластау кезінде «алас, алас, бәле-жаладан алас, тіл мен көзден алас» деген сөздер қоса айтылады. Мұны кез келген ана күнделікті сәбиін бесікке бөлер алдында жасауға да болады. Яғни, бос тұрған бесікті жын-шайтаннан аластау үшін «баланың ұйқысы тыныш болсын» деген наныммен арнайы жасайды.
Тек қана отпен ғана емес, киелі өсімдік адыраспанмен аластау үй ішін түрлі індеттен тазалауға себеп екені мәлім. Адыраспанмен мал тұратын қораны да аластап, жан жануардың амандығын, түрлі дерттің жоламауын тілейді. Сонымен қатар тұзбен аластау рәсімі де бар. Мұны әсіресе, «тұзы жеңіл», небір қиын сәтке ұрынғыш, жолы болмайтын адамдарға жасайды.
Отпен аластау кезінде «Алас, алас, баладан алас, түрлі-түсті пәледен алас, көзі жаманның көзінен алас, тілі жаманның тілінен алас, алас, алас, алас, қыла гөр Алла пәлеңнен қалас» деп айту дәстүрі қалыптасқан.
Негізінен бұрыннан отты кие тұту, оған қатысты небір ырымдар жасау салты туралы көз көргендер көп айтады. Әсіресе, келін түскенде, алғаш күйеу қайынжұртына келгенде отпен аластап жаңа босағаны аттату оттың құдыретін, киесін білдірсе керек. Бұл рәсім тек отпен ғана байланысты емес. Яғни лапылдап жанып жатқан отқа келін май құйып, оның үстіне алақанын тосып, бетін сипайды. Әруақтардың разылығына арнап шығарылған майдың иісі босағаны аттаған келіннің бойында имандылық пен тазалық болсын деген ырыммен жасалады.
– Аластауды үнемі жасап жүреміз. Бұл тазалықтың, имандылықтың белгісі. Адам болған соң көз-тіл тию деген болады. Әсіресе, үйде көп адам жиналып, ас-құдайы, той томалақ болғанда адамдардан жағымсыз энергия қалуы мүмкін. Ауру-сырқау да көп адам шоғырланған жерде жұққыш келеді. Міне, осындайда, үйді адыраспанмен аластап алу арқылы, түрлі микробтардан тазартып аламыз. Баланы бесікке бөлерде міндетті түрде отпен аластаймыз. Мұның барлығы – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Негізінен, киелі өсімдік адыраспанның иісі көп дертке де дауа, – дейді ақ жаулықты ана Хадиша Бердіқожаева.
Ескіден келе жатқан наным-сенім бойынша ұлтымызда қалыптасқан аластау дәстүрі қай кезеңде де өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Жалпы от шаңырақтың жарылқаушысы, желеп-жебеушісі ретінде айырықша қастерлі.
Бибісара ЖАНӘЛІ